Баспасөзге жазылу науқанының басталуына орай облыстық «Jetіsý» газетінің өкілдері саялы өлке Сарқан ауданына барып, жұртшылықпен кездесті. Ең алдымен аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевтың қабылдауында болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысқан журналистер қауымы келесі кезекте ат басын Қарабөгет ауылына бұрып, сондағы ел-жұртпен жүздесті. Қарабөгеттіктер кезінде «Қыран» поэмасы арқылы жырсүйер қауымның назарына іліккен ақын Әділбек Байзолдаұлы Абайділдановпен, кішкентай ауылдан шыққан генерал-майор Сағатбек Нұрахметовпен мақтанады, әрі марқаяды.
Біз аталған ауылға барғанда Қарабөгет ауылдық округі әкімдігі және мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жақын ауылдардағы Мәдениет үйлерінің қызметкерлерімен тәжірибе алмасу семинары өтті. 1400-ден асатын тұрғыны бар Қарабөгет ауылындағы Мәдениет үйі – жергілікті өнерпаздардың басын біріктіріп отырған өркениет ошағы. Бұл жерде өнерге таласы бар мектеп оқушылары мен жастар талаптарын ұштап, таланттарын дамытуда. 2021 жылы күрделі жөндеуден өтіп жаңаша жаңғырған ауылдағы мәдениет ошағы алдында ақ жаулықты әжелер қазақы салтпен келген қонақтарды шашу шашып қарсы алды. Ауылдық Мәдениет үйінің басшысы Данияр Бижанов осындағы «Ақ әжелер» ансамблімен, домбыра, эстрада, би үйірмесінің жұмысымен таныстырды, қолөнер бұйымдарын жас ұрпаққа дәріптеп жүрген Ажар Әлімханқызының қолынан шыққан бұйымдарды қонақтарға көрсетті.
Сонымен қатар Данияр Қажымұханұлы 4 жылда атқарған жұмыстарын есеп ретінде ауыл адамдары мен қонақтарға баяндап берді.
Емен-жарқын кездесу ары қарай «Мәңгілік жаса қыран елім» атты ауылдық Мәдениет үйлері арасындағы мерекелік концертпен жалғасты. Сахна төріне ауылдық Мәдениет үйінің директоры Данияр Бижанов шығып кіндік қаны тамған ауылына арнап шығарған «Қарабөгетім» әнін көрермендерге паш етсе, музыкалық жетекші Қастер Жанарбек «Туған жерім тамаша» әнін нақышына келтіріп орындады. Сәлден кейін сахна төріне аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаттары Diamonds бишілері шығып мың бұрала биледі. Ал 9 сынып оқушысы, облыстық, республикалық жыршылар байқауының жүлдегері Заңғартас Құдайберген ортаға шығып, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіманның «Бабаларымдай көсілген» өлеңін тыңдаушылардың құлағының құрышын қандырып оқыды. Черкасск ауылдық Мәдениет үйінің қызметкері Жансая Қалимолда болса «Қазағым» әнін шабыттана шырқады. «Ел іші өнер кеніші» дегендей келешекте осы ауылдан түлеп ұшқан өнерпаздардың әлемдік сахнаны бағындырарына ешкімнің күмәні қалмады.
Мәдени шара соңында ауыл тұрғындары «Jetіsý» газеті тілшілерімен емен-жарқын әңгіме өткізіп, өз ұсыныстарын да ортаға салды.
Іс-шара соңында ауыл тұрғындарының атынан сөз алған Қажымұрат Бижанов Мәдениет үйінің өркендей беруіне, жастардың өсіп, өне беруіне тілектестігін білдірді.
Ал әжелер ансамблінің белді мүшесі Гүлжан Исапанованың ақ батасына көпшілік қол жайды.
Қаймағы бұзылмаған, береке-бірлігі ыдырамаған ауылдың көрінісіне куә болдық.
Балтамырдың бабын тапқан әулет
Мектептен кейін Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп жүргенде үздік қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған Балтабек ағаны елі Балташ деп құрметтейді. Балтабек аға жоғары оқу орнынан кейін білікті маман, ұйымдастырушы ретінде көзге түсіп, алғашқы жылдары-ақ Талдықорған облысы бойынша қызылша өнімін алудан жүлдегер атанады. Атап айтқанда тәтті түбірдің 1 гектарынан 710 центнер қызылша өнімін алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 1984 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сонымен қатар «КСРО халық шаруашылығын дамытудағы қол жеткен жетістігі үшін» екі қола медалін иеленгені де көнекөздердің жадында. Балтабек аға бастауында тұрған қызылшашылар әулеті бүгінгі күнге дейін қант қызылшасын өсіруден қалыс қалған жоқ. Жылдан-жылға ол басқаратын қожалық әлеуетін арттырып, қыс бойы қолда бар техникаларын дайындық сапына қойып, көктемгі егістік науқанына сақадай сай шығады.
Ауылдан қалаға көшу кеңінен үрдіс алған кезеңде Балтабек ағаның балалары қара шаңырақтан ұзаған жоқ. Бүгінгі таңда ағамыз үлкен отбасының, қызылшашылар әулетінің әкесі. Зайыбы Тамара жоғары білімді, инженер-гидротехник. Ол да осы шаруашылықта ұзақ жыл мамандығы бойынша қызмет атқарған, қазір зейнет демалысында. Екеуі бес бала тәрбиелеп өсіріп, жеті немере сүйіп отыр. Бауыржан, Бақытжан, Ержан, Нұрлан, қызы Балжан бәрі де жоғары білімді. Ұлдары әке шаруашылығына жан-жақты көмектесіп келе жатқан білікті мамандар.
Шаруашылықтың меңгерушісі Нұрлан Балтабекұлы шаруа қожалығының жай-жапсарын толықтай әңгімелеп берді.
– Былтыр, биыл көбінесе қант қызылшасын көбейттік. 220 гектарға тәтті түбірді ектік. Өнімнің шығымы жоғары, ойлағанымыздай болып отыр. 30 гектар алқап қазылып біткен жоқ. Соны жақын уақытта аяқтаймыз. Басқа да дақылдар себеміз, соя, жүгері, арпа, бидай бар. Оларды жинап алып қамбаға сақтаудамыз. Бір аптада барлық өнімді бітіреміз. Ақсу қант зауытына 15 мың тонна өнім өткіздік. Әлі де өткіземіз. Суармалы егістіктен 301 гектар, 320 гектар богарамыз бар. Мал шаруашылығымен де айналысамыз. Қыс кезінде мал да бордақылаймыз. Тұрақты негізде 25 жұмысшы бар, айлықтарын уақытында алып отырады. Машина-трактор паркін жыл сайын жаңартып отырамыз. Көбінесе қант қызылшасына арналған техникалар. 2 қант қызылшасын шабатын комбайн, 2 дәнді дақылға арналған комбайн, 20 доңғалақты тракторымыз бар. Мемлекеттен субсидия қант қызылшасының техникасына 50 пайыз, сепкішке 50 пайыз беріп жатыр. Жұмысшыларымыз күніне 15 мыңнан алады, сонда 1 айда 450 мыңдай табады, – дейді Нұрлан Абылқасымов.
Сөз арасында 2012 жылы университет бітіргелі бері ауылда қара шаңырақта әкесіне қолғанат болып, шаруашылықтың басшылығында жүрген Нұрлан Абылқасымов қамбадағы үйіліп жатқан «Диковит» тұқымды сояны көрсетті. Бұрынырақта өнімді Сарқан қаласындағы «Мақай» ЖШС-не өткізіп келгендерін, кейінірек әр түрлі себептерге байланысты Көксу ауданындағы «Уыз Май индастри» ЖШС-не жөнелтетіндерін айтты.
Сонымен қатар Нұрлан Балтабекұлы шаруашылықта бел жазбай еңбек етіп жүрген жұмысшылардың да еңбегін атап өтті. Олар 20 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан Саят Исабаев, сонымен қатар Біржан Ермұхаметов, Жанат Рыспеков, Нұржан Мүсірепов, Нұрмұрат Мүсірепов, Дәурен Мүсіреповтер ортақ істің ілгерілеуіне өз үлестерін қосуда.
Балтабек ағаның ұлдары шаруашылықтың әр саласында еңбек етуде. Мысалы, үйдің үлкені Бауыржан қант қызылшасының комбайнері болса, Бақытжан астық комбайнын жүргізеді, Ержан болса жүк тиегіш жүргізеді.
Сөз арасында Нұрлан Балтабекұлы шаруа қожалықтың иелігіндегі алқапқа қант қызылшасынан американың «Бтс 590», немістердің «КВС», кейінгі кезде танымал бола бастаған «Канвиза старт» тұқымдарын енгізгенін айтып өтті.
Қарабөгет ауылындағы Балтабек ағаның отбасы ауылды абаттандыруға, ел еңсесін көтеруге қаржылай үлес қосып жүрген жайы бар. «Мектепке жол» акциясы аясында жыл сайын арнайы санаттағы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан мектеп оқушыларына 100 000 көлемінде көмек көрсетеді. Шаруа қожалығындағы жұмысшылардың отбасына жалақысынан тыс материалдық көмекті ұдайы көрсетіп отырады. Көмекке мұқтаж ауыл тұрғындарына әр қашан көмек қолын созуға дайын тұратын азамат сонымен қатар тұрғындардың шаруашылығына техникасымен де көмек көрсетеді. Сарқан ауданының Құрметті азаматы, жаңалыққа жаны құштар ағамыздың өнегесі көпке үлгі болып отыр.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген жақсы сөз бар. Сол сияқты ісі ұсынықты жанның тәлім-тәрбиесін көрген Нұрлан Балтабекұлы шаруашылықты дөңгелентіп, әкесі салған сара ізді жалғастыруда.
Тұрғындар тілегі
Қарабөгет ауылының тұрғындарымен кездесу кезінде бірқатар ұсыныстар айтылған еді. Тұрғындар тілегін беруді жөн көрдік.
- Қарабөгет ауылына спорт кешені керек
- Жекелікке өтіп кеткен ауыл маңындағы жерді мемлекет меншігіне алып, ауыл тұрғындарының малын жаюға жағдай жасалса
- Ауылға жаңа амбулатория салынса
Білгенге – табыс, білмейтінге – таңсық
Қазір тірлік бастаймын, кәсіп жасаймын деген адамға кедергі жоқ, керісінше мүмкіндік мол, әрі мемлекет тарапынан қолдау да қарастырылған. Бастысы ниет пен тәуекел болса болғаны.
Соңғы кезде ауданда кәсіпке қызығатындар қатары көбейіп, жаңа істің тізгінін ұстаған азаматтар қолдау табуда. Соның бірі «Мейір» жеке кәсіпкерлігінің иесі Серікболат Баймамыров аудан бойынша бұрын еленбеген, жаңа кәсіп түрін қолға алған. Яғни Қарабөгет ауылының тұрғыны, ауласында шылаушын өсіріп, табыс табудың қамында жүр.
Қарабөгет ауылының тұрғыны Серікболат Баймамыровты тәуекелге бастаған – кәсіпке деген қызығушылық. Оның негізгі мамандығы – жүргізуші. Талай жыл үйінде азын-аулақ мал өсіріп сонымен қатар егін егіп, пайдасын көріп жүрген Серікболат Бейсенбайұлы қазір ауылдағы үйінде калифорниялық шылаушынды өсірумен айналысуда.
Кім не десе де, құрт өсіру – қызық, білетінге – табысты, білмейтінге – таңсық кәсіп. Құрт өсіру дамыған елдерде кең танылғанымен, елімізде шылаушынды пайда табу мақсатында өсіретіндер саусақпен санарлық.
– Шылаушынның бұл түрі топырақтың құнарлығын арттырады, жалпы айтқанда өнім мол болады. Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік желіден көріп, неге маған осы кәсіппен шұғылданбасқа деген ой келді. Бастапқы кезде 1 куб яғни 15 жәшік шылаушын алып, кәсібімді бастадым.Бақша баптайтын шаруалардың көбісі біле бермейді. Әсіресе, аудан көлемінде сұраныс кем. Мұндай кәсіп қазір оңтүстік облыстарда қызып тұр. Өз шикізатымызды өңдеп, ауылшаруашылығына тыңайтқыш дайындаймыз. Бұл тыңайтқыш – ешқандай қоспасыз табиғи өнім. Қызыл шылаушындар жануарлардың көңімен қоректенеді, солардан шыққан дүниені биогумус деп атаймыз. Бұл органикалық тыңайтқышқа жатады. Бақша өсірсең, соның ішінде әсіресе қызанақ, қияр отырғызсаң, тіпті үйге гүл отырғызсаң да нәтижесін ұзаққа бармай-ақ көресіз, – дейді кәсіпкер.
Жалпы, Серікболат ағамыз кәсіп бастау үшін үй іргесіндегі жерді игілікке айналдыруда. Калифорниялық қызыл құртты өсіру үшін қорадағы түліктердің қиын пайдаланады. Болашақтағы жоспары жер көлемін үлкейтіп, кәсіпті кеңейту.
Жалпы калифорниялық шылаушынды өсіретіндер ауданда некен-саяқ. Кәсіп бастамас бұрын шаруа әлеуметтік желіден көріп, кейінірек Алматы қаласында тірліктің дәл осы түрімен айналысып жатқандардан кеңес алған көрінеді. Бизнес жоспар әзірлеп, осыдан 2 жыл бұрын мемлекет тарапынан берілетін грантты да жеңіп алған. Ол демеуқаржыға компост жасайтын құрылғы (ворошитель) мен биогумус алған. Компост дегеніміз қоспа шірінді. Өсімдік пен жануарлар тегінің қоспасы, оларды тыңайтқыш ретінде пайдалануға шіріту үшін қалдырады.
Шөп, түскен жапырақ, көкөніс қалдықтары, құс саңғырығы, көң, осылардың бәрі жақсы шірінді тыңайтқыш.
Сөйтіп қолға алған ісін жүзеге асырып, кәсібін бастап кетті. Ниетіне бұйырған несібесі де.
– Мен айналысып, өсіріп жатқан құрт түрі «калифорниялық қызыл құрт» деп аталады. Олардың қоректенетін негізгі тағамы – органикалық қалдықтар. Ағаштан түскен жапырақтар, желінген тағамның қалдығы, төрт түлік малдың қиы шылаушынға таптырмас қорек. Ең бастысы бұл қалдықтар сатылмайды, тегін. Кез келген жерден табуға болады. Қызыл құрттар осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, бізге биологиялық тыңайтқыш жасайды.
Биологиялық тыңайтқыштарды топыраққа сеуіп, шашатын болсақ, егіннің өсуін 2-3 есе күшейте түседі. Егін шаруашылығымен айналысатын адамдар қызыл құрт өндіріп шығарған тыңайтқыштарды арнайы сатып алады. Мол түсімді мақсат еткен диқандар биотыңайтқышты топырағына сеуіп, әрекет етеді. Осының арқасында жер құнарланып, өнім молаяды, – дейді кәсіпкер.
Серікболат ағамызды қынжылтатын мәселе ол өңделген өнімді жақын маңда тұтынушыларға өткізу орындарының жоқтығы. Бұл өңірде жылыжайлар жоқ болғаннан кейін оңтүстік облыстарға жөнелтетінін жеткізді. Қаладан алыстығы да қолбайлау болып тұр.
Алысқа кетпей, өз өңірімізде кәсіптің жаңа түрін дамытып жүрген азамат сұраныс болып өткізетін жер табылса органикалық тыңайтқыштың литрі 70 теңгеден сатылатынын жеткізді. Алматы қаласындағы «QazVerm» кооперативінің мүшесі болып табылатын ағамыз жақын уақытта жағымды жаңалық болып, өнімді толықтай өткізетін күн туады деп үміт артып отыр.
Көпшілік елей бермейтін құрт өсіру кәсібін қолға алған азамат келешекте әкімдіктен ауылдың сыртынан 1,5 гектар аумақтан жер алып, жасыл желекті жайқалтуды мақсат етіп отыр. Ол үшін қажетті жағдай жасап, трактормен жерді тегістеп қам жасауда.
Сөз арасында Серікболат ағамыз аталған істе өзінің екі ұлы көмек қолын созып, бір жағынан шығысып жатқандығын жеткізді.
Тар бөлмеде тер төккен жеткіншектер
Аядай ғана Қарабөгетте спортты жанына серік еткендер баршылық, көбісі мектеп оқушылары. Оны біз жаттықтырушы Темірлан Маратовпен әңгімелескенде байқадық. Темірлан Рүстемұлының сөзінше бас бапкер Мәулен Мағамбетовтың қарамағында грек-рим күресімен 70-тей оқушы жаттығады. Таңертеңнен кешке дейін 4-5 топ шынығады. Оқушылардың демалысы кезінде 2 уақыт жаттығу өтеді. Таңғы 8:00-ден 11:30-ға дейін 2 топ боз кілемде тер төгеді.
Ауыл әкімі Алмас Дюсембаевтың сөзінше елді мекен балалары үшін жаттығатын шағын болса да кешеннің жоқтығы мәселе болып отыр. Келешекте елдің атын шығарып, Олимп шыңын бағындырар сайыпқыран спортшылар осы ауылдан шықпасына кім кепіл…
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы
Суреттерді түсірген Жұмабай Мұсабеков