Көксу ауданы бойынша Ауған соғысы ардагерлері ұйымы Талдықорған облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының филиалы ретінде 1996 жылы құрылды. Оның төрағасы болып Нұрәділ Нүсіпбаев деген азамат сайланды. Мен 2017 жылдан бері ұйымының төрағасы болып қызмет атқарып келемін.
Жалпы ауданнан 43 адам Ауған жеріне аттанды. 3 жерлесіміз Нұрлан Елубайұлы, Жанат Есмұратов, Геннадий Кисилев интернационалдық борышын өтеу кезінде дүние салды. Елге оралғаннан кейін 12 азамат қайтыс болды. Қазіргі таңда ауданда 27 Ауған соғысы ардагері бар.
Жат жерде қаза болған ардагерлерді еске алу мақсатында жылда спорттық жарыстар ұйымдастырып келеміз. Атап айтсақ, осы аптада Көксу ауданы Зылиха Тамшыбаева ауылында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай волейболдан қайтыс болған жерлестерімізді еске алу турнирін ұйымдастырдық.
2018 жылы Көксу ауданы Амангелді ауылы Зылиха Тамшыбаева атындағы мектепте волейболдан Ауған соғысының ардагері Жанат Есмұратовты еске алуға арналған турнир өтті. Игілікті шараның өтуіне мұрындық болып, демеушілік жасаған Ауған соғысының ардагерлері Сайлаукез Ахмолданов пен Марат Әйнеков Жанат Есмұратовқа арналған ескерткіш тақта орнатты. Мұндай турнирді дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп келеміз.
Үш ардагерімізге де ескерткіш тақта орнатылды. Онымен қоса, Алғабас, Зылиха Тамшыбаева ауылы, Жарлыөзек ауылдық округінің мектептерінде ардагерлерге арналған бұрыш бар.
Жылда оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жиі кездесулер өткізіп тұрамыз. Мектеп ұжымы да ардагерлермен сыр-сұхбат ұйымдастырып, оқушылармен патриоттық тақырыпта концерт өткізеді. Тәрбиелік шарада біз майдан даласындағы қиындықтар мен қаруластарының ерлік істерін еске алып, ұлтжанды болу керектігін айтсақ, оқушылар Ауғанстандағы қарулы қақтығыстар жайында өлең оқып, сахналық көріністер көрсетеді. Біз жастар өткенін біліп, елін сүйгіш патриот болып өссе екен дейміз.
Ауған соғысы ардагерлеріне де мемлекеттен үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Былтыр 3 жігітіміз Астанаға, 17 азаматымыз Шымкенттегі «Сапа» деген шипажайға барып, демалып келді.
Ардагерлеріміз қоғам жұмысына белсене араласып келеді. Біз Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күні ғана емес, жыл бойы түрлі жиындар ұйымдастырып тұрамыз. Бұйырса биылғы жоспарды да бекітіп қойдық. Алдағы уақытта аудан жастарымен басқосулар жиі өтеді. Өйткені біз жастар тәрбиесіне жауаптымыз деп ойлаймын. Мұндай шараны өткізудегі мақсат – Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге үйрету, оқушыларға патриоттық тәрбие беру.
Мырзабек СЕЙІТОВ,
Көксу аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы





