Дәстүр атты қасиетті қайнарға зер салған сайын біздің көз алдымызға тарихтан тамыр тартқан сан түрлі құндылық елестейтіні хақ. Алайда сөз мәнісін зерттеп, бір ұғымның айналасында шығыршықты айналған тиындай тірнекті еңбек өткерер болсаңыз, қазақ философиясының мыңжылдықтардан тамыр тартқанын көресіз. Шындығында бір сөздің түпкі төркініне мән беретін исі қазақтың бүгінгі сөздік қолданысында ескерусіз қалып, айтылмай жатқан асылдары қаншама десеңізші?! Бастауы асқаралы әдебиет пен кемел ауызекі әңгімелерден өрбіп, мағынасы мен мәні мұзарттай мұнарлы ырым мен тыйымға барып тірелер осындай жүйелі сөздерімізді қазіргі уақыттың ұғымына лайықтап баяндау – парыз.
Біз өткен жолғы жазбамызда айшықтап өткендей, өмір мен өлім арасында ескеріліп-ескерілмей, айтылып-айтылмай келген дәстүрлі құндылықтарымызды «Талқы» сөзімен тереңдете зерделеуіміз керек еді. Алайда тарау-тарау жазбамыздың ендігі көшін қазақ баспанасының киелі орны – «Табалдырықтан» бастауды жөн санадық.
Рас, қазақ өз тұрмысындағы, бағзыдан бүгінге дейін жалғасқан әрбір затты қадірлеу мен қастерлеу аясында мейлінше бай өнеге қалыптастырған. Соның бірегейі – табалдырық.
Көшпелі жұрттың түсінігінде табалдырық – үйдің ең негізгі қорғаныш бөлшегі, адам баласының жер бесік пен ағаш бесік арасындағы тіршілік шекарасы. Сондықтан да бабаларымыз: «Табалдырықтан артық тау жоқ» деп мәтелдеп, оны басты қасиет тұтқан. Жаңа түскен келіннің де, оны мәпелеген құдалардың да ең алғашқы қадамы осы киелі межені аттаудан басталған. Ал бұған қатысты шыққан жоралғыны бабаларымыз «табалдырық аттар» деп атаған.
Түпкі тамырына үңілсек, ұл жақ құда түсе келгенде, қыз жеңгелерінің оларды үйге кіргізбей, «табалдырық аттар» кәдесін сұрауы – жай ғана көңіл көтеру емес, шаңырақтың құты мен киесіне көрсетілген құрметтің белгісі еді. Кәдесі өтелген соң ғана құдалар төрге шыққан.
Адам баласы жер бесіктен ағаш бесік арасындағы ғұмыр сүрмегінің белгісін, яғни тірі жүргендегі шығар күнделікті тауын «табалдырық» деп білген. Бұл орайда ғылыми еңбектерге зейін қойсақ әрі жазылып жүрген пікірлерге назар аударсақ: «Ұл жақтың адамдары құда түсе келгенде, қыздың жеңгелері құдаларды үйге кіргізбей табалдырық аттатпай тосып алады да, «табалдырық аттар бер» деп кәде сұрайды. Дайындалып келген құдалар көйлек-көншек, не ақша беріп, табалдырық кәдесін өтеп барып үйге кіреді, төрге шығады. Оны қазақ кәдесінде «табалдырық аттау» деп атайды», – деген жақсы, мазмұнды толғамдарға кезігесіз. Бұл шындығында біздің дәстүрімізде бар жоралғы.
Дана қазақта «табалдырықтан артық тау жоқ, кәдесін өтемесең одан асқан дау жоқ, жеңгеден озған жау жоқ» деп қалжың айтып кәде өтеп үйге кіруді жақсы салт, танысудың сыры, кісі сынаудың сыны еткен екен. Сонымен қатар бай мәдениетіміздің мәйегі болған «сөз қоржынға» зейін салсаңыз: «Табалдырықта бақ тұрады», «Табалдырықтың екі жағында тұрып қол алыспайды, ондай жерде жау болатын адамдар ғана қол беріп, сәлем алысады» деген сөз бар. Мұның мәні тереңде.
Шыны керек, бүгінде «Табалдырық аттау» жоралғысын өзгертіп, өңін айналдырып «Босаға аттау» деп те жазып жүргендер бар. Неге олай жазады? Қандай заңдылыққа сүйенеді? Бұл сұрақтарға аса мән бермей, бас ауыртпай жүрген этнографтарға таңымыз бар. Әр заттың өз орны, маңызы, қасиеті, атқаратын қызметі болатыны секілді, қазақ есіктің ең астыңғы бөлігін табалдырық атаған. Ал сол қасиетті құжыраға, яки үйге, шаңыраққа бастар есіктің екі жақтауын «босаға» деген. Есіктің оң, сол қанатын. Сонда аттайтын жеріміз не? Босаға ма? Табалдырық па? «Табалдырықты баспа» деп келетін ырым-тыйым барын атап өттік. Бұл ретте байырғы бабаларымыз бізге «Босағаны баспа» деп айтқан емес. Керісінше, «Босағаны керме» деп қатаң тыйым салып отырған. Бүгінде ел ішінде жиі айтылатын:
«Ақ босаға аттады,
Ашылды бір бақтары…» – деп келетін ән мәтіндері мен үлкендердің «Ақ босағамызды адалынан аттаған келін» деген жылы лебіздері – әдеби көркемдеу болғанымен логикалық тұрғыдан қателік. Осындай сәттерде сөз мәнін тәртіпке келтіріп: «Табалдырығымызды тектілікпен аттаған келініміз» десек, тілдік норма да, дәстүрлі заңдылық та өз орнын табар еді. Өкінішке қарай, бүгінде құдаларды табалдырық алдында күттіруді «ұят» санап, бұл бай дәстүрдің келместің кемесіне мініп бара жатқаны көңілге мұң ұялатады.
Дәстүрлі танымдық кітаптарды парақтап, этнографиялық зерттеулерге шұқшиғанымызда, қазақтың «Табалдырықта тұрма» деген тыйымының артында үлкен қаралы хабар мен қайғының сілемі жатқанын аңғардық. Қазақта жау шапқанда немесе кісі қайтыс болғанда ғана хабаршы атты ақ көбікке көпіртіп, «бауырымдап» жеткен. Сондай қаралы сәтте жөн білетін хабаршы қара шаңыраққа бас киімін қолына алып, дыбыссыз кіріп, төрге озбай, табалдырықты басып тұра қалатын болған. Үйдегі үлкендер оның осы кейпін көріп: «Тақиясыз, табалдырық басып тұрғанына қарағанда, бір боздағымнан айырылдым-ау» деп қаралы хабарға іштей бекініп, жүрегін дайындаған.
Белгілі ақын, жазушы Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты кітабында тарихшы, этнограф Досымбек Қатыран бұл құбылысты былай деп шегелейді:
«Жайшылықта ауылға қатты жүріспен келуге тыйым салынатынын әркім біледі. Оның мәнісі ерекше жайтты, хабар жеткізуді білдіретін. Яғни, ең әуелі іс-әрекетпен жаман хабарды естірткелі тұрғанын білдіріп, адамды оған дайындау қамы. Есікті керіп, табалдырықты басып тұрып, қаралы хабарды естіртіп, хабаршы келесі ауылға жөнелетін».
Қызығы сол, табалдырықтың бұл киелі қасиеті тек көшпелі қазаққа ғана емес, өзге халықтардың, соның ішінде славян жұртының да дүниетанымына тән. Орыс халқының көне нанымында табалдырық – тірілер мен өлілер әлемінің шекарасы. Сондықтан одан аттап тұрып зат берісуге, қол алысуға болмайды. Олар ежелгі заманда қайтыс болған адамдардың денесін табалдырық астына жерлегендіктен оны рухтар мекені санаған.
Бір ғана «табалдырық» сөзі мен оның төңірегіндегі ырымдардың астарында тұтас ұлттың философиясы, тіршілік пен бақилық дүниенің сабақтастығы жатыр. Өткенін зерделемеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Сондықтан сөз қадірін – өз қадіріміз деп біліп, дәстүрдің озығын келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу – бүгінгі буынның басты міндеті болмақ.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





