Ақсу ауданында Спорт күніне орай, «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында аудандық спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және жастарды дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыру.
Спартакиаданың ашылу салтанатына Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Ақышұлы қатысып, спортшылар мен жарысқа қатысушыларды Спорт күнімен құттықтады.
– Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, адамды тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін маңызды құрал. Ауданымызда бұқаралық спортты дамытуға, спортшыларымызға қолдау көрсетуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріліп келеді. Бүгінгі спартакиада қатысушыларға өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Баршаңызға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін, – деді Амандос Ақышұлы.
Шара барысында ауданның спорт саласына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен сала мамандарына құрмет көрсетіліп, оларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Аудандық спартакиада аясында қатысушылар спорттың бірнеше түрінен бақ сынап, өздерінің ептілігі мен шеберлігін, командалық бірлігі мен спорттық дайындығын көрсетеді.
Мұндай жарыстар салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, аудан тұрғындары арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, спортқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.
Спорт күніне орай ұйымдастырылған спартакиада – спортты насихаттап қана қоймай, ел бірлігін, азаматтық белсенділікті және адал бәсекелестікті дәріптейтін маңызды шаралардың бірі.





