23 тамызда елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Бұл сайлауда 145 депутаттық мандат сарапқа салынып, жеті саяси партияның 545 кандидаты бақ сынайды. Яғни орта есеппен бір мандатқа төртке жуық кандидаттан келеді.
Сайлаушы үшін «экономиканы дамыту», «әлеуметтік әділеттілік», «цифрландыру», «өңірлерді дамыту» сияқты ұғымдардың артында өте қарапайым сұрақтар тұруы мүмкін. Жалақы жеткілікті ме? Ауылда жұмыс бар ма? Баланың біліміне мүмкіндік қандай? Дәрігерге жету қиын емес пе? Үйдің бағасы қолжетімді ме? Ауыз су, жол, интернет төңірегіндегі сауалдар қашан оңтайланады? Осы аталғандар аясында қай партия қандай мәселеге басымдық беруде, соны саралап көрейік.
Құрылтай сайлауына қатысатын жеті партияның әрқайсысы қоғамдағы белгілі бір түйткілді негізгі бағыты ретінде алып отыр.
Мәселен, «Әділет» партиясы бағдарламасында заң мен тәртіп, әділетті экономикалық модель, әлеуметтік саясат, адами капитал, цифрландыру, өңірлерді дамыту, мәдениет және экология бағыттарын қамтыған сегіз мақсатты ұсынды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия «Прогресс жолындағы 20 белес» атты бағдарламасында әділетті мемлекет, адам мүддесіне қызмет ететін экономика, өмір сапасын арттыру және цифрлық дәуірге бейімделу талаптарын алға шығарды. Сонымен бірге білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, өңірлерді дамыту және экологиялық қауіпсіздік бағыттары қамтылған.
Қазақстан Халық партиясы да әлеуметтік саланы назардан тыс қалдырмайды. Партия өкілдері әділетті қоғам, экономикалық даму және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуді негізгі бағыттардың бірі ретінде атады. Соңғы сайлауалды кездесулердің бірінде зейнетақы мәселесі де талқыланды.
«Ауыл» партиясының бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, экология және дәстүрлі отбасылық құндылықтар қамтылған. Партияның мәліметінше, бағдарламаны әзірлеу барысында арнайы цифрлық платформа арқылы 75 мыңнан астам ұсыныс пен сұрау түскен.
«Байтақ» жасылдар партиясы экология, су қауіпсіздігі, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жасыл экономика және қоршаған орта тақырыптарын қозғайды. Партияның өзі су тапшылығы мен өнеркәсіптік ластануды ел алдындағы өзекті проблеманың бірі екенін айтады.
«Ақ жол» демократиялық партиясы кәсіпкерлік пен экономикалық саладағы сауалдарды жиі көтереді. Партияның соңғы депутаттық сауалдары арасында шағын және орта бизнеске салықтық қолдау, кәсіпке қысымды азайту, цифрлық алаяқтықтан азаматтарды қорғау, отандық өндірісті қолдау сияқты мәселелер бар.
Ал Respublica партиясы да сайлауалды бағдарламасын бекітіп, Құрылтай сайлауына қатысуға кірісті.
Ауылдарды дамыту» деген сөздің өзі ауыл тұрғыны үшін әртүрлі мағына беруі мүмкін. Бір адамға бұл – жол, екіншісіне – тұрақты интернет, келесіге – су болса, тағы бір жанға – баласына мектептен кейін жұмыс табу мүмкіндігі. Фермерге қажеті субсидия немесе өнімді өткізу болуы мүмкін. Демек, бір ғана «ауылды қолдаймыз» деген ұранның артында осындай ондаған мәселе тұр.
Сол сияқты «әлеуметтік әділеттілік» те бір адамның түсінігінде жалақы мен зейнетақы болса, басқа үшін баспана немесе сапалы медицина мен білім болуы мүмкін.
Уәде мен ұсыныс көп болғанымен, сайлаушы үшін бастысы – қоғамның күнделікті мәселелерін ескеріп, нақты шешімдерге жол көрсете алатын бағдарлама.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ





