«Адалдық. Парасаттылық. Сенім». Дәл осындай атаумен Талдықорғандағы Салтанат сарайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаменті мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «TED Talks» форматында «Yerkin soile» алаңы өтті. Спикерлер белгілі айтыс ақындары Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан және превенция басқармасының офицері Мақпал Бекқұлова болды.
Қазіргі таңда қызу талқыға түсіп, елдің назарын аударып жатқан жаңалықтардың басым көпшілігі жаға ұстатады. Бала жастан берілген білім мен тәртіп болашаққа берілер бағыт-бағдар. Жас шыбықты қалай исең солай бағыт алып өсетіндей, тәрбиенің бесіктен басталатынын қазақ ертеден білген және солай тәрбиелеген. Бүгінгі ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – қоғамда болып жатқан зорлық-зомбылықтың алдын алу, рухани тәрбие бере отырып ойландыру. Еркін әңгіме форматында өткен басқосу келгендер көңілінен шықты.
– Жиындардың барлығы осы форматта өтіп жатыр. Пікір алмасу жиындары студенттердің арасында ғана болушы еді. Енді қазір мемлекеттік қызметкерлердің арасында кеңінен таралып келеді. Керек формат деп ойлаймын. Қоғамда қазір ақпарат көп. Әлеуметтік желі арқылы таратады. Адамдармен жүздесу арқылы, өңірлерді аралау кезінде мәселелер қаншалықты деңгейде қордаланып қалғанын сұхбаттасу аясында болмаса, әлеуметтік желі арқылы анықтау мүмкін емес, – дейді айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов.
Жиналғандар алдына шығып сөйлеген Жандарбек болған оқиғаны негізге ала отырып, көпшілігіміздің бойымызда жетпей жатқан тұсты да меңзеді. ЭКСПО-ға қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанда Астанада болған айтыскер такси шақырып, сол арқылы біраз ойға қалғанын айтты. «Жүргізушімен жол бойы әңгімелестік. Сонда сөз арасында ЭКСПО-ны жасап жатқан құрылысшыларға барып, жағдайын біліп, керек-жарағын түгендегенін айтты. Қараңызшы, жүргізуші белгілі бір ортаның емес, ұлттың мүддесін ойлап тұр. Ертең жан-жақтан мемлекеттер жиналады, ұлттың бейнесіне сын келмесін деп уақыт тауып сол жақты аралап көрген, құрылысшыларға сәттілік тілеген. Дәл осындай іс кез келгеннің қолынан келе бермейді және бәрімізге керек қасиет осы», – деді өз сөзінде жетісулық ақын.
– Өте бір жақсы шара болды. Бұған мәдениет басқармасының мұрындық болып жатқаны өте қуантарлық жағдай. Шынымен де жастардың елдің алдында сөйлеу, сөзді меңгеру деген қасиеттерін қалыптастырып, шеберлігін арттыру. Ең маңыздысы – жауапкершілікті алу, елдің жүгін көтеру, халықты алға сүйреу. Осы мақсатқа жеткісі келетін, сөйлеу мәдениетін үйренгісі келетін жастардың көп болғандығы қатты қуантады, – дейді Сырым Әуезхан.
Тәрбиелік мәні бар кеш облыс аумағында алғаш рет ұйымдастырылды. Жиынға жасөспірімдер ғана емес, орта буындағы азаматтар да келді. Дәл осы форматтағы жүздесу түрлі тақырыпта алдағы уақытта жалғасын табады.
Қали АСҚАР
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ





