Дәл осы жағдайға нүкте қою мақсатында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов бастаған депутаттар «Педагог мәртебесі туралы» Заңға бірқатар маңызды өзгерістер енгізуді ұсынды. Қазіргі ұстаздың ең үлкен проблемаларының бірі – есептің көптігі.
Бір ақпаратты бірнеше рет толтыру, бір деректі үш түрлі жүйеге енгізу, түрлі форматтағы есептер тапсыру – мұның бәрі мұғалімнің уақытын жеп, жүйкесін қажытады.
Асхат Аймағанбетов бұл мәселені ашық айтып, былай деді:
– «Қайталанатын есепке – тоқтау. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру. Бір жүйеге енгізілген дерек басқа платформаларда қайталанбауға тиіс». Бұл – тек қағазбастылықты азайту ғана емес, мұғалімнің жұмыс уақыты мен күшін үнемдеудің нақты жолы. Егер бір жүйеге енгізілген ақпарат басқа платформалармен автоматты түрде біріктірілсе, ұстаз өз уақытының басым бөлігін нағыз білім беру ісіне арнар еді.
Бүгінде көп мектепте мұғалімдерге әлеуметтік желіде парақша жүргізу, сабақтан фото немесе бейне жариялау талабы қойылып жатады. Көп жағдайда бұл – мектептің «жарнамасы» үшін, ата-аналар мен басшылықтың көңілін табу мақсатында жасалатыны жасырын емес. Алайда жаңа заң жобасында бұл талаптарға нүкте қойылады. «Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту», – дейді депутат.
Шынында да бұл – ұстаздың мәртебесін қорғау тұрғысынан өте өзекті қадам. Әлеуметтік желі мен чаттағы белсенділікті емес, сабақ сапасын өлшеу басты өлшем болуға тиіс. Мұғалімнің жеке уақыты – оның құқығы.
Қоғамда жиі кездесетін тағы бір келеңсіз жағдай – оқушының сабақтан тыс кездегі әрекеті үшін мұғалімді кінәлау. Бір жерде төбелес болса, бір бала ережені бұзса ата-аналар мен қоғам кінәні дереу мектепке, тіпті сынып жетекшісіне артады. Жаңа заң жобасы осы әділетсіздікке де тосқауыл қоюды көздейді.
«Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес», – деді Асхат Аймағанбетов. Бұл норма да педагогтің кәсіби шекарасын нақты айқындап, ұстаздың өзіне тән жауапкершілік аясын белгілейді. Мұғалім оқу орнында білім мен тәрбие береді, ал мектептен тыс болған жағдай үшін басқа құрылымдар жауапты болуы тиіс.
Көп жағдайда мектептегі тәрбиелік жұмыстың барлық ауыртпалығы мұғалімнің мойнына түседі. Ал ата-аналар баланың мінез-құлқы мен тәртібіне қатысты жауапкершіліктен қашқақтайды. Осыған орай халық қалаулысы бұл мәселенің де шешімі бар екенін атап өтті: «Тәрбие – ортақ іс. Бар ауыртпалық мұғалімге ғана түспеуі тиіс. Ата-аналар да жауапкершілікті бөлісуге міндетті болады». Яғни, мектеп пен ата-ана арасындағы келісім күшейтіледі. Баланы тек мектеп қана емес, отбасы да тәрбиелеуге қатысуы тиіс. Бұл өзгеріс қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Соңғы жылдары ұстаздарға қатысты қоғамдық қысым мен моральдық шабуыл көбейіп кетті. Кейде ата-аналар, кейде оқушылар тарапынан да мұғалімге психологиялық шабуыл жасалатын жағдайлар кездеседі. Мәжіліс депутатының айтуынша, жаңа заң жобасында мұндай әрекеттерге қарсы қатаң шаралар қарастырылған. Ол зорлық-зомбылыққа жол жоқ екенін, мұғалімдерді барлық қысымнан қорғаудың нақты механизмдері енгізілетінін айтты. Бұл – ұстаздың беделі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды бастама. Ал мұғалімнің қадірі артпай білім сапасы көтерілмейді.
Мұғалім – мемлекеттің іргетасы. Оның еңбегін жеңілдету – ел болашағын нығайту. «Педагог мәртебесі туралы» Заңға енгізіліп жатқан өзгерістер қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалса, бұл – ұстаз үшін де, қоғам үшін де үлкен жеңіс болмақ.
Сарби ӘЙТЕНОВА





