Театрға адам кейде қойылым көру үшін ғана бармайды. Өзіне таныс бір сезімді іздеп, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты сезіну үшін барады. Сахнадағы кейіпкердің тағдыры көрерменнің көңіліндегі әлдебір ойды қозғайды. Бірауыз сөз еске түсіреді, бір әуен жүрекке жетеді. Театрдың құдіреті де сол, адамның алдына өмірдің өзін қойып, ойлануға мүмкіндік береді.
Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында осындай ерекше кеш өтті. «Би апа» театры өзінің 51-ші театр маусымын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклімен ашты.
Ғасырлардан жеткен махаббат жырының жаңа маусымның алғашқы қойылымы ретінде таңдалуы да тегін емес. Өйткені бұл шығарма халық жадында сақталған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келетін мәңгілік махаббаттың, адалдық пен сертке беріктіктің символы. Қозы мен Баянның тағдыры талай буынның жүрегіне жол тартты. Олардың махаббаты арқылы адам баласына ортақ сезім- дер – сүйіспеншілік, достық, адалдық пен адамгершілік көрініс тапса, шығармадағы қатыгездік пен бақталастық, ішкі тартыс өмірдің екінші қырын танытады. Сондықтан ғасырлар бұрын айтылған жырдың бүгінгі көрерменге де айтары бар.
Қойылымның театр үшін тағы бір мәні – шығарманың сахна тарихымен сабақтасуында. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» театрдың алғашқы қалыптасу кезеңінде де сахналанып, көрермен ықыласына бөленген. Оның 51-маусымның шымылдығын ашып, қайта оралуы – театрдың өткенін бүгінгі шығармашылық ізденіспен жалғағандай әсер қалдырды. Жаңа қойылымда таныс жырды бүгінгі көрерменге өзгеше сахналық тілмен жеткізуге басымдық берілген. Ұлттық болмыс пен эпикалық драматургия өзара үйлесіп, музыкалық шешім, би, сахналық қимыл және шайқас көріністері қойылымның көркемдік қуатын арттыра түскен.

Театр директоры Ерлік Жуасбектің айтуынша, жаңа маусымның ашылуы жай ғана кезекті қойылымның басталуы емес, қалыптасқан кәсіби дәстүрді жалғастыра отырып, көрерменмен шығармашылық байланыс орнататын маңызды кезең. Осы тұрғыдан алғанда, көпшілікке жақсы таныс «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының қайта сахналануы өткенге оралу ғана емес, оны бүгінгі көзқараспен қайта пайымдау.
Қойылымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов сахналаған. Сценографиясын Ерлан Тұяқов жасап, музыкалық шешімін Гүлнұр Нұрасыл, музыкалық безендірілуін Арнай Азанбаев пен Медет Есбергенов, хореографиясын «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Салтанат Сұңғат, сахналық шайқас көріністерін Ернар Мекабаев әзірлеген.
51-маусымның алғашқы кеші осылайша көрерменді тек белгілі бір махаббат хикаясымен қауыштырып қойған жоқ. Театрдың уақыт өткен сайын өзгеріп, жаңара отырып, өз тамырынан ажырамайтынын көрсетті. Себебі сахнадағы шығарма қанша жыл өтсе де адамға әсер ететін негізгі сезімдер өзгермейді.
Кеше айтылған жыр бүгінде жүрекке жетсе, оның себебі адам табиғатының өзгермегенінде. Қозы мен Баянның арманы, адалдығы, бақытқа ұмтылысы бүгінгі көрерменге де таныс. Театрдың міндеті де осындай ескі жырды қайталап қою емес, оның ішіндегі адамға ортақ шындықты қайта тірілту.
Сарби ӘЙТЕНОВА





