Қазақстанда ақылы негізде жоғары оқу орнына түсуді жоспарлаған талапкерлер үшін тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) өтініш қабылдау 25 шілдеде басталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Талапкерлер өтінішті онлайн режимінде app.testcenter.kz ресми сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы тапсыра алады. Негізгі тіркеу үдерісі 25 шілде мен 5 тамыз аралығында жүргізіледі. Ал сынақтың өзі 10-15 тамыз аралығында электронды форматта ұйымдастырылады.
Осы орайда Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге ыңғайлы жағдай жасап отыр. Онлайн тіркелу кезінде тест тапсырушылар сынақ өтетін орынды, күнді және уақытты өз таңдауы бойынша белгілейді.
Жыл сайын ұйымдастырылатын тамыз айындағы тестілеу, ең алдымен, жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсуді көздейтін азаматтарға оңтайлы мүмкіндік береді. Өткен кезеңдегі ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмаған талапкерлер өз бағын қайта сынап, білімін дәлелдеуге мүмкіндік алады.
Сынаққа мынадай санаттағы қатысушылар жіберіледі:
-
Биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері;
-
Шетелде білім алған отандастар мен қандастар;
-
Шығармашылық бағыттардан өзге даярлық салаларына немесе педагогикалық мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер;
-
Өткен оқу жылында шекті балл жинай алмағанына қарамастан, оқу орнына шартты түрде ақылы негізде қабылданған азаматтар.
Сонымен қатар бұған дейін тестілеуден өткен қатысушылар тамыздағы сынаққа өтініш беру кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгертуге құқылы. Ал колледжді аяқтаған түлектер өз мамандығы бойынша ақылы бөлімде білім алуды қаласа, ҰБТ тапсырмай-ақ, оқу орнының қабылдау комиссиясы өткізетін әңгімелесу нәтижесімен оқуға түсе алады.
Сынаққа сәтті тіркелу үшін қарапайым ережелерді сақтаған жөн:
-
Жеке кабинетке кіру: Талапкер app.testcenter.kz порталында немесе UTO.kz қосымшасында тіркеліп, өзінің ЖСН мәліметтерін тексереді.
-
Параметрлерді таңдау: Тестілеу орталығын, өңірді, қолайлы күн мен уақытты таңдайды.
-
Бейіндік пәндерді белгілеу: Таңдаған мамандығына сай келетін пәндерді нақтылайды.
-
Төлемді растау: Ақылы тестілеу қызметінің ақысын банктік қосымшалар немесе QR-код арқылы жүзеге асырады.
Құпия сөзді ұмытып қалған жағдайда UTO.kz қосымшасындағы Face ID функциясы арқылы кіруді қалпына келтіруге болады.
Мемлекет тарапынан беріліп отырған осы мүмкіндік талапкерлердің жоғары білімге қол жеткізуіне, болашақ мамандығын сапалы меңгеруіне оң ықпал етеді. Сондықтан құжат тапсыру мерзімін өткізіп алмай, өтінішті уақытылы жіберген абзал.





