Елдің саяси жүйесі қоғамның сұранысына жауап бергенде ғана мемлекет тұрақты дамып, халықтың билікке деген сенімі нығаяды. Соңғы жылдары жүзеге асып жатқан конституциялық және парламенттік реформалардың басты ерекшелігі де азаматтардың ұсыныстары мен қоғамдық пікірдің мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісінде ескеріле бастауы. Бұл – басқарудың жаңа мәдениеті қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды үрдіс.
Парламенттік реформалар барысында азаматтық қоғам өкілдері ұсынған бастамалардың бірқатарына қолдау көрсетілуі осы өзгерістердің нақты көрінісі. Әсіресе аң шығарушы органға «Құрылтай» атауын беру туралы ұсыныстың қолдау табуы ұлттық құндылықтарды қазіргі мемлекеттік басқару жүйесімен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануға лайық.
Құрылтай ұғымы – ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер ортаға салынып, көпшілік келісімімен шешім қабылданатын кеңес алаңы. Ол халықтың бірлігі мен жауапкершілігін, ортақ мүддеге адалдықты білдіретін тарихи институт. Осы атаудың заң шығару жүйесінде жаңаша мазмұнға ие болуы өткенге оралу емес, керісінше, ұлттық саяси дәстүрді қазіргі заман талаптарына бейімдеу. Мұндай өзгеріс заңдардың халық мүддесіне жақындай түсуіне және қоғамдық сенімнің нығаюына ықпал етеді.
Кез келген реформаның түпкі мақсаты – мемлекеттік аппаратты күрделендіру емес, керісінше оның жұмысын барынша тиімді ұйымдастыру. Өкілеттіктердің нақты бөлінуі, жауапкершіліктің айқындалуы және шешім қабылдау үдерісінің жеделдеуі мемлекеттік басқарудың сапасын арттырады. Сондықтан жүргізіліп жатқан өзгерістерді жаңа лауазымдар құру немесе құрылымдарды өзгерту тұрғысынан ғана емес, елді басқарудың заманауи талаптарға бейімделуі ретінде қарастырған жөн.
Халықтың ұсыныстары ескеріліп, азаматтық бастамалардың мемлекеттік деңгейде қолдау табуы – демократиялық қоғамның маңызды белгісі. Мұндай тәжірибе қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді күшейтіп қана қоймай, әрбір азаматтың ел тағдырына ортақ жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Саяси реформалардың түпкі нәтижесі де осы – халықтың пікіріне сүйенетін, ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру.
Нұрсұлтан МҰСАХАНОВ,
№2 мектеп-интернатының мұғалімі
Талдықорған қаласы





