Тау баурайындағы тұмса мекен Текелінің туризмді дамыту әлеуеті жылдан-жалға күшейіп келеді. Әсіресе, жазғы туристік маусым – Жетісу облысының басты экотуристік хабтарының бірі саналатын Текелі қаласының экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор кезең.
Жетісудың жасыл белдеуінде, қарт Қаратал бастау алатын Қора, Шажа, Текелі секілді үш бірдей өзеннің тоғысқан тұсында орналасқан шаһардың бірегей келбеті туристерді баурап келеді. Табиғаттың тамашасына ғана иек артып қоймай, туризм саласын өркендетудің тың тетіктерін іске қосу – міндет. Осы орайда биыл қала әкімдігі мен жергілікті бизнес өкілдері халықаралық стандарттарға сай туристік орта қалыптастыру және қызмет көрсету инфрақұрылымын жаңғыртудың кешенді жоспарын жүзеге асырып жатыр.
Қазіргі таңда қала аумағында тұрақты түрде жұмыс істейтін 22 туристік нысан бар. Оның ішінде 15 қонақ үй, 3 балалар лагері және 4 туристік шағын үй демалушыларға қызмет көрсетеді.
Өткен жылы ішкі туризм аясында қалаға келген 19,8 мың туристке 569,9 миллион теңгенің қызметі ұсынылса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай өседі деп күтілуде. Болжамға сүйенсек, 2026 жылғы жазғы маусымда Текеліге шамамен 24,7 мың турист келіп, туризм саласының табысы 712 миллион теңгеге жетпек. Бұл – өңір туризмінің тұрақты дамуы мен инвестициялық сенімнің айқын көрінісі.
Қаланың туристерді қабылдауға дайындығы ең алдымен инфрақұрылым сапасымен өлшенеді. Қазіргі уақытта қалаішілік магистральдар мен рекреациялық аймақтарға апаратын жолдар жөнделіп жатыр. Әсіресе, туристер жиі баратын Қора шатқалы бағытына ерекше назар аударылған. Мұнда жаңа жол таңбаларын жаңартып, заманауи навигациялық белгілер орнату жоспарланған.
Кешкі Текелі де енді бұрынғыдан әлдеқайда жарық әрі қауіпсіз болмақ. Саябақ аймақтарында, жағалаулар мен орталық көшелерде ескірген жарықтандыру жүйелерін кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл кешкі уақыттағы қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады. Коммуналдық қызметтердің күшімен және экологиялық бастамалар аясында қаланы көгалдандыру шаралары қолға алынды.
Текелінің туристік әлеуетіне инвесторлардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қалада жаңа буындағы туристік кешендер бой көтеріп, сервистік қызмет көрсету сапасы халықаралық деңгейге жақындауда. Спорттық-туристік кластерді дамыту аясында жеке кәсіпкер Р.Мартыненко 400 миллион теңге көлеміндегі инвестиция арқылы 50-ден астам коттедж салуды қолға алған. Бүгінде оның алғашқы 10 коттеджі іске қосылу сатысында. Бұл кешен болашақта тау туризмі мен отбасылық демалыстың маңызды орталықтарының біріне айналмақ.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін қалада бірнеше ірі нысан пайдалануға беріледі. Орталық саябақта «Потасов Н.Ю.» ЖК 400 миллион теңгеге ойын-сауық кешені мен жылына 10 мың келушіге арналған қонақ үй құрылысын жүргізуде. Ал «Электромарганец» ЖШС 550 миллион теңге инвестиция құйып, 20 орынды қонақ үй мен 100 орындық мейрамханасы бар туристік кешен салуда. Сондай-ақ 100 миллион теңгеге 20 орынға лайықталған «TAL HAUSE» қонақ үйі іске қосылады.
Жылына 10 мың туристі қабылдауға қауқары жететін «Nomad Village Tekeli» этно-туристік жобасы да Текелінің туристік брендіне айналғалы тұр. Әсіресе, сақ дәуірінің рухын жаңғыртатын моншалар кешені (140 млн. теңге) мен глэмпинг аймақтары (70 млн. теңге) табиғат аясындағы демалысты жаңа деңгейге көтермек. Бұл жобалардың барлығы жоғары жайлылық, қауіпсіздік және сервистік мәдениет қағидаттарына негізделген.
Текелі туризмінің басты символдарының бірі – Бұрхан-бұлақ сарқырамасы. Орталық Азиядағы ең биік сарқырамалардың бірі саналатын бұл табиғи ғажайып мыңдаған туристің армандаған бағытына айналған. Биыл сарқырамаға апаратын шамамен 31 шақырым автожолды қайта жаңарту жұмыстары аяқталмақ. Жалпы жобаның құны 13,8 миллиард теңгені құрайды. Жаңартылған жолдар мен туристік соқпақтар саяхатшылар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді маршрут қалыптастырады. Сонымен қатар экологиялық және трекинг туризмін дамыту аясында жаяу бағыттар жаңартылып, арнайы демалыс алаңдары мен бақылау нүктелері орнатылуда.
Текелі тек табиғатымен ғана емес, шипалы ауасымен де ерекшеленеді. Жергілікті шипажайда заманауи ем-дом шаралары ұсынылады. Бұл қалаға келетін туристердің қатарын тек саяхатшылармен емес, денсаулық іздеген демалушылармен де толықтыруда.
Мәдени-танымдық туризм де назардан тыс қалған жоқ. Қаланың кіре берісінде өндірістік шаһардың тарихынан хабар беретін шахтер мүсіні қарсы алса, ерте дәуірлерден сыр шертетін Будда бейнесі бейнеленген тасты да көргісі келетіндер аз емес.
Таулы аймақтағы туризм ең алдымен қауіпсіздікпен өлшенеді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар қызметі мен қала әкімдігі бірлесіп, туристік маршруттардағы мониторингті күшейтті. Құтқару бекеттерінің дайындығы тексеріліп, байланыс әлсіз аймақтардағы коммуникациялық жүйелер жаңартылуда. Бұл шаралар туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық талаптарға сай тұрақты туристік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Текеліні табиғат пен инвестиция, экология мен урбанистика, ұлттық рух пен заманауи сервис ұштасқан ерекше туристік бағытқа айналдыру қадамдары жасалып жатыр. Туризмді жүйелі дамыту арқылы Текелі ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі экотуристік брендіне айналуға ұмтылуда.
Салтанат ТОРТАЕВА,
«Текелі қаласының бизнесті қолдау және
туризм бөлімі» ММ басшысы





