Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік және экономикалық байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Түркияның белгілі SunExpress әуе компаниясы Измир – Астана бағыты бойынша жаңа тұрақты рейстерді іске қосуды көздеп отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Аталған рейстер аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері Boeing 737 ұшақтары арқылы орындалады. Жаңа бағыттардың ашылуы екі ел арасындағы азаматтардың қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, іскерлік сапарлар мен туризм саласының дамуына тың серпін береді. Сарапшылардың бағалауынша, соңғы 2-3 жылда халықаралық әуе бағыттарының артуы өңірлер арасындағы сауда көлемін 15-20 пайызға жоғарылатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 25 қазаннан бастап SunExpress Алматы – Измир бағытындағы рейстер санын аптасына екіден үшке дейін көбейтеді. Бұл шешім саяхаттаушылар үшін қосымша ыңғайлы жағдайлар тудырып, әуе билеттерінің қолжетімділігін арттырады. Бұған дейін қазақстандықтарға Дубайға қатынайтын рейстердің қайта жанданатыны туралы тағы бір жағымды ақпарат жарияланған еді. Елдің ірі әуе тасымалдаушысы Air Astana Біріккен Араб Әмірліктері бағытындағы рейстерін қайта іске қосып жатыр.





