Катар астанасы Дохада Джорджтаун университетінің ұйымдастыруымен «MODEL UNITED NATIONS XVI» халықаралық конференциясы өтті. Оған Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қатысып, ел намысын қорғады.
Жастар форумына 108 елден келген 650-дей оқушы әлемдегі ең өзекті мәселелердің шешімін талқылады. Қазақстан командасының құрамында Семей, Алматы, Қостанай, Павлодар және Талдықорғаннан 42 оқушы қатысты. Конференция нәтижесінде Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ескендір Жансеңгір Джорджтаун университетінің бас хатшысы Nagla Abdelhady, сондай-ақ, GU-Q білім беруді дамыту жөніндегі менеджері Jibin Koshy атынан «Үздік дипломатиялық шеберлігі» номинациясымен марапатталды.
– Әрине, бұл конференцияға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе. Өзекті мәселелерді талқылау кезінде әрбір адам дипломат болуды үйренеді, тілін дамытады, дәлелдерді қолдануды және белгілі бір шегарадан тыс ойлауды үйренеді, – дейді Ескендір Жансеңгір.
Жастар конференциясына қатысқан Әмірлан Қайнарбеков: «Жиында Мысырдағы баспасөз бостандығы, 2022 жылғы Әлем чемпионатына дайындық кезіндегі жұмысшылардың құқықтарының бұзылуы кеңінен талқыланды. Конференция барысында талантты пікірсайысшылармен танысып, өзімнің сыни көзқарасымды айттым. Жалпы, біздің қазақстандық оқушылардың дайындығы жоғары деңгейде екеніне көз жеткіздім», – деді.
Конференция соңы мәдени кездесулерге ұласты.
«Жетісу-Ақпарат»





