Жетісу облысында сайлауалды үгіт науқаны аяқталуға жақын. Өңірдегі партия өкілдері тұрғындармен кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, елді мекендердің өзекті мәселелерін талқылауда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бүгін «Әділет» партиясы атынан Құрылтай депутаттығына үміткер Гүлнар Тойлыбаева, Арман Жансеңгіров, Руфина Усанова және партияның Жетісу облыстық сайлауалды штабының өкілдері Серік Мұқанов, Алмас Тоқсанбай «Талдықорған жылу сервис» мекемесінің ұжымымен кездесті.
Кездесуде «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы өндіріс пен экономиканы дамытуға бағытталған басымдықтар түсіндірілді. Партияның ұстанымына сәйкес, өңірдегі өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуі, отандық өндірісті қолдау, кәсіпорындардың технологиялық әлеуетін арттыру және жаңа жобаларды жүзеге асыру – экономикалық өсудің маңызды тетіктерінің бірі.
«ЖСДП» Жетісу облыстық филиалы кезекті үгіт-насихаттық жұмыстары барысында Талдықорған қаласындағы «Психофизикалық бұзылыстары бар балаларға қамқорлық жасау жөніндегі «Алпамыс» қауымдастығының еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесуде партияның Жетісу облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Жасұлан Мукаманов қатысушыларды партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, құжаттың негізгі бағыттары мен басымдықтарына тоқталды.
«Байтақ» жасылдар партиясы Жетісу өңірінде үгіт-насихат жұмыстарын күшейтті. Бұл жолы партия атынан Құрылтай депутаттығына үміткер Тамирлан Файзулин, партияның Талдықорған қалалық филиалының жетекшісі Дамир Файзулин және партияның республикалық штаб өкілі Батыржан Сейдомар Мұқыры ауылының тұрғындарымен кездесіп, саяси ұйымның алдағы жоспарымен бөлісті.
Жасылдар партиясының өкілдері мұндай кездесуді жалғастыра бермек. Осылайша халықтың ұсыныстары мен жергілікті жердегі өзекті мәселелерді партияның алдағы жұмысында ескеруге ниетті.
«Қазақстан Халық партиясы» Жетісу облыстық филиалы әлеуметтік жобалар мен бастамаларды жүзеге асырып жүрген ҮЕҰ өкілдерінің басын қосты. Онда халықтың түрлі санаттарын қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар таныстырылып, оларды іске асырудың нәтижелері мен алдағы жоспарлар талқыланды.
«Қазақстан Халық партиясы» әлеуметтік жобаларды қолдау, азаматтардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету және инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселелерін әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қызған шақта «Ауыл» партиясының ҚР Құрылтайына кандидаттар Е. Саурықов, Ж. Сұлтанқұлова мен А. Бәзілов «Әйгерім» шаруа қожалығының еңбек ұжымымен кездесіп, саяси ұйымның бағдарламасын таныстырды. Кандидаттардың айтуынша, партия алға «Қуатты мемлекет қуатты өңірлерден құрылады» атты айқын мақсатпен қадам басады.
ҚР Құрылтайына кандидаттар Е. Саурықовтың айтуынша, «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы әрбір бағыт жарқын болашаққа, қуатты экономикаға, заманауи инфрақұрылымға, еліміздің тұрақты дамуына жасалған қадам. Ж. Сұлтанқұлова саяси ұйым ауыл дамығанда ел дамитынын алға тартты.
«Ақ жол» партиясы Жетісу облыстық филиалының өкілдері Талдықорған қаласындағы «HAK MEDICAL» медициналық орталығының еңбек ұжымымен жүздесіп, пікір алмасты. Кездесуде ел дамуының негізгі басымдықтары, әлеуметтік-экономикалық реформалар мен халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.
ҚР Құрылтайының депутаттығына үміткер Ермек Егінбаев партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Спикердің сөзінше, «Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдауды, отандық кәсіпкерлікке жол ашуды, әлеуметтік әділеттілік орнатуды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мен халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді көздейді.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қызған шақта «Ауыл» партиясының ҚР Құрылтайына кандидаттар Е. Саурықов, Ж. Сұлтанқұлова мен А. Бәзілов «Әйгерім» шаруа қожалығының еңбек ұжымымен кездесіп, саяси ұйымның бағдарламасын таныстырды.
ҚР Құрылтайына кандидаттар Е. Саурықовтың айтуынша, «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы әрбір бағыт жарқын болашаққа, қуатты экономикаға, заманауи инфрақұрылымға, инновациялық ауыл шаруашылығына, гүлденген қалаларға, мәдениетті сақтауға және еліміздің тұрақты дамуына жасалған қадам. Ж. Сұлтанқұлова саяси ұйым ауыл дамығанда ел дамитынын алға тартты.
«Respublica» партиясының сайлауалды штабы Жетісу облысына жұмыс сапарымен келіп, Талдықорғанда бірқатар маңызды кездесу өткізді. Партияның тең төрағалары Сырымбек Тау мен Максим Барышев, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттар Екатерина Смолякова, Маргарита Боярова, Жалынбек Жайнарбай және Махамбет Қасенов «ReTalks» шарасы аясында жастармен пікір алмасып, Made in Respublica форумына қатысты.
Партия өкілдері «Respublica» партиясының сайлауалды бағдарламасы алты негізгі бағыттан тұратынын атап өтті. Қос жиында партияның соңғы үш жылдағы нақты нәтижелері де таныстырылды.





