Бүгінде облыста жаңартылатын энергия көздерін дамыту және электр энергиясын өндіру көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Алдағы үш жылда аймақта 10 жаңа нысан пайдалануға беріліп, энергетика саласының әлеуетін ұлғайту көзделіп отыр. Барлық жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда аймақтың электр энергетикасындағы белгіленген қуат 353 МВт-ты құрайды. Оның 271 МВт-ы жаңартылатын энергия көздерінің үлесіне тиесілі.
Аймақта қазір жаңартылатын энергия көздері бойынша 19 нысан жұмыс істейді. Олардың басым бөлігін су электр стансылары құрайды. Атап айтқанда, жалпы қуаты 147 МВт болатын 15 су электр стансысы бар. Оның 3-еуі бөгет маңындағы, ал 12-сі деривациялық гидроэлектр стансылары. Сонымен бірге аймақта жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел электр стансысы және қуаты 24 МВт-қа тең екі күн электр стансысы жұмыс істеп тұр. Биыл жалпы қуаты 40,6 МВт болатын үш жаңа энергетикалық нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, Кербұлақ ауданында қуаты 8,6 МВт болатын «Көктал ГЭС-1» су электр стансысы, Көксу ауданында қуаты 12 МВт-тық жоғарғы талапты су электр стансысы іске қосылады.
Ал Панфилов ауданында «Jetisu Terra Power» компаниясы қуаты 20 МВт болатын күн электр стансысының жобасын жүзеге асыруда. Жаңа нысандардың іске қосылуы өңірдің электр энергиясын өндіру мүмкіндігін кеңейтіп, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеке инвестиция құю арқылы энергетика саласының тұрақты дамуына жол ашылады. Облыстағы жасыл энергетиканың дамуы еліміз бойынша жаңартылатын энергия көздерінен электр қуатын өндіру көлемінің өсуімен қатар жүріп жатыр.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес биылғы тоғыз айда елдегі жаңартылатын энергия көздері нысандары 7,8 млрд. кВт/сағ. электр энергиясын өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артық. Өндірілген электр қуатының негізгі бөлігі жел электр стансыларына тиесілі. Олар 4,9 млрд. кВт/сағ. электр энергиясын өндірген. Күн электр стансыларының үлесі 1,9 млрд. кВт/сағ. болса, шағын су электр стансылары 993 млн. кВт/сағ. электр қуатын берген.
Жалпы электр қуатын өндіру көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 8,5 пайызға жетті. Ал бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8,08 пайызды құрады. Елдегі жаңартылатын қуат көздері нысандарының жиынтық белгіленген мөлшері 3,7 ГВт-қа жетті. Осылайша облыста жаңа гидроэлектр және күн электр стансыларын іске қосу аймақтың энергетикалық әлеуетін нығайтып, елде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қосымша серпін бермек.
Айгүл БАЙБОСЫН





