Еліміздің барлық өңірінде 15 тамыздан бастап тұрғын секторда өрттердің алдын алу, жылыту маусымында төтенше жағдайлар санын азайту және халықтың өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді.
Бұл бастама Төтенше жағдайлар министрлігінің үйлестіруімен іске асуда және ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып саналады.
ТЖМ мәліметінше, негізгі басымдық әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге берілген. Министрліктің аумақтық бөлімшелері 108 442 тұрғын үйді есепке алып, олардың қатарында 225 599 көпбалалы отбасы бар екенін анықтаған.
Осы санаттағы азаматтардың тұрмыс жағдайын ескере отырып, мамандар үй-жайларды аралап, жылыту пештері мен электр жүйелерін тексеріп, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін нысандарды анықтап отыр.
Акция барысында профилактикалық рейдтер белсенді жүріп жатыр. ТЖМ қызметкерлері тұрғындарға тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жылыту жүйелерін жөндеуге, электр сымдарын ауыстыруға және мұржаларды күйеден тазартуға көмек көрсетуде.
Мәселен, бүгінгі күнге дейін 226 018 тұрғын үйде профилактикалық жұмыстар атқарылып, 301 028 адамға нұсқаулық берілді. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде шамамен 19 мың үй өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендірілді.
Өрттің және газдың шығу қаупін ерте анықтау мақсатында тұрғын үйлерге арнайы датчиктер орнатылуда. Қазіргі таңда 11 259 датчик орнатылып, олардың көмегімен газдың немесе түтіннің қауіпті деңгейін дер кезінде анықтау мүмкіндігі артты.
Мұндай құралдар көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосады.
Бұл ауқымды акцияның басты мақсаты – жылыту маусымы кезінде тұрғын үйлердегі өрт қауіпін минимумға дейін төмендету, азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу.
Сонымен қатар ТЖМ мамандары тұрғындарды жеке жауапкершілікті арттыруға, тұрмыста қауіпсіздік ережелерін ұстануға және кез келген күмән туындаған жағдайда жергілікті ТЖД бөлімшелеріне жүгінуге шақырады.
«Жетісу-Ақпарат»





