Қос палаталы Парламенттің орнына біртұтас Құрылтай институтының құрылуы – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды саяси қадам. Мұндай өзгерістің негізгі мақсаты – заң шығару үдерісін жеңілдетіп, шешім қабылдау уақытын қысқарту және халықтың мүддесін қорғау.
Бұған дейін заң жобалары Мәжіліс пен Сенатта бірнеше кезеңнен өтетіндіктен, кейбір маңызды бастамалардың қабылдануы ұзаққа созылатын. Ал бір палаталы Құрылтайда заң жобасы бір ортада жан-жақты талқыланып, артық бюрократиялық рәсімдер азаяды. Соның нәтижесінде қоғамдағы өзекті мәселелерге жедел әрекет ету мүмкіндігі артады. Мәселен, табиғи апат, экономикалық дағдарыс немесе әлеуметтік саладағы шұғыл өзгерістер кезінде жаңа заңдар мен түзетулерді қысқа мерзімде қабылдау қажет болады. Мұндай жағдайда Құрылтайдың ықшам әрі тиімді құрылымы уақытты үнемдеп, мемлекеттің жедел шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың мүддесін қорғауға және мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Құрылтайдың қызметі тек заң қабылдаумен шектелмей, қоғамдық пікірді саралап, мемлекет дамуының ұзақмерзімді бағыттарын айқындауға да үлес қосады. Әртүрлі өңірлер мен әлеуметтік топтардың өкілдері бір алаңда жұмыс істегенде, қабылданатын шешімдердің сапасы артып, олардың қоғам сұранысына сәйкестігі күшейеді. Кез келген саяси реформаның табысы оның атауына емес, жұмыс істеу тетігіне байланысты. Егер Құрылтай ашықтық, есептілік және заң үстемдігі қағидаттарына сүйеніп жұмыс істесе, ол азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтып, елдің тұрақты дамуына қызмет ететін заманауи саяси институтқа айналады.
Дәурен Оңалбаев,
облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры





