Тіршіліктің нәрі, табиғаттың баға жетпес байлығы – су. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы да, халықтың әл-ауқаты да осы өмір өзегіне тікелей байланысты.
Су қорын қорғау, ұтымды пайдалану және келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу – аса маңызды міндет. Осындай жауапты істің басы-қасында жүрген мамандардың еңбегі көпшілікке көріне бермегенімен, олардың атқарған жұмысы ел үшін өте маңызды. Өз кәсібіне адал, жауапкершілікті жанына серік еткен мамандардың бірі – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті Балқаш – Алакөл бассейндік су инспекциясының Су қорын қорғау бөлімінің бас маманы – Сабира Жақыпбекова.
Кейіпкеріміздің су шаруашылығы саласындағы еңбек жолы 1996 жылы су ресурстары комитетінің жалпы бөлімінде аға инспектор қызметінен басталды. Жұмысқа деген адалдық пен еңбекқорлықты басты қағида еткен жас маман алғашқы күннен-ақ өзіне жүктелген міндетті тиянақты орындап, кәсіби шеберлігін шыңдай білді. 1999 жылдан бері Балқаш – Алакөл бассейндік су инспекциясында үздіксіз еңбек етіп келеді. Сондай-ақ үш онжылдыққа жуық уақыт ішінде мол тәжірибе жинап, су қорын қорғау саласының қыр-сырын жетік меңгерген білікті қызметкерге айналды. Әріптестері арасында жауапкершілігі жоғары, талапшыл әрі ісіне ұқыпты қызметкер ретінде құрметке де ие болды.
Қазіргі таңда су қорын қорғау бөлімінде бас маман – мемлекеттік инспектор қызметін атқарады. Бұл – аса мұқияттылықты, заңнаманы терең білуді және кәсіби жауапкершілікті талап ететін іс. Оның негізгі міндетіне су қорын қорғауға қатысты құрылыс және қайта жаңғырту жобаларын, жер телімдерін бөлуге арналған материалдарды, жобалау-сметалық құжаттарды, техникалық-экономикалық негіздемелерді, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарын қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қарап, келісу жұмыстары кіреді. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтердің азаматтар мен заңды тұлғаларға сапалы әрі уақытылы көрсетілуін қамтамасыз ету ісіне де белсенді үлес қосып келеді. Әрбір құжат соңында табиғатқа әсер ететін маңызды шешім тұрғанын жақсы түсінетін маман өзіне жүктелген міндетке әрдайым жауапкершілікпен қарайды.
– Су – табиғаттың ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ байлығы. Оны қорғау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз, – дейді Сабира Сейтқасымқызы.
Бұл сөз оның өмірлік ұстанымын айқын аңғартады. Себебі ол үшін су қорын сақтау – жай ғана қызметтік міндет емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Сабира Сейтқасымқызының су шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 30 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде өз ісіне деген адалдығының, табандылығының және кәсіби біліктілігінің арқасында саланың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімі жас мамандар үшін де өнеге.
Еңбек – адамды шыңдайтын, абыройға бөлейтін қасиетті ұғым. Өз ісін сүйіп, туған елдің табиғи байлығын қорғауға саналы ғұмырын арнаған Сабира Сейтқасымқызы секілді мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өйткені су қорын сақтау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың да жарқын болашағына қызмет ететін маңызды іс.
Ел игілігі жолындағы еселі еңбегімен ерекшеленген Сабира Жақыпбекова – кәсібіне адалдықтың, табандылықтың және жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Осындай еңбек адамдарының арқасында табиғат байлығын қорғау ісі жүйелі жалғасып, елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді.
Айгүл БАЙБОСЫН





