Қазіргі таңда қоғамда жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ажырасу. Бұл туралы жаңалықтардан да, әлеуметтік желілерден де жиі көреміз. Статистикаға қарасақ, Қазақстан ажырасу көрсеткіші жоғары елдердің қатарында. Осындай мәліметтерді көрген сайын ойланбай қоймайсың. Себебі ажырасу – жай ғана екі адамның екі жаққа кетуі емес, ол бір отбасының тағдыры.
Менің ойымша, ажырасудың нақты бір ғана себебі болмайды. Кейде оған материалдық қиындықтар әсер етсе, кейде бір-бірін түсінбеу, сенімнің жоғалуы немесе туыстардың шамадан тыс араласуы себеп болады. Сондықтан мұндай жағдайда бір ғана адамды кінәлау дұрыс емес. Әр отбасының өз басынан өткен жағдайы бар.
Дегенмен, ажырасудан кейін ең ауыр жүктің әйелге түсетіні байқалады. Көп жағдайда бала анасымен қалады. Анасы әрі бала тәрбиесімен айналысады, әрі отбасының тұрмысын ойлайды. Бұдан бөлек, қоғамдағы кейбір адамдар ажырасқан әйелге аяушылықпен немесе керісінше кінәлай қарайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Себебі біз ешкімнің өмірін толық білмейміз. Әрине, барлық ер азаматты кінәлауға болмайды. Баласына қамқор болып, әкелік міндетін адал атқарып жүрген әке көп. Сол сияқты барлық әйел де мінсіз емес. Кейде жауапкершіліктен қашатын аналар да кездеседі. Сондықтан адамның жақсы не жаман болуы оның әйел немесе ер екеніне емес, тәрбиесі мен адамгершілігіне байланысты деп ойлаймын.
Мені ойландыратын тағы бір мәселе – қоғамның ажырасқан әйелге деген көзқарасы. Ер адам қайта үйленсе, оны қалыпты жағдай деп қабылдаймыз. Ал әйел екінші рет бақытын іздесе, түрлі пікір айтылады. Мен мұнымен келіспеймін. Әр адамның бақытты болуға құқығы бар. Егер алғашқы таңдауы сәтсіз болса, бұл оның өмірі аяқталды деген сөз емес.
Бірақ ажырасудан ең көп зардап шегетін – бала. Ата-анасының ортасында өсуі керек бала кейде олардың түсініспеушілігінің құрбанына айналады. Марқұм Бейсен Құранбектің: «Біз ешқашан ажыраспаймыз. Себебі саған күйеу табылар, маған әйел табылар. Бірақ біздің баламызға туған әке-шешесін алмастыратын адам табылмайды», – деген сөзі осыны анық көрсетеді. Бұл сөз мені қатты ойландырды.
Меніңше, біреудің тағдырына сырттай баға беруге болмайды. Біз жағдайдың сыртын ғана көреміз. Сондықтан ажырасқан адамдарды сөкпей, керісінше түсінуге тырысқанымыз дұрыс. Халқымыз «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейді. Сондықтан отбасы құрар алдында адамды жақсы танып, үлкен жауапкершілікпен шешім қабылдау керек.
Ажырасу – ешкімнің арманы емес. Кейде ол өмірдің сынағы болуы мүмкін. Бірақ қандай жағдай болмасын, ең алдымен баланың болашағы туралы ойлау қажет деп есептеймін. Егер ерлі-зайыпты бір-бірін тыңдап, түсініп, сабыр сақтай білсе, көптеген отбасының шаңырағы шайқалмас еді.
Дана НҰРҒАЛИ,
Теректі орта мектебінің 11-сынып оқушысы
Алакөл ауданы





