Талдықорған: +24°C
$ 510.06
€ 566.32
₽ 6.32
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Жады жаңғырығы немесе Жәкем туралы ой-толғам

25.03.2025
КҮНДЕРЕК
Жады жаңғырығы немесе Жәкем туралы ой-толғам

Дүрия дүниенің шығыстан себезгіленіп атқан таң сәулесімен жанар  сусынын қандырған адам баласының көкірегіндегі асыл арман, мұрадым-мұраттың ділі мен тілі ұлттық құндылықтың уызымен отықса ғана Отанға опалы кісі болмақсың. Ғылым игерген, ілім-білімі жетілген жанның өзі тәлімсіз, тәрбиесіз қаншалықты іс қылмақ? Ойланасың. Әсіресе өмір суреттерін шынайы бейнелеуден ләззат алып, жан сарайы көкжиекпен астасса да шаһардың, заманның, қоғамның тепеңі арқылы тіршілік жалғаумен жақ жүні үрпиген орыс шенді-шекпенділерінен жерініп, өзінің Ясная Полянасына қашып кете беретін Лев Толстойдың бейнесі көзге елестейді. Өмірінің соңында атау-кересін сыздықтата ұрттап жатып: «Сен ұлы орыс әдебиетіне керексің, қалаға қайт, қаламыңды қолға ал» деп жазған Тургеневтің ақтық тілегіне илікпеді. Соңыра күллі жазғандарын рух сүзгісінен өткізіп, сан жылын сарп еткен туындыларының әлем халқын сүйсінткеніне де қарамай алаулап жатқан отқа орады… 

Жылдағы дәстүрмен Сарыжүрек шыңына шығып, өз туған жерімнің биігінен төмендегі ауыл-аймаққа көз тастаған сәтте талай толғанысты бастан өткерген едік. Жаздың саумал самалын салқын ауасымен құндақтаған түннің ұлы әлетінде алаулап жанған отқа арша бұтағын, шырша-шырғанақтың қурайын тастап қойып Толстойдың кітаптары қалай маздады екен деп тебірендік. Көз, көңіл қимайтын ұлы шығармалардан қандай кемшілік тапты? Француз жазушысы Ромен Ролланның «Толстойдың өмірі» атты мемуарлық шығармасында әлгі кеп, әлгі күй көркем суреттеледі. Синтездік талдау тұжырымдары сәтті шыққан. Десе де Толстойдың деревнясына қашып кете беруі – жан мен тәнді таза, рухты сергек ұстаудың қам-қарекетінен туындаған. Отанға опалы болудың, өзін рух тәліміне иліктірудің алғышарты еді. Оны дәуірлік мұрат арқаласқан ойшыл достары да лайықты деңгейде түсіне алмады.

Бұйра қайыңның безін, қарағайдың шайырын шоқта тұрған шәугімге салып сораптап сусын қандырған таудағы демалыстың нығыметі – ой-қырдағы жандарды, Толстойдан тартып талай тұлғаның оғаш қылығын, өмірлік ұстанымын ойлауға жол ашады. Тіпті, тағдыр жолында тоқайласқан қарапайым жандардан бастап, керім сәттерде кезіккен сырлы аяқтың сырындай бедері мен беделі қымбат жандар туралы ой безбендейсің. Сағынасың, «қандай күй кешіп, не істеп жүр екен?» деп ойлайсың.

Ой омартасына бал тұндыра тірліктегі көңілге қымбат адамдар туралы толғанғанда үнемі жылы жүрегіндегі жұмсақтықты жасырып, барынша қатал ұстаз болуға тырысқан Жанкүміс Жәмеңкені ойлап, шәкірттік сағынышқа салынып отырасың. Жұмыста жүріп болбырай-босап, жазуға ынта құрыған шақта Жәкеңнің қатқыл үні, қамшысы керек секілді сезінесің. Рамазан айымен тұспа-тұс келген наурыздың басынан-ақ әлгі күйді қайта таптық. Жазуға ынта кетті. Құдды Толстой қарт секілді туған ауылға безіп кеткім келіп, бір қайнатып, ширатып алар ұстаз әмірін, әлде бір ағаның ащы сөзін тіленгендей сеңсоқты санамен үн ұзаттық. Сондай бір сәтте: «Жәкем 70-ке келіп жатыр, шәкірттік міндетіңді өтеу парыз. Қаламыңды қолға алатын, Жәкең жайлы толғанатын кезің келді», – деген Жұматай Оспанұлының ілтипат сарынды сөзінен кейін ширап сала бердік. Біртүрлі жазғым келді. Жан сарайымда бұғынып жатқан жалқы сөзді бедерлегім, көп ешкімді іздей қоймайтын, өзіммен-өзім жүргенді қалайтын саяқ басым Жанкүміс Жәмеңке мен Алма Есенбаева сынды ұстаздарымды қатты сағыныпты.

…Жанкүміс Жәмеңке. Бұл есімнің балаң көңіліне барша әлемнің ақық арманын сыйдыра алған қиялшыл жастың жүрегінен қаншалықты орын алғанын тау басында талай толғансақ та салмағын бертінде толық түсіндік. Журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан біздің іргедегі «Jetіsý» газетіне іс-тәжірибеден өтуге келген кезіміз, сол жылы ата басылымның қызметкері ретінде жұмысқа орналасқанымыз санада сайрап тұр. Содан бері де аттай 10 жыл өтіпті.

Он жыл әріде Отанға опалы азамат болу, тұлғалардың өмірі мен қарапайым кейіпкердің жан дүниесі бізді еліктірді ме? Айта алмаймыз. Тәңір  берген талантты үдетсек, бойда бар жазуға деген іңкәрлікке қарай іс қылсақ деп қарманып, кеудені ұрып жүрген балаң көңіліміздің аспанында бір сәтте жай ойнады. Журналистиканың ұстаханасы атанған газетте еселі жылын еңсерген Жанкүміс Жәмеңке бар еді. Әрине, бұл санатта зейнетке шыққан, ардагер атанған, бүгінде газетті басқарып отырған жалынды журналистерді де атар едік. Десе де «Менің крышам» деп өзіне еркелейтін, арқа тұтатын Жәкемнің ұстаздығы үш тарау әңгіменің жүгі екенін жасыра алмаймын.

Әлгі жасын ойнаған аспанымыздың ақша бұлтындай төбемізден жаңбырын төгіп, күркірін үдеткен Жанкүміс Жәмеңке «апай», «тәте» деген сөзді жаратпай, бірден «Жәкем деп атаңдар!» деп кесіп тастаған. Бұл алғашқы таныстық рәсімінің әлқиссасы. Өзіңнен қырық жас үлкен адамның есімін еркелете атаудың өзі басында ыңғайсыздау көрінгенімен әмірлі көзқарастан, асқақ мінезден абдырап қалдық. Қабағын қатқыл түйіп барып артынан жымиып сала берер жайсаң жанның өз пәрменімен «Жәкем» деп тіл сындырдық.  Содан бері желісі үзілмеген «Жәкем» атауын жүрекке қондырып келеміз. Тобылғының тобығына да ызғар қатырар суықтығы дидарынан тұғыр сайлаған жанның тәрбие қамшысы жонымыздан осып өткен. «Балшық» деп атап, замананың кетігін тауып қалағысы келді. Міне, сол көз тастар көкжиектей көрінген ұстаздан негізгі үш қасиетті үйренгеніміз хақында толғанғымыз бар.

Әуелі Жәкем жазуға адалдықты үйретті. Қоңылтақсыған көңілдің ошағынан бықсыған пікір, көз ашытар қою ысы бар байлам көрсе жон таспаңның бір тілімін қамшысына сый қылғаның. Таза жазу, шындықты ғана арқау етуді қалады. «Әй, балшық, қайда жүрсің?» деп жиналысқа барған-келген уақытыңа дейін есептеп отыратын жауапкершілік жүгін сол жазуға адалдықтың алғышартындай көрді. Ұқыпты, тиянақты болуды жанарының сұсымен түсіндірді, түйсіндірді. «Қандай кітап оқып жатырсың?», «Бүгінгі нөмірді оқыдың ба?» дейтін бос отырған сәтіңді байқаған әлетте.

Қарап отырсақ, жадында жылқы жусап, тай кісінеп, жел соқса қайыңды өлкенің жапырақ сыбдырынан симфония түлер оттай жалынды, арынды қыз аналық жасқа қаталдықпен жетіпті. Алты айғы қыстың аяғына дейін ағашты отын қылар өлке табиғатының қытымыр мінезіндегі қаталдықты ұстаныпты. Алты қыз бен қара шаңырақтың иесі жалғыз ұлын балапандай баптаған, сұрапыл соғысқа бір аяғын беріп келген майдангер Қабдолдың осы қызы ерекше еңбекқор. Балаларының бәріне «Манас» жырынан бастап халық ауыз әдебиетінің, жыраулық поэзияның небір ғажап үлгісін оқытып, қазақ руханияты жауһарларымен таныстырған әке тәлімі танымына сіңіпті. Тұмса табиғаттың жай-күйін аспанға бір сәт сәп салумен-ақ болжайтын, төрт мезгілдің тосын келер тұстарын шежіре кеудемен күні-бұрын біліп отырар Қабдолдың әр баласы әдебиет уызымен қанықты. Десе де, әкеден руханиятқа деген іңкәрлікті оятып, Солтүстік Қазақстан бойынша одақтас елдердің жалғыз еңбек сіңірген мұғалімі Мағал Әлмырзаұлы Басыбаев есімді ұстаздан әдеби танымын кеңейткен Жанкүміс Жәмеңке анасының қазасынан кейін журналистикаға талпынған талапкер көңілін шідерлеп, әкесіне қарайласып үйде отырды. Аттай төрт жыл табан аудармай үйде отырып, шаруа баққанымен кейіннен «Торғай таңы» газетіне орналасты. Арқалықтың ақ таңына қош бол айтып Алматыға кеп оқуға түсті. Осылайша жүрегінде сақталған «Jetіsý» газетінен журналис- тикалық жолын мықтап бастады.

Өмірінің сүрлеу-сүрдегін, соқпағын термелеп бермесе де біз білетін, танитын Жәкеңнің тағдыр асығының тәйке тұрып, бүк-шік түскен сәттері бар. Соның бәрінде «самородный сары алтын» қалпынан танбай, адамдығын ақ жалау етіп жазуға адалдығын танытты. Қырық жылға таяу ата басылымның адалдық мінбесінде қаламын қару етті. «Jetіsýdyn» редакторы Пернебек Бейсеновтен санасақ, Мамадияр Жақыпов, Баймолда Мұса, Жақыпжан Нұрғожаев, Нүсіпбай Әбдірахым және Әміре Әрін сынды қаламгерлермен әріптес болды. Аталған алтаудан бөлек «Торғай таңы» газетінің редакторы Мәтен Бижановты есептесек, 7 редактормен газет ісінде маңдай терін шүмектеткен Жәкемнің бізге жазуға адалдықты үйретуі де – заңдылық!..

«Журналист болу – жиырма төрт сағат ой үстінде жүру. Тақырыптан тартып жазылар мақаланың түйініне дейін ұйқыдан тұра салып ойлануға тиіссің», – дейтін Жәкең еңбекқорлыққа үндеді. Газетке жұмысқа алынған әрбір «балшықты» еңбекқорлыққа баулыды. Журналистикалық даңғылында «Әкелер мен балалар» атты газетіміздің қимас қаламгері Шолпан Жұмәділова құрбысы екеуі жазған кітаптан бөлек бірнеше еңбек қалдырды. Әйгілі Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов шыққан солтүстіктегі қайыңды өлкенің алыптарының рухынан сомдалғандай көрінетін Жәкеңнің әр жазғаны оқырманның жүрегін тулатты. Ұжымда өзінің ұстанымымен бәрін сыйлатты. Анасы Рахила мен асқар таудай әкесі Қабдолдан дарыған адамгершіліктің ақ уызын бізге де дарытуға күш салды.

Иә, одан кейінгі үйренгеніміз туралы тереңнен толғауға тағатымыз, жазар мақаланың ауқымы асып кетерін шамалап отырмыз. Өйткені, Жәкең әрбір құндылықты тәптіштеп үйреткен ұлағат иесі. Бәріне мән беріп қарасақ, ол өз бойындағы ерекшеліктерді жас журналистердің жадына тоқуға талаптанған екен. 
Әрбір кейіпкерінің жай-күйімен танысып, пана тілеген, қоғамда адалдығын ақтай алмай жүрген жандарға журналист ретінде болысып, отбасылық құндылықты тәрк еткен жандардың күрмеуі қай тұста, шешімі неде екенін де сараптады. Газеттегі жайнақ, тағылымға толы арнайы беттерді жүргізді. Отыз жылдан астам уақыт  журналистикалық соқпағында саф дүниелерді сайратты. Бір жұтым судың қадірін қиырдағы ауызсуға зар болып отырған Африка балаларымен салыстырып: «Судың да сұрауы бар. Әр дүниенің қадіріне жетпейсіңдер! Неге?» деп ұрысқан кеппен ұғымымызға қондыруға тырысты. Осылайша бүгінде жетпістің желкенін керген Жәкем ұстаздық ғұмырында «Сары балшығына» үш қасиеттің мәні мен мазмұнын парықтатты.

Иә, кесек мінез, кербез жүрісті Жәкемнің жүзі суық. Қатал. Әмірлі. Бірақ мұның бәрі сырт көзге солай көрінер алдамшы дүние. Жанына үңілсең тоңы еріген топыраққа қаулап шыққан жауқазынды беткейдің жұмсақтығындай мақпалға малынған, манатқа бөккен даланы көруге болады. Кең дала. Ту ұстар тұлғаға да, бишіктен басы арылмаған құлға да пана болар саялы сайын дала. Жәкемнің жаны сондай кең, сондай мейірбан.

Мұқағали мен Фаризадан тартып бүкіл қазақтың кемеңгерін оқып, ғажап туындыларын кеудесіне қондырған Жәкем саудыраған жапырағын жоқтаған қайың бұтағы сыбызғы тартқан мекеннен жер жұмағы Жетісуға, Арқалықтан ақ бас таулары әкедей асқақ Алматыға табан тигізді. Маңдай терін шүмектетті. Ұлылардың көшіне көз тастай отырып азамат тәрбиесіне назар аударды. Ұлдарды ерекше жақсы көрді. Ер азаматқа құрметпен қарады.

Арман асығын иіріп-шиіргіш адамның тағдыры тәйкесінен түсе ме, бүк-шік құлаған сәттері көп бола ма, оны жазмышынан танып, тарихынан аңдауға негіз бар. «Келер күннің әр сәті тарих болып таңбаланады» деген ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның даусыз пікірінің астарында да осы жатыр. Соры қалың жұрт үстінен сонарға шыққандай кіл қасқырын, абаданын қырғындаған кешегі кеңестік кесапаттың да салмағын сезінген ерлердің еңсе тіктерлері аз қалған заманды бастан кештік. Ауыр дүниенің бәрінде азамат алғы шепке шықты. Қырғын соғыста тірі қалғандары әкесі Қабдол секілді сыңар аяқпен сырғи отырып Отанына оралды.  Шаңырағына бас болды.

Бүгінгі күнмен көз тастасаң Жәкеңнің әр қасиетіне сүйсінесің. Ер азаматты қадірлеу кемшін түсіп жатқан қоғамда әр шәкіртін «ұлсың» деп ұлылыққа, «азаматсың» деп адалдыққа жетеледі. Желтоқсанның ызғарында алаңда атой салған Шолпан Жұмәділова екеуі сол азаматтардың асылын тауып жазып, елге үлгі етті. «Әкелер мен балалар» туындысын парақтап-тарақтап отырып көңіл тебіренеді. Санатты әке мен қанатты ұлды ерге деген құрметі басым жандар айрықша бедерлепті…

Иә, Жәкем «Адамға әуелі білім емес, тәрбие қажет. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби сөзін өмірлік ұстаным еткен жан. Күні кеше оқыған американдық жазушы Кристин Ханнаның «Бұлбұл» романының кейіпкері Изабельге қатты сүйсінген едік. Жазушы роман соңында: «Тірлік деген ұлы күресте әйел қауымы екінші санатқа сырғиды. Қырғиқабақ соғыстарда да ерлердің ерлігі аспандап, нәзік жандылардың қаһармандығы соның көлеңкесінде қалады. Неге? Сол қаһармандық, тірлік ауыртпалығымен жан аяспас күресті әйелдер да бастан өткеріп, ерлік жасап жатыр…», – деп толғанады. Расында әрбір ерлік, еңбек, адамның кім екеніне қарамай лайықты бағалануы керек. Сарсаңға салған сан жылында адалдықты ту етіп, «Jetіsý» газетінің өміршең болуына өлшеусіз үлес қосқан журналист-ананың қаламгерлік майдандағы маңдай терін лайықты бағалауымыз қажет. Әсіресе соңынан ерген біздей шәкірттері.

Ақпанның аязындай қаталдықтың қамшысын алған Жәкең салған соқпақпен келеміз. Сол қатал қыс мезгілінде жер-ана дамылдап, тыңайып қалатыны, көктемде жоны манатқа малынатыны секілді, қатал тәрбиеден кейін адам да нұрлы өмірге жол ашады. Әлгі Толстой қарттың Ясная Полянасына қашатыны секілді алыптың алыптығын үйренбесек те, адами қызық хәліне еліктеп «Саржүрегім, қайдасың?», – деп жыл сайын туған жердің тауына қашып кететініміз рас. Сондай шақтарда ұлағатты ұстаз хақында осылай толғанған едік. Сол толғаныстың жібін жалғап тебіренген бұл шақта жанарынан ызғар атқандай түр танытып тұрып жүрегімен аялай құшақтайтын Жәкемнің махаббатын қайталай сезінгендей күйдеміз. Газетімізде отыз жылдан астам еңбек еткен, рухани анамыздай болып кеткен Гауһар Дүйсембаева (Гау апа): «Жәкең сені жақсы көреді», – деп сан рет сыбырлаған. Айбарынан кем көрмеген аяулы жанның сол ұстаздық мейірін біз де көңілмен түйсініп, көкірек көзімен көрдік, сезіндік. Журналистикалық әлемде жазудан бөлек осындай тәрбие берген Жәкем де, міне, жетпістің желкенін керер кемел жастың есігінен аттапты. Өзі өшпестей қолтаңбасын қалдырған «Jetіsý» газетіндей ғасыр ғұмырды еңсерсін деп тілейміз. Ұстаздық жолда биікті меңзеген мейірбан жанның сол ғасырлық тойына отыз жыл бұрын шашқан шашу ретінде жыр-лебізді арнауды жөн санадық… 

Ұстаз

Кірпіш қылдың балшықты шоқтан алып,
Бардан тасып көрмедім, жоқтан арып.
О, ұстазым, жетпістің мінбесінен
Ғасыр жасқа жеткізсін ақ таң алып.

Кірпіш қылдың балшықты шоқтан көсеп,
Отан сүю – кеудемде жатқан кесек.
Өзің салған сүрлеуден сүрінбеспін,
Жон арқама жатсам да жақпар төсеп.

Кірпіш қылдың балшықты қоздан тартып,
Ақ жаныма әз қолын созған уақыт.
Әр сәт сайын жазуға адал болып,
Толғамымды келемін сөзге аунатып.

О, ұстазым, ақ Жәкем – бір мектебім,
Ұмыттырған дүние дүрмектерін.
«Ұл» атына лайық боп жүрсем деген
Өзің айтқан сара жол, міндеттемін.

Кім біледі келер таң не берерін?
Көсегемнің білмеймін көгерерін.
Десе де сен үйреткен ар жолымен
Алға сүйрер шыңдарым, төбелерім.

Ардақтым-ау, ақ Жәкем, қатал анам,
Көңіл көзі сезім деп боталаған.
Не тілейін, ғазиз жан, жүрегіңді
Ғасыр жасқа құлпыртып апар аман…

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

 

Қатысты жаңалықтар

Бидай алқабының қысқаруы: Қазақстан ұнсыз, нансыз қала ма?

Бидай алқабының қысқаруы: Қазақстан ұнсыз, нансыз қала ма?

14.05.2025
Қазақстанда жаңа пәтерлердің бағасы өсіп жатыр

Қазақстанда жаңа пәтерлердің бағасы өсіп жатыр

14.05.2025
43 градус: ертең бірқатар өңірде аптап ыстық болады

43 градус: ертең бірқатар өңірде аптап ыстық болады

14.05.2025
Қазақы қалжың

Қазақы қалжың

14.05.2025
2060 жасөспірім түнгі уақытта көшеде жүрген: Жетісу облысында рейд өтті

2060 жасөспірім түнгі уақытта көшеде жүрген: Жетісу облысында рейд өтті

13.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.