«Жақсылық жаса» ұранымен бастау алған «Мектепке жол» акциясы ел көлемінде жүзеге асуда. Облысымыз бойынша 15 мыңнан астам балаға, ал Көксу ауданы бойынша мыңнан астам балаға көмек көрсетілмек.
Дәстүрлі жоба жайлы Көксу аудандық білім бөлімінің берген мәліметінше, акция негізінде атқарылатын аудандық іс-шаралар жоспары құрылып, бекітілген. Мектептерде (25 білім беру мекемесі) көмек қажет ететін оқушылар тізімі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен 973 балаға (880 + 93 бала) 39471,7 мың теңгеге аз қамтылған отбасылар қатарындағы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға киім-кешек және оқу құралдарын сатып алуға ақшалай көмек көрсетілген.
– Ауданымыз бойынша көмекке мұқтаж 200 баланың тізімі анықталды. Оның 97-сіне аудан әкімдігі, 25 балаға облыстық білім басқармасы, 10 балаға Жетісу облысының Дарын орталығы, 68 балаға аудан мектептері тарапынан көмек көрсетілетін болады, – дейді әлі де акцияның жалғасатынын мәлімдеген аудандық білім бөлімінің басшысы К. Кузбаев.
Айта кетерлігі, жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан оқушыларға қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған республикалық акция облысымыздың өзге өңірлерінде де жүзеге асуда.
АРДА БИ
Көксу ауданы





