Уанас Алдиярұлы ХVІІІ ғасырда өмір сүрген даңқты батыр, қолбасшы. Қазақ-жоңғар шапқыншылығынан кейін атақты Абылай, Әбілпейіз сұлтандармен бірлесіп, қазақ қолына өткен Ұлы Жібек жолы бөлігін қайта қалыптастырып, қазіргі Жоңғар қақпасы мен Қапал ауылы арасындағы сауда жолының қауіпсіздігін бақылауда ұстаған. Уанас батыр сол сауда жолының тыныштығын қамтамасыз еткен.
Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылының шығыс жақ бетіндегі Шынжылы өзенінің бойында Ерназар деген ауыл болған. Осы елді мекеннің жоғарғы жағында «Уанас төбесі» аталған үлкен төбе бар. Сонда Уанас бабамыздың бейіті тұр. Кейбір деректерде Уанас батыр бейітін картаға түсірген ғалым, картограф Молдияр Серікбаев деп көрсетеді. Оның айтуынша, Жоңғар басқыншыларымен шайқасып, ерлікпен қаза тапқан әкесі Жаназар бастаған Уанас, Оспан, Түгелбайлар Шанышқылы руынан шыққан, алмағайып заманда Қабанбай батыр жасағына қосылып, жауға қарсы соғысқан батырлар деп көрсетеді. Біз бұл орайда Шұбартау төлеңгіттері (Желден-Мамыт) тармағынан тараған дара тұлға Уанас батырға тоқталайық.
Жоңғар хандығымен болған соңғы шайқаста қазақ жағы жеңіске жетіп, қалың жауды түре қуып тастайды. Арғы беттен Цин империясы шауып, өз ішінен тақ таласына түскен, ауызбірлігінен айырылған Жоңғар хандығы үлкен жеңіліске ұшырайды.
Алакөл жерінің тумасы болған соң бала күннен ақсақалдардан естіген шежірелерді, әңгімелерді тарихи деректермен салыстырып жүреміз. Шежіреші ауыл ақсақалдарының айтуымен жоңғарларды түбегейлі жеңген соң Жалаңашкөл маңында үлкен құрылтай өтеді. Орта жүз ханы Әбілмәмбет жиынды ашып: «Жауды жеңдік, енді бұл қазаққа не істемек керек, не айтар ойларың бар, ортаға салыңдар?» – деп сөз бастайды. Сонда Қабанбай батыр: «Қашанда көшпелі халық едік, отырақшы елге айналуымыз керек. Оған қоса «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында жан үшін батысқа үдере көшкен елді ежелгі ата жұртымен қауыштырып, Жоңғардан босаған шығысқа тез арада көшіруді қолға алу тиіс. «Бос жер жау шақырады» дегендей, мен өзім қалың қолмен осы жерлерде отырамын (Тоқта, Барлық, Жоңғар қақпасы), қытайлар шаппасына кім кепіл? Айтарым осы!», – дейді. Хан тағына үміткер Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз бен Абылай сөз алып, Цин империясымен бейбіт келісім жасасып, дипломатиялық қатынас орнату, сауда-саттықпен қатар Ұлы Жібек жолын қайта қолға алу жайлы ойларын ортаға салады.
Сол құрылтайдан кейін Абылай мен Әбілпейіз сұлтандар бірлесе талай істі игілігімен тындырады. Жаудан босаған жерлерге қалың елді көшіру ісі қолға алынғанына Орта жүз руларының әкімшілік басқару тәртібі жайлы құжат дәлел болады.
Тарихи деректерде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары батыс өңіріне «Елім-ай» әнімен зарлап босқан ел жайлы айтылады да, жауды жеңген соң қайта көшіп келгені туралы дерек келтірмейді. Бұл орайда студент кезімде (1994 жылдары) тарихшы, профессор Қасымбаев деген ұстазымыз: «Тарих сахнасында орны ерекше екі ұлы көш болды. Бірі – қазақ хандығына көшкен ел, екіншісі – жоңғар шапқыншылығынан кейін шығысқа қоныс аударған ұлы көш», – деп айтатынын қайтара еске салғымыз келеді.
Әбілпейіз сұлтан мен Абылай Қытай елімен дипломатиялық байланыс орнатып, Ұлы Жібек жолын қайта қалыптастыруды қолға алады. Бұл жайлы белгілі этнограф, ғалым, тарихшы Жамбыл Артықбаев мақалаларында айырықша жазған.
Шежірелік деректерге қарағанда, 1757-1758 жылдары Көкшетау өңірі жақтан қыпшақ, уақ руларының бір тармағын, найманның Қаракерей руының бір тармағын, Шұбартау елінен төлеңгіт руының бір тармағын қазіргі Алакөл ауданы, Қабанбай ауылын кесіп өтетін Шынжылы өзені бойына Қарабұлақ, Еңбекші, Қызылащы ауылы, Көкиірім тауы баурайына және Шұбарағаш, Үйгентас аталатын жерлерге қоныстандырған. Мақсаты – Ұлы Жібек жолын қайта қалыптастырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскер жасақтау, керуен жолында түйелерін азықпен қамту, ұстахана, керуеншілер түнейтін, түстенетін жайлар мен бекеттер салу еді. Әрине, осындай істерді атқару және бәрін бақылауда ұстау үшін үлкен басшы сайлау керек болды. Осы игі істерді атқаруға Шұбартау елінен келген Уанас батыр Алдиярұлы сайланады.
Кеңес заманында Ерназар ауылының (бұрынғы) орнында Уанас қақпасы аталған керуеншілер түсетін үлкен бекет болған. Дерекке сүйенсек, 10 гектардан аса жерді алып жатқан, Шынжылы өзенінің үстіндегі көпір арқылы жалғыз қақпамен кіретін бекет болған. Бекетте керуеншілер түнеп, азықтанып, демалатын. Бекет қызметкерлері керуеншілерді азықпен қамтыған, басқа да қызмет түрлерін көрсеткен. Қызмет түріне қарай керуен басшылары өз қаржыларын төлеп отырған. Сол бекеттен екі шақырымдай жердегі төбеде Уанас батыр қос тігіп, төңірегін бақылап отырады екен. (Кейін қайтыс болғанда сол төбеге жерленген).
Шежірелік деректер бойынша, Шұбартау елінен Алакөл, Ақсу жеріне Төлеңгіт руының Мамадайыр, Мамашық, Желден-Мамыт аталарының ұрпақтары келіп қызмет көрсеткен. Қолда бар шежірелік нұсқада Желден-Мамыт ата ұрпақтарынан Уанас, Қанай, Қонай батырлар мен Жанай (таз) және Темержін ата ұрпақтары Алакөл жеріне келіп қоныстанғаны көрсетілген. Ұрпақтары осы уақытқа дейін Қарабұлақ, Қызылащы, Қабанбай ауылының аймағында тұрып жатыр.
Уанас қақпасының Ерназар ауылы аталуы себебіне тоқталайық. Өз уақытында Ерназар батыр киіз үйде демалып, қапыда жатқанда босып жүрген қалмақтар бас салып, қол аяғын байлап киіз үйде тірідей өртеп жіберген екен. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіңірген еңбегін ескере отырып, Уанас қақпасы аталған бекетке Ерназардың аты берілген деген деректер бар. Ал осы Ерназар ауылы 1980 жылдарға дейін бұрынғы Андреев ауданының мал шаруашылығы бөлімшелері болды, кейін Шынжылы өзенін бұрып қант қызылшасын өсіруді қолға алғанда Ерназар ауылы сүріліп, егіс даласына айналды.
Ерназар ауылының бекет болғанын және Уанас төбесі (бейіті) жайлы Шынжылы өзенінің бойында туып-өскен Уақ руынан тараған 85 жасар ақсақалымыз Келіс Қалдыбеков талай айтып еді. Бала күнінде Ерназар ауылында болған, ақсақалдардан көптеген деректер естіген, 70-ті алқымдаған Ғазиз Сыздықбаев ағамыз да өз ойымен бөліскен.
Төлеңгіт руынан шыққан Уанас батыр жайлы шежірелік тағы бір деректерді келтірейін. Түркістанда отырған Әбілмәмбет ханның сарайында өскен төре әулетінің бала тәрбиесін Аталықтар басқарды. Аталық тәрбиесіне ханның ұлы Болат пен аталық Нияз батыр иелік жасады дейді. Аталық Нияз батыр Төлеңгіт Мамадайыр ата ұрпағынан. Сонда аталған аталықтар мектебінен өткен Әбілпейіз сұлтан, Уанас батыр, керек болса атақты Төле бидің Түркістанда қызмет еткенін ескерсек, Абылай да осындай мектептен өткенін байқауға болады.
Шежірелік деректерді ескеріп, оны тарихпен салыстырсақ, сөз етіп отырған Уанас батыр, Абылай сұлтан, Әбілпейіз сұлтан бірін-бірі бала кезден білген болуы керек деген қорытындыға келесіз. Оған дәлел Жоңғармен болған кезекті бір соғыста Уанастың ұлы Жаназарды Абылай үш күн тосыпты. Әскері: «Бір батырды күтіп отырамыз ба, жолға шығайық?» дегенде, Абылай: «Жаназар көзсіз батыр, жолын тосайық», – деп сенім артыпты. Сол шайқаста Жаназар батыр ерен ерлік көрсеткенде сүйсінген даңқты қолбасшы Қабанбай батыр: «Абылай айтқандай, көзсіз батыр екен» деп үлкен баға беріпті. Бұл Шұбартау Төлеңгіттері шежіресінде айтылады.
Негізінен, Желден-Мамыт тармағынан Алдияр, Молдияр атты екі ата, Алдиярдан Уанас батыр тарайды. Молдиярдан Қанай, Қонай, Жанай, Тақай деген төрт бала тараса, менің арғы бабам – Жанай. Маңдайы кең, селдір шашты болған соң жеңгелері «Таз» деп атаған екен. Содан «Жанай-таз» деп аталған. Уанас батырдан туған 3 ұл Ерназар, Жаназар, Құназардан тараған ұрпақтары Шұбартау елінде.
Алакөл жеріне Уанас батырмен бірге келген (белгілісі) Қанай, Қонай, Жанай (таз), Ерназар, Тебержін, Мамадайыр, Мамашық ата ұрпақтары. Сауда жолында керуеншілер мен басқа да қызметкерлерді азықпен қамтамасыз ету үшін мал шаруашылығын қолға алады. Мал өсірген соң Ойжайлау, Шұбарағаш, Үйгентас сияқты жерлерді жайлайды. Кейбір ұрпақтары сол өңірде әлі тұрып жатыр. Сауда жолы тек көктем, жаз, күз айларында жүргенін ескерсек, қыс қыстауын Көкиірім, Қызылашы, Қабанбай, Қойлық, Ақсу, Сарқан, Қапал аудандары аймағынан байқауға болады. Оған 1845 жылдары Орыс патшасының ғалымдары түсірген жер картасы дәлел. Сол картада аталған аталардың бейіті, қыстаулары анық көрсетілген.
Міне, ұлт тарихынан ойып орын алған Уанас батыр Алдиярұлы туралы азғантай толғамымыз осы. Бұл орайда біз келешек ұрпаққа үлгі-өнеге көрсете отырып, тарихи тұлғаның есімін, ісін қайта жандандыру мақсатында бабамыздың басына ескерткіш тас, «Уанас қақпасы», «Уанас төбесі» аталып кеткен тарихи жерлерге нұсқау белгілерін орнатуға ниеттеніп отырмыз. Алдағы уақытта осы айтылған шаруа шешімін тапса, баба аруағына бағыштап ас беру жоспарда бар екенін айта кеткен жөн.
Қанат ТҮНДЕБАЕВ
Талдықорған қаласы