Талдықорғанның төрінде тылсым тыныштық орнаған түн еді. Қара сөзге тоқтайтын, қасиетке бас иетін қазақтың көңілі бұл жолы үнсіз егілді. Көзден емес, жүректен жас сорғалады. І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының іші сыр берген сырнайдай үнсіздігімен сыр шертіп тұрды. Бұл кеш – сахна емес, экран сөйлеген, үнімен емес – үмітімен, түрімен емес – тұғырымен тебіренткен рухани күн еді.
Көрсетілген туынды – тек көркем фильм ғана емес, қазақтың ұмыт бола бастаған рухының қайта түлеген суреті. Бұл – Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған рух шырағы, ұлт ұмытпаған алыптың қайта оралған аруағы. Экранда тек палуан емес – тағдыр тұрды, тек күрес емес – күрсініс жатты, тек тарих емес – тағзым көрініс тапты.
Әр кадр көкірекке ұрған қамшыдай. Әр бейне – жүрекке құйылған қорғасын секілді ауыр, салмақты. Күнгейде күн тудырған Қажымұқан бейнесі – шындықтың шағылысы, ұлттың ұлы сағынышы. Ол арын аттап өтпеген, тектілігін тежеуге жол бермеген, кеудесін керіп өмір сүрмесе де ел үшін еңкеймеген ер.
Қажымұқан – қолымен шынжыр үзген балуан ғана емес, зұлмат заманда халықтың мойнындағы бұғауды үзуге ұмтылған рухтың алып символы. Ол – наркескен мінездің иесі, намысты қайрақ еткен хас баһадүр. Патша заманының паңдығы мен кеңес кезеңінің кісеніне қарамастан ол қазақтың жон арқасынан рухтың құрысын түсірмеген тұлға.
Фильмнің шынайылығы Қажымұқанның білегінен бұрын, жүрегін көрсетуінде. Жан жарасы мен замана зарын арқалаған палуан үнсіз күрестің, ішкі арпалыстың, халық үшін жанын шүберекке түйген шерменденің бейнесі. Оның әр күресі жалаң жұдырық емес, ұлттың жасырын жылауы.
Көрермен залы тебіреніс теңізінде тербеліп отырғандай. Жасы бар, жасамысы бар бәрі үнсіз. Бірақ бұл үнсіздік – құр тыныштық емес, тереңнен тебіндеген тағзым. Бұл – рух алдындағы ризашылық, ел алдындағы есеп. Ұлттың жүрегінен мұндай сәттерде тіл емес, жүрек сөйледі.
Біз Қажымұқанды бозала таңда бозкілемге шыққан балуаннан емес, халықтың үніне айналған рухтан таныдық. Ол әр қазақтың кеудесінде бұғып жатқан намыс пен қайсарлықтың көрінісі. Бүгінгі фильм – сол ішкі рухты қозғаған қамшы.
Қажымұқан – тарихтың қатпарында қалған ескерткіш емес. Ол ел жадындағы, ел жүрегіндегі мәңгілік сәуле. Аштықта адалдықты ұмытпаған, жоқтықта жігерін сатпаған, зұлматта жалыны өшпеген қайраткер. Оның өмірі ертеңгі күнге жолбасшы.
Жастық шағынан бастап, тегеурінді ер Қажымұқанға дейінгі сапар – бүтін бір ұлттың рухани шежіресі. Ол қара топырақтан жаралып, қара күшке емес, ақ адалдыққа сүйенген қаһарман. Алтын шынжыр тарих секілді мың үзіліп, көп жалғанған қазақтың өзі.
Бұл туынды тарихи десте ғана емес, ұлттық ескерту. Себебі, ұлт ұлына ие болмаса, түп-тамырынан үзіліп, арман-аңсарын жоғалтады. Сондықтан Қажымұқан атамыз ертеңнің емеуріні. Жүрекке мөр болып басылған елдік белгі. Ұлттық намыстың жалауы, қайсарлықтың қара шаңырағы.
Фильм аяқталды. Экран бір сәт қараңғылыққа оранды. Бірақ залда – үнсіз жарқ еткен үміттің оты тұтанып тұрды. Ол жанардағы жас емес, кеудедегі шоқ еді. Қажымұқаннан қалған сол шоқты үрлей алсақ – елдің ертеңі еңселі. Өйткені рухы өлмеген ел – ешқашан тізе бүкпейді. Қажымұқан – ұмытылмас рух, өшпес өнеге. Қажымұқан – қазақтың жанпида жалауы.
Санжар Сұлтанғазы