Текелі қаласындағы «Текелі Энергокешені» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасының орындалу барысымен таныстыру мақсатында баспасөз туры өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облыстық департаментінің өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Алдымен кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, өндірістік жұмыстардың қалыпты әрі сапалы жүргізіліп жатқанына көз жеткізген делегация жаңартылатын су құбырына арналған жаңа құбырлар сақталған аумақтың жай-күйін бағалады.
Кәсіпорынның 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында Шажа өзеніндегі су алу құрылғысынан жағалаулық сорғы стансысына дейінгі өздігінен ағатын су құбырының жерасты бөлігін кезең-кезеңімен ауыстыру көзделген. 1959 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан құбыр желісін жаңарту өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін маңызды.
Жобаның бірінші кезеңінде 2020-2021 жылдары 450 метр, ал екінші кезеңінде 2024-2025 жылдары 378 метр құбыр ауыстырылған. 2027 жылы ұзындығы 650 метр болатын аумақты жаңарту жоспарланыпты. Осы мақсатта биыл диаметрі 920 миллиметр, ұзындығы 12 метр болатын болат құбырларды жеткізуге «Айрон Снаб» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Жоба аясында барлығы 50 құбыр сатып алу жоспарланып, бүгінгі таңда оның 16-сы жеткізілген. Қалған құбырларды жеткізу жұмыстары жалғасуда.
Кәсіпорынның биылғы жылға арналған инвестициялық бағдарламасының жалпы сомасы 23,028 млн. теңгені құрайды. Құбырларды сатып алу және келесі жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу су құбырының сенімділігін арттырып, жылу электр орталығының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Баспасөз турының басты мақсаты – инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы жұртшылықты хабардар ету, сондай-ақ табиғи монополия субъектісі қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету.
Шара аясында жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп, қажетті материалдардың жеткізіле бастағанына куә болып, қолға алынған істің нәтижелі боларына сенім арттық.
Қажет АНДАС





