Сарыөзек гарнизонының шабуылдау бригадасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған әскери қызметшілердің балалары арасында сурет байқауы өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында: «Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру», — деген еді. Сондай-ақ, ең маңызды мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды іске асыруымыз қажет екенін айтқан болатын.
Дәстүрге айналдырған іс-шараны әскери қызметшілердің отбасылары мен жұмысты ұйымдастыру қызметі қолға алып, оған әскери қызметшілердің балалары мен олардың ата-аналары қатысты.
Шара басында балалар қарындаш пен акварель және гуашты пайдаланып, жақсы сурет салу үшін тырысып бақты. Сонымен бірге, оларға «Тәуелсіз Қазақстан», «Менің Отаным — Қазақстан», «Қазақстанның әсем қаласы» атты тақырыптар берілді. Одан өзге, балалардың суреттерінде отбасы мүшелерін, елорда мен еліміздің символдарын бейнеленді.
Конкурстық комиссия әр түрлі жас мөлшері бойынша әр баланың салған суретін қарап, тиісті бағаларын берді.
— Биыл Тәуелсіздігіміздің ордалы 30 жылдығын тойламақшымыз. Осы уақыт ішінде халықтың еркін санасы қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсіп келеді, — деді бөлімнің әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Айгүл Зиядинова. Сонымен қатар, шара аясында балдырғандар бөлімнің Даңқ мұражайын аралап, ондағы құнды жәдігерлермен танысып, бойларына жақсы әсер қалдырды.
Шара соңында жеңімпаздар анықталып, конкурсқа белсенді қатысқан балаларға алғыс айтылды, балаларға естелік сыйлықтар мен грамоталар тарту етілді.
Биыл еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Осындай өткізілген іс-шаралар салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырары анық.
Абзал САРТАЕВ,
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор
Алматы облысы





