Облыс әкімдігі 2017 жылдан бастап аймақтағы еңбек нарығының қажеттіліктері бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білім алуға грант бөле бастады. Аталған шара облыстағы кадр тапшылығын шешуге ықпал ете отырып, облыс түлектеріне оқуға түсуге мүмкіндік береді.
Көпті қуантқан, сан шәкірттің өмірден өз орнын табуға жол ашқан дүние бүгінде жалғасын тауып келеді. Айталық, 2021, 2022 жылдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен 169 түлек білім алып, жұмысқа орналасса, биыл 324 түлек диплом алып, бүгінгі күні өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуда.
Ал, биыл жергілікті бюджеттен 100 білім беру гранты бөлінбек. Оның 40-ы жалпы конкурспен, ал 60-ы әлеуметтік осал топтардың балаларына тағайындалатын болады.
Білім беру гранттары бойынша тапсырысты орналастыру және тағайындау бойынша облыстық комиссия мүшелерінің тізімі облыс әкімі қаулысымен бекітілгенін де айта кеткен жөн.
Биылғы жылдың 21 шілдесінде комиссияның алғашқы отырысы өткізіліп, гранттар берілетін мамандықтар тізімі анықталды. Отырыс жұмысында облыстың еңбек нарығына сәйкес мамандықтар қарастырылды. Олар педагогикалық, медициналық, өнер, ауылшаруашылық, инженерлік, ветеринариялық, құрылыс, көлік мамандықтары.
Ал, 24-28 шілде аралығында білім беру гранттарын орналастыру үшін жоғары оқу орындары арасында конкурс жарияланды. Конкурсқа еліміздің 11 жоғары оқу орны құжат тапсырды.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, 1 тамызда кезекті комиссия отырысы өткізіліп, гранттар мамандық бойынша жоғарғы оқу орындары арасында бөлінбек.
Айта кетерлігі, биылғы жылы мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады деп күтілуде. Оқуға түсе алмаған талапкерлердің құжаттары облыс әкімінің грантына 10-16 тамыз аралығында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қабылдау комиссиясында қабылданады. Конкурсқа ҰБТ-да шектік балл жинаған облысымыздың кез келген түлегі қатыса алады. Ал, 18 тамызда комиссия отырысы өткізіліп, грант иегерлері анықталады. Гранттар талапкерлердің ҰБТ-да жинаған баллдары бойынша тағайындалады.
АРДА БИ





