Ескелді ауданына қарасты Елтай ауылындағы №114 сайлау учаскесіне «Дюсенбинов А.К.» шаруа қожалығының 25 қызметкерден тұратын ұжымы ұйымдасқан түрде келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері үшін сайлау – Конституциямен бекітілген сайлау құқығын жүзеге асырумен қатар, ауылдық аумақтардың өміріне, өндірістің дамуына және халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселелерге қатысты өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі.
«Дюсенбинов А.К.» шаруа қожалығы 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын өз жұмысын 30 гектар жер және екі техникамен бастаған. Содан бері шаруашылық айтарлықтай кеңейіп, бүгінде Айдын Дюсенбиновтің басшылығымен 500 гектарға жуық суармалы жерді игеріп отыр.
Шаруашылықтың негізгі бағыты – егін шаруашылығы. Мұнда соя, қант қызылшасы, дәнді дақылдар және мал азығы өсіріледі. 2025 жылы 285 гектар жерге соя, 140 гектарға қант қызылшасы егілді. Сонымен қатар шаруашылық ет және сүт өнімдерін өндіреді.
– Біз, ауыл тұрғындары үшін ауылды дамыту мәселелерінің үнемі назарда болғаны маңызды. Қабылданатын шешімдер жолдар мен инфрақұрылымның жағдайына, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға, адамдардың еңбек етуі мен өмір сүру жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан сайлауға келіп, өз дауысымызды беру – біздің жауапкершілігіміз деп санаймын, – деді шаруашылық қызметкерлері.
Бүгінде кәсіпорында қажетті ауыл шаруашылығы техникалары бар. Атап айтқанда, «К-700» және «МТЗ-1221» тракторлары, «Вектор» комбайндары, «КамАЗ» жүк көлігі және басқа да техникалар негізгі өндірістік жұмыстарды уақытылы орындауға мүмкіндік береді.
Шаруашылық қызметкерлерінің айтуынша, аграрлар үшін тұрақтылық пен жұмысты алдағы кезеңге жоспарлау мүмкіндігі аса маңызды.
– Біз жермен жұмыс істейміз және ауыл шаруашылығының дамуы қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бізге тұрақтылық, өндірушілерді қолдау және жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне жағдай қажет. Құрылтай депутаттары бұл мәселелерге лайықты көңіл бөледі деп үміттенеміз, – деді шаруа қожалығының қызметкері.
«Жетісу-Ақпарат»





