2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда пилоттық жоба аясында жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем берудің жаңа тәртібі күшіне енеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа ережеге сәйкес жәрдемақы төлеу мерзімі ең ұзағы 3 аймен шектеледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолға алған бұл жаңашылдық елімізде еңбек белсенділігін арттырып, азаматтардың тұрақты жұмыс орнын тезірек табуына оң ықпал етеді. Аталған өзгеріс әлеуметтік төлем алуға құқығы ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап туындайтын тұлғаларға қатысты қолданылады.
Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – оларды міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамту. Адам жұмысынан айырылған кезде осы жүйе арқылы жаңа қызмет іздейтін кезеңде уақытша қаржылық көмек алады. Ал мемлекеттің басты міндеті – тұрғынның мүмкіндігінше тезірек еңбекке араласуына жәрдемдесу.
Пилоттық жоба бойынша әлеуметтік төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына, яғни еңбек өтіліне қарай белгіленеді. Жүйеге 6-12 ай қатысқан азаматқа төлем 1 ай, 12-24 ай қатысқан жағдайда 2 ай, ал 24 ай және одан көп қатысқанда 3 ай төленеді.
Сонымен қатар 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды. Әр азамат үшін төленетін нақты сома соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және оның жүйеге қатысу ұзақтығына қарай есептеледі. Жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 5% мөлшерінде әлеуметтік аударым аударады. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жұмысынан айырылған жағдайда мемлекеттік қолдау алу үшін азамат алдымен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуі шарт. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуге немесе электрондық үкіметтің eGov.kz порталы мен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелуге болады.
Тіркелгеннен кейін мансап орталығы азаматтың мамандығын, еңбек тәжірибесін, біліктілігін, денсаулық жағдайын, жұмыс режимін және көлікпен қатынау мүмкіндігін ескере отырып, оған лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, ол жұмыссыз ретінде тіркеледі. Әлеуметтік төлем алуға құқығы болған жағдайда, ол жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап проактивті түрде тағайындалады.
Сонымен бірге азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады. Олардың қатарында кәсіптік оқыту, қайта даярлау, субсидияланатын жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, кәсіпкерлік бастаманы қолдау, сондай-ақ жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламалары бар.
Әлеуметтік төлем алып жүрген кезеңде жұмыс іздеуді жалғастырып, мансап орталығы ұсынған лайықты бос орындарды қарастырған маңызды. Егер азамат ұсынылған үш лайықты жұмыс орнын дәлелді себепсіз қабылдамаса, оның жұмыссыз мәртебесі тоқтатылады. Осыған байланысты әлеуметтік төлем де берілмейді.
Егер әлеуметтік төлем төленетін кезеңде азамат лайықты жұмыс таба алмаса да, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау аяқталмайды. Мансап орталықтары азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді жалғастырады және қолжетімді жұмыспен қамту шараларын ұсына береді.
Әлеуметтік төлем мерзімінің өзгеруі республикалық бюджет шығыстарын қысқартуға байланысты емес. Төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады және белгілі бір мерзімге арналған әлеуметтік сақтандыру тетігі саналады. Бұл ретте үнемделген 10-15 млн немесе 1-2 млрд теңгеге жуық резервтік ресурстар азаматтарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бағдарламаларына бағытталады. Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын күшейтіп, азаматтардың мүмкіндігінше тезірек тұрақты жұмысқа оралуына жағдай жасау.




