Қаламгерлігімен қалың елге танылып қалған қараталдық Асхат Өмірбаев бүгінде сатира саласына да ат ізін салып жүр. Оқырман қауым оның бұл орайдағы туындыларын да жылы қабылдады. Соған орай газетіміздің сын-сықақ бұрышына оқырманға жас дарынның сатиралық әңгімесін ұсынып отырмыз.
Үйленген кезде хор қызындай болған әйелім соңғы кездері Алматының ауа райындай күрт өзгеріп сала беретін болды. Жаңбырдай сатырлап, Ебінің желіндей желпілдейтінін қайтерсіз. Осыған не жетпейді деп ойым онға бөлінді. Қатыным тоғыз ай көтерген баласын толғатқандай бір күні:
– Осы сенің мінезің қызық, – деп дүңк еткізді.
– Өй, қатын, не боп қалды? – дедім оқып отырған гәзиттен іннен шыққан саршұнақша басымды қылтитып.
– Не болушы еді, осы сен жұртты былай мақтап… көңілін көтеруді білмейсің!
– Жаным-ау, сені күнде торайым деп… торайы несі, торғайым деп еркелетіп жүрмін ғой.
– Мені емес, басқаны…
– Ойбай-ау, сенен басқа кімім бар дейсің? Елдің еркектері тоқал алып, сылқымдардың ернін сылып жүргенде аққудай адал жүрміз ғой осы.
– Сендердің бәрің бірдейсіңдер, – деп қатыным мақтадай аппақ арыма қара күйе жағып жіберді. – Қыз-қырқыннан басқа не ойлайсыңдар сендер?! Ана білім бөлімінде істейтін Гүлім ханымды…
– Е, оған не болып қалыпты? – дедім түк түсінбей.
– Кісімсіп, жөнді амандаспапсың. Мына баланы балабақшаға орналастыра алмай жүрміз. Ақын болғаныңды қайтейін, бір пайдасы тимеді ғой. Ұстаздар мерекесі келе жатыр. Гүлім ханымды мақтап, бір шумақ өлең шығарсаң өңешің созылып кете ме?! Әлде шабытыңа «шлагбаум» қойыла ма?!
Осы сөзді естігенде шылым шегіп тұрғанда біреу төбеме бензин шашып жібергендей селк ете қалдым. Ойпырмай, бұрын қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа деуші еді, XXI ғасыр қатындарының шашы қысқарып, ақылы ұзарған екен-ау! Айтып тұрғаны майдай шылқыған шындық. Әй, өзімнен де бар. Жұртқа қайырылмайтын тоң мінезімнен талай опық жедім. Әйелімнің ащы шындығы арқама аяздай батты. «Өзгерем, 180 градусқа өзгерем» деп өзіме уәде бердім. Түнде дөңбекшіп ұйықтай алмай, өлең жаздым.
Ертеңінде аудандық білім бөліміне жымиып кірдім. Тотыдайын таранған Гүлім ханымды мерекесімен құттықтап, бір шоқ гүлді ұсынып, шабыттанып, қолымды сермеп өлең оқыдым.
Гүлдей жайнап құлпырған, көктемдей боп әрқашан,
Келбетіңе көрікті талай жігіт тамсанған.
«РайОНО-ның» гүлісіз, ұстаздардың үнісіз,
Сізге ешкім жетпейді – сұлулықтың пірісіз! – деп қойып қалдым.
Әшейінде қабағынан қар жауып отыратын сылқым сұлу сөздеріме «сынып» қалды.
– Ой, Асеке, рахмет! Сіздің мұндай өнеріңіз барын білмеппін. Не бұйымтаймен келіп едіңіз?
– Бұйымтай болғанда…Үйдегі кішкентай тентекті балабақшаға…
– Болды. Бір «звонок» қой. Қалаған балабақшаңызға апара беріңіз.
Шын ба, өтірік пе, аузым аңқиып үйге қайттым. Келесі күні балам анау-мынаудың қолы жете бермейтін қала орталығындағы балабақшада ойнап жүрді. «Ойпырмай, бұл мақтаудың да пайдасы бар екен-ау!» деп ойладым. Дәніккен әйелім қойсын ба:
– Мына балаң бірінші сыныпты беске бітіре алмайтын болды, деп мен өліп, шашын жайып жоқтау айтқандай зарлап қоя берсін.
– Е, баға үшін оқымай-ақ қойсын, үшпен оқыған кластасым да депутат болып отыр ғой, – дедім әйелімді жұбатып.
– Осы саған бәрібір. Әлгі СЭС-те істейтін Әлмаштың боқмұрын баласы ежіктеп жүрсе де беспен шықты. Оның жанында Сәкөтайым жақсы оқиды ғой…. Түк білмейтін оқушыдан төмен баға алған балаға обал емес пе?! – десін жұлып алғандай.
– Не істейміз енді, орыс тілінен қиналып жүр ғой, сол пәннің керегі де жоқ еді баланың миын «шірітіп».
– Сенің гәзитте істегеніңнен не пайда?! Орыс тілі мұғалімін бір мақтап мақала жаза салсаң, қаламың қисайып қала ма?! – десін.
Қатын бір бастаса қоя ма, ертеңіне оқу жылы басталғалы көрмеген орыс тілі мұғалімімен танысып, көлдей мақала жаздым. Жеті атасынан бастап сыпыра мақтап, асылдың сынығы, тектінің тұяғы, түбі директор болатын ұлағатты ұстаз деп бір-ақ тоқтадым. Газет таңертең жұртқа тарап болғанша, үйге ұлым алып-ұшып кепті: «Әке, мен грамота алдым» деп. «Өте жақсы оқығаны үшін» деген бір парақ қағазын көрсетіп, көрімдікке екі мың теңгемді сыпырып алды. Паһ-паһ, мақтауға келгенде шеберлігім артып бара жатқанын сездім.
Жаңа жыл қарсаңында әйелім тағы «қылық» шығарып «Біздің мектептің завучі басқа мектепке директор болып ауысқалы жатыр, мен қайтсем да завуч болуым керек», – десін.
– Завууччч…
– Иә, қазір орынға 4-5 мұғалім таласып жатыр. Директордың көңілін табу керек. Қазір директорлардың құлқыны құдық, туған күнінде сыйлыққа 500 доллар бермесек, құр мақтауың құрғақ қасық болады, – деді.
– Бес жүз доллар… – Мен байқұс жарты жыл көз майын тауысып табатын ақшамды жоғалтып алғандай ішім ашып. – Одан да соғым басына шақыра салмаймыз ба?
– Директордың алдына пілдің басын тартсаң да конвертсіз іс бітпейді, – деді қатыным қынқ етпей. Ойбай, әйелдің айтқанын істемесең болмайды. Ызыңдап құлақ етіңді жей береді. Сосын миына құрт кірген қой сияқты мәңгіріп қаласың. Амал нешік, үйдегі бар тәуір киімімізді киіп, елуді еңсерген директор Дайдайгүлдің туған күніне құстай ұшып жеттік.
– Аса құрметті Дайдайгүл ханым! Көктемдей құлпырған жүзіңізді күн сайын көрудің өзі бір ғанибет екен! Сіздің арқаңызда мектебіміз аудандағы 30 мектептің ішінен бірінші орынды бермей келеді, – деді завуч болуға үміткер қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ақ конвертті қолына ұстатып: – Мінеки, туған күніңізге бір күшті көйлек алып киіңіз!
– Мектебіміздің мақтанышы, ұлағатты ұстаздардың ұстазы, білім ордасының еңсесін аудан емес, облыс көлемінде көтеріп жүрген Дайдайгүл ханым! Туған күніңізбен! Әдемі жүзіңізге көрік беретін алтын алқа алыңыз, – деп химия пәнінің мұғалімі ақ конверттің шетін қылтитты.
Кезек бізге келген. Лаборант болып жұмыс істейтін, технолог мамандығын сырттай бітіріп алған әйелімнің атынан сценарий бойынша директорды мен құттықтадым.
– Гүлдей жайнап, күндей айналамызға шуақ шашып жүрген Дайдайгүл ару! Көркіңізді сипаттауға тіл жетпейді, еңбегіңізді жырлауға жыр жетпейді. Сіз туғанда бекер бәйшешек гүлдеп, түнерген қара аспан шайдай ашылған жоқ. Демек, сіз кемеңгер басшы, көреген көсемсіз! Сан қырлы өнеріңізбен көп ұзамай білім департаментінің басшысы боларыңызға 100 пайыз сенімдімін, – дедім Нострадамусша бал ашып. – Мынау біздің кішкентай ғана сыйлығымыз – осы қыста натуральный шуба алып киіңіз! Жасасын, Дайдайгүл ханым! – деп қол шапалақтап жіберіп, бетінен шөп етіп сүйіп алдым.
Дайдайгүл ханымның екі көзі жайнап, конвертті төсіне сүңгітіп жіберді. Қолдары неткен епті еді, конвертті тартып қалғанда қолым омырауына кіріп кете жаздады. Жан-жағыма қарасам, «завуч» болуға үміткер мұғалімдердің қабақтары түсіп кетіпті. «Нокаут!» деді әйелім құлағыма сыбырлап.
Екі күннен соң көшеде келе жатсам, мені аса менсіне қоймайтын мұғалімдер қоғадай жапырып амандасып жатыр. Түк түсінбей беттеріне қараймын.
– Асеке, құтты болсын!
– Сіздің әйеліңіздің «завуч» боларын білгенбіз.
– Жумайсыз ба? – дейді енді бірі қиылып.
Ойпырмай, заман қалай жылдам құбылып сала береді, ә! Тілімнің тиегі босағалы шаруамыз шарықтап жүре берді. Бірақ сыртымнан пыш-пыш әңгіме көбейді. «Е, қызғанған соң айта береді» деп елемей жүре беріп едім, бір күні қатты ауырып мұрттай ұштым. Ыстығым көтеріліп, дем жетпей ауруханаға түстім. Денеме кірген дерттің шығуы қиын екен. Көз алдыма ақжелеңді дәрігерлер емес, аруақтар елестеді. Екі жыл бұрын дүниеден өткен қойшы атам келіп:
– Әй, атаңа нәлет! Әулетімізге неге кір келтіріп жүрсің?! – деп аса таяғымен бастан салып қалды.
– Ойбай, ата, жазығым не?! – дедім басыма тиген ауыр соққыдан есеңгіреп, қорыққаннан үнім дірілдеп шығып.
– Жағымпаз! Парақор, шірік неме! – деп жотамнан қайыра осып жіберді. Құлын дауысым көкке жетіп бажылдадым.
– Қоясың ба?! – деп қатулы жүзі түнеріп, түтіп жегелі тұр.
– Ойбай ата, қоям! Уәде берем, уәде…
– Қоймасаң қор болып өлесің! – деп атам ғайып болып кетті.
Есімді жисам, жан-жағымда қаумалаған дәрігерлер.
– Ауруының диагнозы қандай? – деп сұрады медбике.
– Белгісіз ауру. Емі табылған жоқ. Жұрттың көбі ауырады, – деді дәрігер.
«О, жанымды алып қалған қандай керемет жан едіңдер?! Қолдарың шипалы, жанарларың жүрекке жылу береді» дегім келіп, тілімді тістеп алдым. Атам тұқымымызда бақсы-балгер бар деп еді. Арқам ұстап, ауызым қисайып қалар. Қой, құрысын, жағымпаздықты қоймасам өліп кетермін…
Асхат ӨМІРБАЕВ
Фото: ht-lab.ru