Адам жаны – көзге көрінбейтін қазына. Оның жарасын таңумен қатар, көңіл кірін тазалау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Соңғы жылдары қоғамда психологиялық көмекке сұраныс артқан сайын бұл саланың айналасында ала-құлалық көбейді. Әлеуметтік желілерде өзін психолог, психокоуч, психопрактик деп таныстырып, ешқандай бейінді білімі болмаса да, адамның тағдырына араласып жүргендер жетіп артылады. Мұндай келеңсіздікке тоқтау салуды жұртшылық көптен күткен еді. Енді сол олқылықтың орны заңмен толығып отыр.
Қазақстанда психологиялық қызмет көрсету саласын жүйелеуге бағытталған маңызды құқықтық құжат қабылданды. Сенат мақұлдаған «Психологиялық қызмет туралы» Заңға Мемлекет басшысы 2026 жылғы 2 шілдеде қол қойды. Құжаттың мақсаты – халыққа көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын арттыру, саладағы кәсіби талаптарды күшейту, азаматтардың құқығын қорғау және өзін маман ретінде таныстыратын адамдардың қызметіне құқықтық тосқауыл қою.
Осы уақытқа дейін елімізде психологиялық қызмет көрсетуге қатысты бірыңғай талап пен нақты бақылау тетігі болған жоқ. Соның салдарынан қысқамерзімді курстардан өткен немесе ешқандай арнайы даярлығы жоқ азаматтар да өзін психолог ретінде таныстырып келді. Ал адамның жан дүниесімен жұмыс істеу терең білімді, кәсіби тәжірибені әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жаңа Заңда психологтердің кәсіби даярлығына қойылатын талаптар нақты айқындалды.
Енді мамандардың білімі мен құзыретін бағалайтын кәсіби стандарт қолданысқа енгізіліп, қызмет барысында басшылыққа алынатын Әдеп кодексі бекітіледі. Психологиялық көмек тек ғылыми негізделген әдістер арқылы көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар мамандар кәсіби біліктілігін тұрақты жетілдіріп, супервизиядан өтуі тиіс.
Заңдағы басты жаңалықтардың бірі – психологтарды сертификаттау жүйесінің енгізілуі. Бұдан былай маманның кәсіби даярлығы белгіленген талаптарға сәйкес бағаланып, Психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміне енгізіледі. Реестрге тіркелген әрбір маман өз қызметінің сапасы үшін жауап береді. Бұл азаматтарға сенімді маманды таңдап, оның кәсіби мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес бүгінде елімізде психолог мамандарын 43 жоғары оқу орны даярлайды. Қазіргі таңда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 17 мың студент білім алуда. Жыл сайын 4 мыңға жуық түлек осы салаға жолдама алады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, жаңа заң қоғамда көптен қордаланған мәселенің шешімін табуға бағытталған.
– Қазір кім көрінген травма, депрессиямен жұмыс істеп, өзін психологпын деп атап жүр. Қарасаңыздар, тіпті самса сату үшін де санитарлық кітапша қажет. Ал өзін «психологпын» деп атау үшін, психологиялық қызмет көрсету үшін осы уақытқа дейін ешқандай талап болған жоқ. Соның салдарынан қаншама отбасының шаңырағы шайқалды, қаншама жастың санасын улау фактілері тіркелді. Сондықтан біз «Психологиялық қызмет туралы» Заңды әзірледік. Енді өзін психолог деп атайтын әрбір маман міндетті түрде мемлекеттік реестрге тіркелуі керек. Ол үшін бейінді жоғары білім алып, арнайы даярлықтан өтуі қажет. Әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің тіркеу нөмірін көрсетуге міндетті. Бұл талаптардың бәрі адамның жанымен жұмыс істейтін маманның кәсіби даярлығын айқындауға бағытталған. Енді арнайы заң бар, арнайы рәсім бар, арнайы қорғау бар, арнайы жауапкершілік бар, – деді Асхат Қанатұлы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев сапасыз қызмет көрсеткен психологтарға қатысты азаматтардан жиі шағым түсетінін мәлімдеді. Мұндай жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына, тұтынушылардың құқығын қорғау мекемелеріне немесе сотқа жүгіне алады. Егер сот шешімі заңды күшіне енсе, тиісті маманды мемлекеттік тізілімнен шығару мәселесі қаралады. Оның сөзінше, бірыңғай реестр мемлекеттік органның есебі үшін емес, ең алдымен халыққа сенімді әрі ашық ақпарат ұсыну мақсатында жүргізіледі.
Заң күшіне енгеннен кейін бірқатар жаңа талап қолданысқа енгізіледі. Енді бейінді жоғары білімі жоқ адамдар өзін психолог деп атай алмайды әрі «психокоуч», «психопрактик» секілді атауларды қолдануына тыйым салынады. Психологиялық қызмет көрсету үшін міндетті түрде психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміне тіркелуі қажет. Сонымен қатар мамандар кемінде 5 жылда 1 рет біліктілігін арттыру курсынан өтеді. Заң психологтарға клиентке нақты нәтижеге кепілдік беруге де тыйым салады. Ал әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар арқылы қызмет көрсететін мамандар өздерінің мемлекеттік тізілімдегі тіркеу нөмірін, білімі мен кәсіби біліктілігі туралы мәліметті ашық жариялап отыруға міндеттеледі.
Жан саулығы – ұлт саулығы. Сол себепті бұл заң елдің рухани қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды құқықтық қадам. Жөн-жосығы айқындалған салада жауапкершілік те күшейеді, ал кәсіби маманға деген сенім де беки түспек.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





