Текелі қаласының іргесінде ондаған жыл бойы жиналған өндірістік қалдық тұрғындардың алаңдаушылығын туғызуда. Қорғасын-мырыш комбинатынан қалған улы күл мен ауыр металл қалдықтары ашық күйде жатыр. Жел көтерілген сайын шаң-тозаң саяжайға, тұрғын үйлерге қарай ұшады. Халық денсаулыққа зияны тиіп жатыр ма деп алаңдайды. Мамандардың өзі бұл маңды экологиялық аумақ деп отыр.
Текелідегі өндіріс 1965 жылдан бастап пайдаланылған. 2012 жылға дейін мұнда кен өндірісінен шыққан қалдықтар төгілген. Қазір қойма аумағы шамамен 70 гектарды алып жатыр. Ресми дерек бойынша, мұнда 34 миллион 500 мың тоннадан астам өндірістік қалдық жиналған. Тереңдігі – 67 метр.
Қоймаға шахтадан шыққан сулар әлі де ағып жатыр. Соның салдарынан улы көлшік пайда болған. Ал жағалауындағы құрғаған күл жел тұрған күндері ауаға көтеріліп, маңайдағы аумаққа тарайды. Әсіресе Қаратал жақтағы саяжай тұрғындары жиі шағымданады.
Текелі тұрғыны Нұрғазы Разбековтің айтуынша, жел көтерілгенде күлдің ізі кір жайылған аумақтарға дейін жетеді.
– Жауып тастаған дұрыс қой. Көбіне Қаратальск жағына қарай барады. Бізге емес, солардың іліп қойған кірлеріне дейін жұғады, – дейді тұрғын.
Ал тұрғын Болатхан Әбиев бұл аумаққа халықтың қорқынышпен қарайтынын жасырмайды.
– Жергілікті тұрғындар мұны «радиационный могильник» дейді. Кеңес кезінде көмген ғой. Қазір де «қара қазушылар» барып, темір-терсек іздеп қазады. Денсаулыққа өте зиян, – дейді ол.
Мамандар тұрғындардың алаңын негізсіз деп есептемейді. Облыстық Экология департаменті қоймадағы қалдықтардың құрамында қорғасын, мырыш және өзге де ауыр металдар бар екенін растады. Бұл заттар жел арқылы ауаға тараса, адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Облыстық Экология департаменті бөлімінің басшысы Ерасыл Бекжановтың сөзінше, мәселе экологиялық тұрғыдан өзекті.
– Бұл – экологиялық проблема. Себебі мұнда тек қорғасын мен мырыш қалдықтары ғана емес, ауыр металдар да бар. Желдің әсерінен шаң ауаға көтерілсе, қоршаған ортаға да, адамдардың денсаулығына да зиян келтіруі мүмкін, – дейді маман.
Ғалымдардың зерттеуінше, қорғасын мен ауыр металл бөлшектері адам ағзасына тыныс жолдары арқылы енеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қорғасынды аса қауіпті улы заттардың қатарына жатқызады. Ол жүйке жүйесіне, қан айналымына, бауыр мен бүйрекке зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе балалар мен жүкті әйелдер үшін қауіпті.
Текелі тұрғындарын алаңдататыны – қойманың әлі күнге дейін толық оқшауланбауы. 2020 жылы бұл аумақты рекультивациялау үшін 660 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба бойынша қойманың бетін топырақпен жауып, шаңның таралуын тоқтату көзделген. Алайда жұмыстағы кемшіліктерге байланысты жоба тоқтап қалған. Содан бері рекультивациялау қайта жалғаспаған. Осылайша жылдар бойы қордаланған экологиялық мәселе шешімін таппай отыр.
Экологтар бірнеше рет жергілікті әкімдікке хат жолдап, қойманы толық жабу қажеттігін ескерткен. Алайда қала билігі мәселені басқа жолмен шешуді жоспарлап отыр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қалдық құрамындағы түрлі түсті металдарды қайта өңдеу жобасы қарастырылуда.
Текелі қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Байсақовтың мәліметінше, «Хантаукен» компаниясы аумақтан сынама алып, зертханалық сараптама жүргізіп жатыр.
– Компания қараша айынан бері осы жерден анализ алды. Қазіргі таңда зертханаға өткізді. Қорытынды шыққаннан кейін мұнда жатқан түрлі түсті металдарды өңдеу мәселесі қаралады, – деді әкім орынбасары. Алайда тұрғындар нақты әрекет болмайынша, қауіп сейілмейді деп есептейді. Себебі бүгінгі күні өндірістік қалдық қоймасы ашық күйде жатыр. Жел тұрған сайын ауаға көтерілетін улы шаң мәселесі қала тұрғындарының күнделікті қорқынышына айналған.
Текелі – табиғаты көркем, тау етегіндегі қала. Бірақ кен өндірісінен қалған мұра оның экологиялық ахуалын күрделендіріп отыр. Бір кездері экономикалық дамудың көзі болған өндіріс орны енді халық денсаулығына қауіп төндіретін факторға айналды.
Экологиялық қауіптің алдын алу үшін мамандар қойманы толық рекультивациялау, аумақты қоршау, тұрақты мониторинг жүргізу және тұрғындарға ашық ақпарат беру қажет екенін айтады. Әйтпесе, жылдар бойы жиналған ауыр металл қалдықтарының зардабы алдағы уақытта одан да күрделі мәселеге ұласуы мүмкін.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





