Баспананы жалға алған кезде үй иесі тұрғынға тек шаршы аумақты емес, есікті кімге ашу керектігін шешу құқығын уақытша береді. Дегенмен көп жағдай келісімшарт шарттарына және баспана иесінің кіру себебіне тікелей байланысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кейде пәтерді жалға алушылар үй иелерінің рұқсатсыз келіп-кетуіне, заттардың орны ауысқанына немесе есік алдында жаңа тұрғындармен жүрген риэлторларға тап болып жатады. Үй иелері көбіне меншік құқығын алға тартқанымен, пәтер жалға берілгеннен кейін ол уақытша басқа азаматтың қолсұғылмайтын баспанасына айналатынын ескере бермейді.
Азаматтық кодекстің 540-бабына сәйкес, жалға алушы пәтерді уақытша иелену және пайдалану үшін алады. Үй иесі мүлікті иеліктен шығару және оған тиісті күтімді талап ету құқығын сақтағанымен, мүлікті пайдалану құқығы толықтай жалға алушыға өтеді.
Ата заңның 28-бабы бойынша баспанаға қол сұғуға болмайды. Тіпті пәтер иесінің өзі де тұрғынның еркіне қарсы ішке кіре алмайды. Қылмыстық кодекстің 149-бабында үйде тұратын адамның келісімінсіз заңсыз кіргені үшін жауапкершілік көзделген. Мұндай заңбұзушылық үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл (865 000 теңге), түзеу жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылады.
«24 сағат бұрын ескерту» немесе «айына бір рет тексеру» деген түсініктер заңнамада нақты бекітілмеген. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 23-бабына сай, тексеру жиілігі мен ескерту мерзімі тек екіжақты келісімшартпен реттеледі.
Сонымен қатар жалға алушының төлемді кешіктіруі, қоңырауға жауап бермеуі немесе уақытша басқа жақта болуы пәтерге рұқсатсыз басып кіруге негіз болмайды. Осы заңның 24-бабы бойынша, тұрғын үйде алты айға дейін болмауға құқылы. Төлем төленбеген жағдайда да үй иесі құлыпты өзгертіп, заттарды далаға лақтыруға құқысыз – мәселе тек сот арқылы шешіледі.
Тек өрт, газдың шығуы немесе су тасу сияқты апатты жағдайларда ғана Азаматтық кодекстің 34-бабына (аса қажеттілік) сәйкес пәтерге кіруге жол беріледі. Бұл ретте төтенше жағдайлар қызметі, полиция немесе басқарушы компания өкілдерінің қатысуымен акт толтырылуы тиіс.





