Тамыз айының екінші жексенбісінде елімізде Құрылысшылар күні аталып өтеді. Осыған орай Талдықорғандағы Тіл сарайында ұйымдастырылған салтанатты жиында аймақтың құрылыс саласында жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетіліп, үздік қызметкерлер мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөліне ерекше тоқталды.
Құрылысшы мамандығының қоғамдағы орны айрықша. Қалалардың көркеюі, тұрғын үйлердің бой көтеруі, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның дамуы – құрылысшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондықтан облыста құрылыс саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, – деді Әлібек Әскербекұлы.
Оның айтуынша, биыл әлеуметтік сала мен тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға ұлғайған. Соның нәтижесінде 90 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 64-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Оның ішінде спорт саласында – 3, білім беру саласында – 7, денсаулық сақтау саласында – 12, мәдениет саласында 6 нысан ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 3309 пәтер пайдалануға беріледі, оның 1574-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған.
Әлібек Жақанбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек адамының мәртебесі туралы айтқан пікіріне тоқталып, құрылысшылардың қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті.
– Сіздер қыстың аязына да, жаздың аптабына да қарамай, уақытпен санаспай еңбек етіп, халыққа қажетті тұрғын үйлерді, мектептерді, балабақшаларды, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды салып келесіздер. Осындай ерен еңбектеріңіз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары аймақта 43 құрылыс компаниясы жұмыс істейтінін, олардың ішінде «АСК АуылҚұрылысы», «Жөндеу құрылыс», «AK Construction Company», «Нұр-Шапағат-Құрылыс», «Жаркент Алғыр», «Фирма Мега-Сервис», «Капитал Stroy Kz», «СП NEFT», «СЕМ – Шоғы Құрылыс – Сервис», «Көксу проект», «ВостокСтройЭнерджи», «Траст строй групп», «Еңбек-Қазына», «ЖетысуЖилСтрой», «Тек-Сапа Гарант» серіктестіктерінің облыстың әлеуметтік және тұрғын үй құрылысына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Жиында құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандар түрлі деңгейдегі мемлекеттік және салалық марапатқа ие болды. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мемлекеттік қызметтер және әкімшілік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Мұрат Егізбаевқа, «Арлан Жоба» ЖШС директорының орынбасары Гүлнар Құлмағанбетоваға және облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдос Күнесбаевқа табысталды. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық құрылыс саласы қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің «Құрылыс саласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Санжар Қабдыбекке, Денсаулық сақтау және коммуналдық шаруашылық объектілерін салу бөлімінің бас маманы Болат Ауғамбаевқа және «ETASA Qurylys» ЖШС-нің жоба жетекшісі Мирамали Демеуовке табыс етілді. Сонымен қатар сала қызметкерлері Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен, облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ облыстық құрылыс басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Темірлан Бектасов, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрылыс саласы қауымдастығының өкілі Салауат Дембаев және облыстық мәслихат депутаты, «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС директоры Жандолла Әбдімұратов сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Олар құрылысшы мамандығының қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, сала қызметкерлеріне мықты денсаулық, отбасыларына амандық және еңбектеріне толайым табыс тіледі.
Құрылысшының қолтаңбасы әрбір тұрғын үйден, мектептен, ауруханадан, мәдениет және спорт нысанынан көрінеді. Сондықтан бұл мереке – елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің, олардың кәсіби еңбегіне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі.
Сарби ӘЙТЕНОВА





