1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты бірқатар шекара басқармаларында балаларға арналған кең ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, осы кезеңде рухани және тарихи бағыттағы маңызды тәрбиелік шаралар да өткізілді.
Балалар мерекесі – шаттық пен жылылықтың жаршысы
Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Қорғас» шекара бөлімшесінде және радиотехникалық бақылау пунктінде бүлдіршіндерге арналған концерттік бағдарламалар, ойын-сауық сайыстары мен шығармашылық байқаулар өтті. Балалар ән айтып, би билеп, түрлі ойындарға қатысып, тәттілер мен сыйлықтарға ие болды.
Алакөл ауданында Әйел әскери қызметшілер кеңесінің бастамасымен өткен ауқымды мерекелік кеш те ерекше көңіл-күй сыйлады. Балалар мен ата-аналарға арналған бұл шарада өнер мен спорт сайыстары өткізіліп, мереке үлкен әсермен өтті.
Сонымен қатар, шекара басқармаларының жеке құрамы Алматы қаласына арнайы саяхат ұйымдастырып, бүлдіршіндерге зоопарк пен табиғат аясында серуен жасау мүмкіндігі сыйлады. Бұл – балалардың көңіліне қуаныш ұялатқан жарқын күндердің бірі болды.
Тарихқа тағзым – ұрпаққа аманат
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Алакөл ауданындағы «Достық» шекара бөлімшесінде тарихи-танымдық іс-шара өтті. Онда жеке құрам сол бір зұлмат жылдар жайлы деректермен танысып, тарихи жады мен патриоттық тәрбиенің маңызын ұғынды.
Руханият пен әдебиет – сарбаз тәрбиесінің алтын арқауы
Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты әдеби кеш те ерекше әсерге толы болды. Кеш аясында ақын шығармалары оқылып, көркем қойылымдар ұсынылды. Шекарашылар ұлы Абайдың мұрасын терең түсініп, рухани байлықпен сусындады.
Сонымен қатар, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бақытбек Бәмішпен өткен тағылымды кездесу сарбаздар үшін үлкен рухани серпіліс болды. Ақын отансүйгіштік, ерлік пен әдебиет туралы терең ойларымен бөлісіп, жеке құрамға рухани демеу берді.
Аталған игі бастамалар – шекара қызметі ұжымының жас ұрпаққа қамқорлық, рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосып жатқан үлесінің айқын көрінісі.