Елімізде есту қабілеті төмендеген азаматтар үшін медициналық көмек алу тәртібі айтарлықтай жеңілдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Енді есту аппараты қажет азаматтарға мүгедектік топты рәсімдеп, ұзақ бюрократиялық кезеңдерден өтудің қажеті жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа шешіміне сәйкес, сурдолог дәрігердің медициналық қорытындысы жеткілікті.
Бұған дейін арнайы есту аппараттары әлеуметтік қорғау жүйесі арқылы тек құлағы ауыр бұзылған, мүгедектігі ресми түрде расталған тұлғаларға ғана беріліп келген еді. Нормативтік өзгерістердің нәтижесінде бұл көмекті алатын тұрғындардың қатары едәуір кеңейді. Егер маман тексеру барысында аппарат тағу қажеттілігін анықтаса, құрылғы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйелері шеңберінде тегін ұсынылады.
Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Жанар Садуқова өз сөзінде дер кезінде жасалған емнің маңызына тоқталды:
«Есту қабілетін қалпына келтіру шараларын ерте бастау адамның өмір сапасын сақтауға, білім алуына, өзгелермен еркін қарым-қатынас жасауына және қоғамға бейімделуіне көмектеседі».
Құрылғыны алу жолы өте қарапайым:
-
Пациент сурдологиялық кабинетке барып, арнайы тексерістен өтеді.
-
Дәрігер есту қабілеті төмендеуінің деңгейі мен сипатын нақтылайды.
-
Медициналық қорытынды негізінде тиісті аппарат таңдалады.
Мемлекеттік бағдарлама аясында тек аппараттың өзі таратылып қоймайды. Қызметтер топтамасына пациенттің анатомиялық ерекшелігіне қарай жеке қалып құю, құрылғыны баптау, оны дұрыс қолдануды үйрету кіреді. Сонымен бірге, кепілдік берілген мерзімде және одан кейінгі кезеңдерде техникалық сервистік қызмет көрсету де қарастырылған.
Елімізде аудиологиялық скринингті цифрлық жүйеге көшіру арқылы балалардағы есту ауытқуларын анықтау көрсеткіші 3-4 есеге өсті. Ерте диагноз қою дәрігерлерге кохлеарлық имплантация немесе сүйек өткізгіш имплант орнату сияқты күрделі оталарды дер кезінде жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта министрлік сапалы халықаралық стандарттарға сай келетін құрылғылар тізімін бекітіп қойды. Алдағы уақытта жергілікті әкімдіктер қаржы бөліп, өңірлерде тендер арқылы сатып алу жұмыстарын жүргізеді.





