Кербұлақ ауданында қазақ күресінен «Кербұлақ бөрісі» аудандық іріктеу жарысы өтті. Боз кілемдегі бәсекеге он бес ауылдық округтың нағыз апайтөс балуандары қатысып, кім мықтыны анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Жолжанов, облыстық бұқаралық спортты дамыту орталығының директоры Ержан Мұратұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Онан кейін балуандар жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Белдесуге жиналған балуандардың ішінде осалы жоқ. Барлығы да талай дүбірді көрген оғландар. Әлем чемпионатында олжа салған балуандар мен құрлықтық бәсекеде жүлделі қайтқан нағыз сақа жігіттер қатысты. Сонымен, балуандар бәсекесі нағыз қызыққа толы болды. Шеберлігі артып, бабы келіскендер алға ұмтылды. Іріктеліп шыққан Мұхит Қойшыман, Арнұр Қуатай, Әділет Амантайұлы, Мадияр Молдақұловтың арасында нағыз теке-тірес болды. Осы төрт балуан қарсы келгендерді жолынан ығыстырып, ақтық сынға қарай біртіндеп қадам басты. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді», – дегендей әркім өзінің бабына қарай белдесіп, ұтылып жатса да намысты жігіт екендерін байқатты. Сонымен ақтық сында Мұхит Қойшыман мен Әділет Амантайұлының жолы түйісті. Екі алып, негізгі уақытта бір- бірін ала алмады. Шелектеп тер төккен балуандардың күресі нағыз алыптардың күресіндей жанкүйерлердің айызын қандырды. Осылайша екі мықты қоян-қолтық белдесуге барды. Бір-брімен тірескен қоян-қолтық белдесуде Мұхиттың бағы жанды. Салмағы жағынан сәл таразы басын өзіне аударған Мұхит Қойшыман әбжіл әдістің арқасында қарсыласының тізесін жерге тигізіп, «Кербұлақ бөрісі» атанды. Күмісті Әділет Амантайұлы еншіледі. Қола жүлде үшін таласта Мадияр Молдақұловтың айы оңынан туды.
Жеңіске жеткен балуандарды белбеу және ақшалай сертификатқа ие болды. Бірінші орын иегері Мұхит Қойшыманның беліне «Кербұлақ бөрісі» белбеуін облыстық бұқаралық спортты дамыту орталығының директоры Ержан Мұратұлы тағып, қолына 300 мың теңгенің сертификатын табыстады. Екінші орын алған Әділет Амантайұлы 200 мың теңгеге қол жекізсе, үздік үштікті құраған Мадияр Молдақұлов 100 мың теңгеге қол жеткізді.
Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Кербұлақ ауданы
Алматы облысы





