Талдықорған қаласында таңғы сағат 07:00-де 63 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Олар дауыс беруге құқығы бар 136 866 қала тұрғынын қабылдауға дайын.
Биыл Талдықорған қаласының 1528 тұрғыны 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың қатарында сайлау күні кәмелеттік жасқа толған 9 жас бар.
Сонымен қатар қаладағы сайлаушылар арасында жасы 100 жылдан асқан үш ұзақ жасаған тұрғын бар екені белгілі болды. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, денсаулығына немесе жасына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар арнайы рәсім бойынша үйінде дауыс бере алады.
«Барлық сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дауыс беру үдерісінің ашық әрі заң талаптарына сай өтуі үшін барлық жағдай жасалды. Қала бойынша 136 мыңнан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар», – деді журналистерге Талдықорған қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділет Рымтаев.
Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Талдықорғандағы барлық 63 сайлау учаскесі кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.





