Жетісу өңірінің тұрғындары ел болашағын айқындайтын саяси науқанға біркісідей қатысуда. Текелі қаласында өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары сайлау учаскелеріне барып, өз азаматтық таңдауларын жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Берекесі мен бірлігі жарасқан өнегелі әулеттер ел өміріндегі маңызды науқанда ерекше белсенділік танытты. Қасымовтар отбасы №449 сайлау учаскесінде өз дауыстарын берсе, Мұхановтар мен Бекбергеновтер әулеттері №452 сайлау учаскесіне барып, жауапты сәтте бірауыздан таңдау жасады.
Өңірдегі өнегелі шаңырақтардың саяси шараға толық құраммен қатысуы қоғамдағы отбасылық құндылықтар мен жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетеді. Саналы таңдау жасау – әрбір азаматтың ел келешегіне қосқан үлесі. Қоғамда беделі бар, ынтымағы жарасқан әулеттердің мұндай қадамы өскелең ұрпаққа үлкен тағылым береді.
«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары әрдайым елдік бастамалардың алдыңғы қатарынан табылады. Олар отбасылық дәстүрді дәріптеп қана қоймай, қаланың, облыстың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып келеді. Тұрғындар арасында сыйлы әулеттердің бұл әрекеті өзге де азаматтарды белсенді болуға жігерлендірді.
Отбасы – мемлекеттің берік негізі. Ал татулық, ынтымақ пен азаматтық белсенділік ел тұрақтылығының басты тірегі. Қасымовтар, Мұхановтар және Бекбергеновтер әулеттері өздерінің болашаққа деген сенімін сайлау учаскесіндегі таңдауларымен дәлелдеді. Жарқын келешекке ұмтылған әрбір отандасымыз үшін мұндай саяси науқандардың орны ерекше.
Еліміздің гүлденуі мен дамуы жолында әрбір дауыс маңызды. Өңір тұрғындарының бірауыздылығы мен ұйымшылдығы – әділетті әрі қуатты мемлекет құрудың басты кепілі. Шаһардағы сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Сайлау учаскелеріне келген тұрғындар өздерінің таңдауын жасап, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тіледі. Бұл саяси шара халықтың ынтымағын арттырып, ел болашағына деген сенімін нығайта түсті. Ел ертеңіне бейжай қарамайтын әрбір тұрғын өз құқығын тиімді пайдаланып, дауыс беруге белсене қатысуда.





