«Таза Қазақстан» акциясы облысымыздың барлық өңірлерінде үлкен қолдауға ие болуда. Игілікті мақсатқа толықтай жетудің тетігі тағылымға келіп тіреледі. Маусым кезінде ғана емес, күнделікті отбасында, білім мекемелерінде жас ұрпаққа үйде, қоршаған ортада, жол бойларындағы тазалықты қатаң сақтау қағидасын үздіксіз айтып, тәрбие пәрменін арттырудың басқа да жолдарын қарастырған жөн.
Жазиралы Жаркент өңірінің жұрты жылда жерден қар кетісімен елді мекендердің көшелері мен үй аулаларын тазалауға кіріседі. Биыл да Наурыз мерекесінің қарсаңында бұл жұмыс барынша жандандырылып, аудан орталығы мен басқа да елді мекендерде бірнеше мәрте сенбіліктер ұйымдастырылды. Әз Наурызды мұнтаздай тазалықпен, үлкен сән-салтанатпен қарсы алған ел енді бау-бақшасын байытып, жеміс ағаштарының көшеттерін егуге білек сыбана кірісті. Биыл аудан бойынша елді мекендерде жалпы 10 мыңға жуық саялы ағаш көшеттерін егу жоспарланған.
Игілігі мол осы мақсатты жүзеге асыру үшін қазір жаркенттіктер көше мен жол бойларына сән сыйлайтын саялы ағаш көшеттерін көптеп егуде. Арнайы питомниктерде өсірілген терек көшеттері мекемелер мен кәсіпорындарға таратылды. Сәуір айының 20-жұлдызына дейін ауданда 10311 жас ағаш көшеттері егілді. Бұл іс өңір елді мекендерінде әлі де жалғасуда.
Өздері тұратын елді мекендердің көркейе түсуіне барлық ауыл, қала тұрғындары атсалысқаны байқалады. Сенбіліктерге сәуір айында ғана 5040 адам қатысып, 30 гектарға жуық аумақ күл-қоқыстан тазартылып, 280 тонна қоқыс арнаулы орындарға жөнелтілген. Ортақ істі атқаруға жергілікті кәсіпкерлердің 18 әртүрлі техникалары жұмылдырылған. Жұмыстың пәрменді, тоқтаусыз жүргізілуі үшін жергілікті қаржы қорынан ақша бөлініп, округтерге әк, жанармай сатып алынып, жеткілікті мөлшерде берілген. Қорыта айтсақ, елді мекендердің тазалығына қатысты жалпы жағдай жылдағыдан да жоғары деңгейде көрінуде. Соның нәтижесінде аудан орталығы мен ауылдар көріктене түскен.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы