Минск қаласында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов бастаған қазақстандық делегацияның жұмыс бағдарламасы басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Алдағы күндері Беларусь Республикасы үш елдің төтенше жағдайлар жөніндегі ведомстволары арасындағы диалог алаңына айналады. Мұнда Қазақстан, Беларусь және Ресей ТЖМ бірлескен алқасының XIII отырысы өтеді. Бұл басқосу құтқарушылардың өзара іс-қимылын арттыруға негіз салады.
Жұмыс бағдарламасының алғашқы нысаны Беларусь ТЖМ-нің «ЗУБР» республикалық арнайы мақсаттағы жасағы. Мұрат Мұханов пен ҚР ТЖМ өкілдері арнайы құтқару бөлімшесінің тыныс-тіршілігімен, заманауи құрал-жабдықтарымен жақын танысты. Осыдан кейін үш елдің төтенше жағдайлар жөніндегі ведомстволары басшыларының кездесуіне дейінгі бағдарламаның практикалық бөлігі басталды. Түстен кейін делегация Минск қаласындағы тарихи маңызы бар нысандардың бірі Беларусь Ұлы Отан соғысы тарихының мемлекеттік музейіне аялдады.
Негізгі жұмыс Қазақстан, Беларусь және Ресей ТЖМ басшылары бір үстел басына жиналатын алқа отырысында жалғасады. Тараптар алдыңғы алқада қабылданған шешімдердің орындалу қорытындысын шығарып, өзара іс-қимылдың алдағы бағыттарын айқындайды. Күн тәртібінде құтқару қызметтерінің қазіргі жұмыс тәжірибесінен туындайтын өзекті мәселелер қаралады. Атап айтқанда, өрт сөндіру-құтқару техникасы мен технологияларын дамыту, электр көлігі бар нысандардағы өрттерді сөндіру ерекшеліктері, таудағы-құтқару қызметтерінің жұмысы және тау-кен құтқарушыларын даярлау мәселелері кеңінен талқыланады. Сонымен қатар, халықаралық сарапшылардың қолдауымен құтқару саласына бөлінетін 15-20 млн теңге көлеміндегі гранттық жобалар мен жабдықтауға арналған 2-3 млрд теңгелік инвестициялық жоспарлар зерделенбек.
Жұмыс отырыс залымен шектелмейді. Қатысушыларға Беларусь өндірісінде шығарылған өрт сөндіру-құтқару техникасы, жабдықтар мен жарақтар таныстырылады. Бүгін Қазақстан делегациясы Островец қаласына барып, Беларусь АЭС-іне аялдауды жоспарлап отыр.
Халықаралық деңгейдегі заманауи тәжірибе алмасу отандық азаматтық қорғау саласының дамуына соны серпін береді. Біріншіден, электр көліктері мен АЭС сияқты күрделі нысандардағы төтенше жағдайлардың алдын алу қауіпсіздік деңгейін жаңа сатыға көтереді. Екіншіден, құтқарушыларды заманауи техникамен жарақтандыру кез келген қауіп-қатерге жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.





