І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті гуманитарлық факультетінің журналистика кафедрасы білімгерлері тұңғыш рет өздерінің шығармашылық туындысы – «Арпалыс» атты кітапты көпшілік назарына ұсынды. Бұл маңызды шара аталған оқу ордасы мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға ҚР Ақпарат саласының үздігі, Жетісу облыстық «Жетісу» газеті директорының орынбасары Ришад Тұрғанбай мен ҚР Журналистер одағының мүшесі, журналист Еңлік Бауыржанқызы арнайы шақыртылды. Олар студенттерге шеберлік сағатын өткізіп, қазіргі БАҚ саласындағы өзекті мәселелері жөнінде талқы жүргізіп, болашақ журналистердің кәсіби дамуына қатысты тың ойларымен бөлісті.
– Журналистика – бұл тек ақпаратты жинап, оны жеткізу ғана емес, әрдайым ізденіс пен шығармашылықты талап ететін сала. Журналист әрқашан 24 сағат тақырып іздеп, ой үстінде жүруі керек. Әр жаңа оқиға, пікір – шығармашылық мүмкіндік. Сондықтан, студенттер мен болашақ журналистердің кітап жазу арқылы өздерінің тақырыптық дүниетанымын кеңейтуі, өз көзқарастарын анықтаулары өте маңызды қадам, – дейді Ришад Тұрғанбай.
«Арпалыс» атты еңбектің дайындалып, жарық көруі сондай-ақ оның тұсауын кесу рәсімі ҚР Журналистер одағының мүшесі, магистр Ілескен Әлбатырұлының бастамасымен жүзеге асқан. Ол өз сөзінде шығармашылық ұжымның осы кітапты жазу жолында атқарған еңбегін ерекше атап, студенттердің кәсіби шеберлігін арттыруда осындай шаралардың маңызды рөл атқаратынын қадап айтты. Кітаптың тұсауын зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары және арнайы қонақтар кесті.
– Бұл шығармашылық туынды жоғары деңгейде орындалуымен, авторлар еңбегінің іздемпаздығымен құнды. Студенттер алғашқы кітаптарын жазу барысында тек теориялық білімінен бөлек, өмірлік тәжірибелерін басты назарда ұстап, жеке көзқарастарын да ашық жеткізді. Бұл олардың білім алудағы шығармашылық танымын, әдебиетпен мәдениетке сондай-ақ журналистік зерттеуге мән бере бастағанын айқындамақ. Кафедра тарихындағы алғашқы басылым болғандықтан кемшілік жоқ деуден аулақпыз. Көш жүре түзелетіндігін ескерсек, алдағы уақытта білімгерлердің тәжірибелік бастамалары өз жалғасын тауып, керуеніміз көрікті бола түспек. Бастысы ендігі бағытымыз айқын. Осы жолда бізбен етене жұмыс жасаған БАҚ өкілдеріне алғысымызды білдіреміз, – дейді Журналистика кафедрасының оқытушы-дәріскері Ілескен Әлбатырұлы.
Мақпал Әділханқызы





