Көшкентал ауылында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кезекті маңызды жоба жүзеге асты. Елді мекеннің көшелерін жарықтандыру жұмыстары толық аяқталып, жаңа жүйе пайдалануға берілді.
Жобаны «Kazakhstan Grand Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жұмыс барысында ауыл көшелеріне жалпы ұзындығы 7,34 шақырымды құрайтын жарықтандыру желісі тартылып, 205 жарықшам бағанасы орнатылды. Нәтижесінде елді мекеннің бірқатар көшелері заманауи жарықтандыру жүйесімен қамтылды. Жаңа жүйенің іске қосылуы, әсіресе, кешкі және түнгі уақытта ауыл тұрғындары үшін айтарлықтай қолайлы жағдай қалыптастырады. Балалардың кешкі уақытта үйіне қауіпсіз жетуі, тұрғындардың елді мекен ішінде еркін жүріп-тұруы үшін де көше жарығының маңызы зор.
Ауылымыздың көшелері жарықтандырылғанына қуаныштымыз. Бұл-тұрғындарға жасалған үлкен қолайлылық. Бұрын қараңғы уақытта жүру қиындау болатын. Енді көшелеріміз жарық әрі көрікті болып қалды. Мұндай жұмыстар ауылдың ажарын ашып қана қоймай, қауіпсіздігімізді де арттырады, – дейді ауыл тұрғыны Әсем Исатаева.
Жалпы, елді мекендерді абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту – ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Өйткені тұрғындардың тұрмыс сапасы тек ірі нысандардың салынуымен емес, күнделікті өмірге қажетті осындай қарапайым әрі маңызды инфрақұрылымның жай-күйімен де өлшенеді.
Жоба аясындағы барлық жұмыс толық аяқталып, жарықтандыру жүйесі ауыл тұрғындарының игілігіне берілді. Бұл – Көшкенталдың көркеюіне, ауыл инфрақұрылымының жақсаруына және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға жасалған тағы бір нақты қадам.
Г. Мұқашқызы
Ақсу ауданы





