Алматы қаласында өтіп жатқан World Tennis Бас ассамблеясы аясында ұйым басшысы Дэвид Хаггерти II дәрежелі «Достық» орденін иеленді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жоғары мемлекеттік награданы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов салтанатты түрде табыстады. Беделді марапат Дэвид Хаггертиге халықаралық спорттық серіктестікті дамытуға, елдер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға және әлемдік теннистің өркендеуіне қосқан көпжылдық елеулі үлесі үшін берілді.
Салтанатты жиында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының Бас ассамблея қатысушыларына жолдаған арнайы құттықтауын оқып берді: «Осы беделді халықаралық форумның Алматыда өтуі әлемдік қауымдастықтың елімізге деген зор сенімі мен құрметін көрсетеді. Біз үшін мұндай мойындау – үлкен мәртебе. Бүгінгі жыл сайынғы Бас ассамблея серіктестігімізді одан әрі нығайтуға және осы спорт түрін бүкіл әлемде дамытуға ықпал ететініне сенімдімін».
Дэвид Хаггерти 2015 жылдан бері халықаралық теннис ұйымын абыроймен басқарып келеді. Бұған дейін ол АҚШ теннис қауымдастығының (USTA) президенті қызметін атқарған, ал 2020 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің белсенді мүшесі саналады. Марапаттау рәсімінде Қазақстан теннис федерациясының президенті, World Tennis вице-президенті Болат Өтемұратов мәртебелі қонаққа қазақ халқының құрметі мен қонақжайлығының белгісі ретінде дәстүрлі шапан жапты.
10-13 қазан күндері өтіп жатқан ауқымды жиынға 137 елден 262-ден астам делегат арнайы келді. Бас ассамблеяда әлемдік теннисті дамыту, балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру және ұлттық федерациялар арасындағы ықпалдастықты нығайту мәселелері кеңінен қарастырылуда.
Мұндай беделді спорттық форумдардың ұйымдастырылуы Жетісу өңірі сияқты аймақтарда да бұқаралық спорт пен теннис инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал етеді. Балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауылдар мен қалаларда заманауи спорт корттарын салу – өңір жастарының халықаралық аренаға шығуына кең жол ашады. Еліміздің спорттық беделінің артуы жас спортшыларға үлкен серпін береді.





