Қазақстанда балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар мен қант-тұзы мол өнімдердің жарнамасын шектеу бойынша жаңа заңнамалық бастамалар әзірленді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған бұл қадам Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасы негізінде жүзеге асып жатыр. Мақсат – агрессивті маркетингтің алдын алып, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында салауатты тамақтану әдетін қалыптастыру.
Ата-аналар мен мамандарды балалар арасындағы артық салмақ пен созылмалы аурулардың көбейуі қатты алаңдатады. Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 6-9 жас аралығындағы мектеп оқушыларының 23%-ы артық дене салмағынан зардап шегеді. Ал осы жастағы балалардың 6%-ына «семіздік» диагнозы қойылған. Бұған қоса, жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын жүйелі түрде тұтынады.
Мұндай өнімдердің парақшаларда, әлеуметтік желілер мен блогерлер арқылы жарнамалануы балалардың талғамына тікелей әсер етеді. Шектен тыс пайдаланылатын зиянды тағамдар денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме түсіріп, елдің болашақ еңбек әлеуетін төмендетеді.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева аталған шектеулердің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары мен халықаралық тәжірибеге негізделгенін атап өтті. Заңнамаға енгізілетін өзгерістер аясында мынадай шаралар қарастырылған:
-
Құрамында қант, тұз, қаныққан майлар мен трансмайлар мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын теледидар, радио, әлеуметтік желілерде және көшедегі сыртқы билбордтарда шектеу;
-
Басқарушылық және реттеушілік әсерге арнайы талдау жүргізу;
-
Білім беру орындарында салауатты тамақтану мәдениетін күшейту.
Бұл бастамалар тағам түрлерін сатуға толық тыйым салуды көздемейді. Шектеулердің негізгі мәні – маркеттер мен өндірушілердің балаларға бағытталған жарнамалық ықпалын азайту, олардың дұрыс таңдау жасауына қолайлы орта қалыптастыру.





