Мұндай мәлімет бертінде, еліміз дербес мемлекет атанған соң ғана шыға бастады. Ғылым тілінде «ақтаңдақтар» деп аталатын деректер топтамасы көптеген тағдырдың қасіретке толы өмірін кейінгіге жайып салды. Кезінде атын айтудан ағайыны алшақтаған тұлғалардың тізімі ұзақ, кітабы қалың. Солардың қатарында әйгілі атаман Дутовтың көзін жою операциясына қатысқаны үшін күміс сағатпен марапатталған Әбубәкір Жүнісов бар.
Алдымда 2 сурет жатыр. Оның бірі – жалынды жастық шақтың қызығы мен қуанышын қатар көріп, отбасы мен қызмет бақытының дәмін татқан, дегені жүріп, айтқаны орындалған жас маманның жанарындағы жарқыл мен жүзіндегі шуақты жасыра алмаған фотокарточка. Ол Алматы облысы, Іле ауданының Жаңалық ауылында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайда тұр. Большевиктердің әйгілі белсендісі, қызыл комиссар Ф. Джерзинскийге ұқсап сақал-мұрт қойған Әбубәкір Жүнісов 1919-21 жылдар аралығында Кеңес билігінің Жетісу жерінде орнауына үлес қосқан тұлға. Қытай асып, Сүйдін қаласына бекіген ақ офицері, атаман Дутовтың көзін жою операциясын нәтижелі аяқтап, коммунистердің арасында беделге ие жас қазақ Алматы қалалық қорғаушылар алқасының мүшесі ретінде түкірігі жерге түспейтін. Әйел, бала-шағасы, ағайын-туысы қолдауын тауып, жанынан үйіріліп шықпайтын кезі. Соның арқасында жаңа биліктің дәмін татып, жақсылығын көп көрді.
Арада жылжып жылдар, сусып күндер өтті. Көзқарастар мен ұстанымдар өзгерді. Қашқындар қуғыншыға, қуғыншы бүгежектеуге айналды. Қолына билік тиген шолақбелсенділер жақсы мен жаманды айырмады, тікелей кек алуға кірісті. Қолындағы малынан айырылған халық аштыққа ұрынып, көмусіз қалды. Қазақтың даласы мәйітке толып кеткенін, беті ашық жатқан өліктің қарға-құзғынға жем болғанын тарих айтады.
Осындай ауыр кезеңді бастан өткеріп, іштен тынған Әбубәкір Жүнісов 1938 жылы 18 наурызда қамауға алынады. Алматы облыстық НКВД-нің нұсқауымен тұтқындалған оған тағылған айып – «кеңес билігіне қарсылық көрсеткені және төңкеріс ұйымдастырмақ болғаны үшін» деп аталды. Ол кезде «үштіктің үкімі» деген бар еді. Яғни прокурор, милиция және сот өкілдерінен құралған топ айыпталған адамға үкімді өздері шығарып, ату жазасын тікелей орындай беретін. Елге белгілі адам болғандықтан Әбубәкірдің үстінен қозғалған қылмыстық істі Алматы облыстық соты қарап, 1939 жылы 21 шілдеде 10 жылға жаза кеседі.
Екінші сурет сол айдауда жүргенде түсірілген. Талдықорғандағы Жетісу облыстық полиция департаментінің ғимаратындағы «Генерал Ә. Болсамбеков» мұражайында тұр. Онда 1886 жылы 9 қыркүйекте Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында дүниеге келген Әбубәкір Жүнісов туралы шағын мәлімет қоса берілді.
Еңбекпен түзеу колониясында жүріп, талай қысымға куә болған қазақтың жүзіндегі айбар, сес тағдырдың салған тезіне мойымаған қайсарлықты, батырлықты паш етеді. Қанішерлер мен кісі өлтіруші қылмыскерлердің арасында арландығын айғақтаған, құдай берген қайрат пен қуатының арқасында өзін мойындатқан Әбубәкір Жүнісов Сталин қайтыс болған соң ғана, онда да 1957 жылы ақталады. Қазақ КСР Жоғарғы Соты кейіпкеріміздің ісінде қылмыстың белгісі болмағанына байланысты ақтау үкімін шығарады.
Міне, бір дәуірдің тарихын қалыптастыруға үлес қосып, шегаралық аймақты үрейде ұстаған атаман Дутовтың көзін жоюға қатысқан Әбубәкір Жүнісовтың тағдыры осылай өріліпті. Қалай болғанда да оның айтулы оқиғаның ортасында жүргені тарихи құжаттармен дәлелденген. Артында қалған әйелі Бүбіхан ерінің заттарын сақтап, Алматыдағы Орталық музейге өткізіпті. Балалары туралы мәлімет жоққа тән.