Қазіргі жастардың алдында таңдау көп. Бірақ таңдау көбейген сайын дұрыс бағыт табу қиындай түсті. Бірі еңбек нарығынан өз орнын іздейді, енді бірі қабілетін шыңдайтын орта таппайды, тағы бірі ақпараттың көптігінен қайсысының пайдалы, қайсысының уақытша үрдіс екенін ажырата алмай жатады. Сондықтан бүгінгі жастар саясатының басты міндеті – жастар үшін іс-шара өткізу емес, олардың әлеуетін ашатын орта қалыптастыру.
Осы қажеттіліктен туған жобалардың бірі – Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында өткен «QOSYL FEST» фестивалі. Белсенді жастарды, студенттерді, еріктілерді, NEET санатындағы жастарды және дебат клубтарының мүшелерін біріктірген шара жастардың кәсіби, шығармашылық және азаматтық дамуына бағытталды.
Фестивальдің ерекшелігі – теориядан гөрі тәжірибеге басымдық берілуінде. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Кербұлақ аудандық Мансап орталығының директоры Анар Құдайберген мен жұмыс берушілер жастарды еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен, мемлекеттік бағдарламалармен және нақты жұмыс орындарымен таныстырды. Бұл жастар үшін еңбек жолын неден бастау керектігін түсінуге мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
Кәсіби бағдар берумен қатар фестивальде жеке тұлғаны дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Дебат және өнер бағытындағы жаттықтырушы-сарапшы Ержан Даулетбаев шешендік өнер, сыни ойлау, көшбасшылық және тиімді коммуникация жөнінде тәжірибелік тренинг өткізіп, ойын дәлелді жеткізе алатын азаматтың қоғамдағы рөлін түсіндірді. Ал телерадио жүргізушісі Сымбат Саттарқызы көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, камерамен жұмыс істеу және медиакоммуникация негіздері бойынша тәжірибесімен бөлісті. Ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатқан бүгінгі жас үшін мұндай дағдылар кәсіби бәсекеге қабілеттіліктің маңызды бөлігіне айналып келеді.
Жастар саясаты көбіне ұйымдастырылған шаралардың санымен бағаланып жатады. Алайда оның шынайы нәтижесі статистикада емес, адамның өмірінде көрінеді. Егер осындай кездесуден кейін бір жас мамандық таңдауына сенімді қадам жасаса, екіншісі еңбекке араласса, үшіншісі қоғамдық іске белсенді қатысуға ынталанса, онда мұндай бастаманың қоғамдық маңызы бар деген сөз.
Қазір елдің басты байлығы табиғи ресурс емес, адам капиталы екені жиі айтылады. Ендеше жастарға мүмкіндік беретін, олардың білімін, қабілетін және жауапкершілігін арттыратын әрбір жоба – тек бүгінгі күннің емес, ертеңгі Қазақстанның дамуына қосылған үлес.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
Кербұлақ ауданы





