Қазақстанда жасанды интеллект енді еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы шешімдерді қабылдауға көмектеседі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Цифрлық технологиялар мен цифрлық сауаттылық қарқын алған заманда мемлекеттік қызметтерді көрсету процесі айтарлықтай жеңілдеп келеді. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлім еткендей, жыл соңына дейін жасанды интеллект жүйесі тағы бес маңызды бағыт бойынша іске қосылады. Бұл жаңашылдық азаматтарға қолдау көрсетуді жеделдетіп, адами фактордың кері әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанында цифрлық интеллект жұмыспен қамту жүйесіне толықтай интеграцияланады. Бағдарлама жұмыс іздеп жүрген азаматтың біліктілігі мен түйіндемесін автоматты түрде талдап, оған лайықты бос орындарды ұсынады.
Жүйе әрбір тұрғынның дербес бейінін ескере отырып, қажетті мемлекеттік қолдау шараларын таңдайды. Сонымен қатар, азаматтың кәсіби еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейін айқындау кезінде де ақылды алгоритмдер іске қосылады. Бұл ретте цифрлық модуль медициналық деректерді дереу сараптап, шешім жобасын әзірлейді. Бұл – бюрократияны жойып, әлеуметтік көмектің ашықтығын камтамасыз ететін оң қадам.
Жылдың IV тоқсанында еңбек және әлеуметтік қорғау саласында ауқымды сандық үдерістер күтіп тұр. Цифрлық жүйелер арқылы төмендегідей жұмыстар автоматтандырылады:
-
Еңбек кітапшаларын тану: Сканерленген ескі құжаттардағы жазуларды цифрлық форматқа жедел көшіру.
-
Зейнетақы тағайындау: Жасына байланысты тиісті зейнетақы төлемдерін есептеу бойынша автоматты ұсынымдар әзірлеу.
-
Еңбек қауіпсіздігін бақылау: Еліміздегі өндірістік кәсіпорындардағы еңбек жағдайын сараптап, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу.





