Дәрігер десе көз алдымызға адам жанының арашашысы болған мейірімді, қайырымды ақ халатты абзал жандар елестеуші еді. Бірақ, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген. Себебі, «Көксу аудандық орталық ауруханасының медбикесі Баян Садықова жүріп-тұруы қиын қарияларға медициналық көмек көрсетіп, зейнеткерлерді алдап фотосуретке түсіріп, науқастардың атынан несие рәсімдепті» деген ақпаратты естігенде төбе шашымыз тік тұрды. Ең сорақысы, алаяқ медбикенің арбауына түскендердің барлығы көнекөз қариялар.
Еліміз ежелден ата-салтын ұлықтаған, дін мен дәстүрін ұмытпаған ақ жаулықты әжелеріміз бен көнекөз қарияларымызды отбасының берекесі, тәрбиешісі, ауылының ұйытқысы, күллі қазақ халқының сарқылмас қазынасы деп бағалаған. Бірақ, бүгінде кейбіреулер ұлттың ұлт болып қалыптасуына, жас ұрпақтың дұрыс тәлім алуына, асыл құндылықтарымызды сақтауға, қаймағы бұзылмаған қазақ жұртының ынтымақ пен береке бірлікте болуына себепкер, тәрбиенің негізі болған қарттарымызды алдап, сан соқтырып жүр. Зейнеткерлерді алдап, ақ халатқа дақ түсірген медбике «Қарты бар ел – қазыналы», – деген тәмсілді тура мағынасында ұққандай. Балпық би ауылының зейнеткерлерін алдап, тақырға отырғызған дәрігер бұрын да осындай заңсыздығымен істі болыпты. Сонда елді алдап жүрген алаяқты қайтадан жұмысқа кім алған? Әлде аурухана басшылығының істі болғандармен ісі жоқ па?!
Сотта 41 жастағы келіншектің алаяқтық жасағаны дәлелденіп, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, зардап шеккендердің материалдық шығынын өтеу міндеттелген. Алайда сот үкімі шықса да ауыл ақсақалдары несиені әлі күнге өздері төлеп отыр екен. Тақырға отырған қариялар «Қарызымызды кім жабады?» деп зар илеуде.
– Медбикенің біздің атымыздан ақшалай несие алғанын екі айдан кейін бір-ақ білдік. Сотқа шағымдандық. Шешім шықты. Бірақ, қарызды 4 ай болды өзіміз төлеп келеміз. Қарыздың кесірінен алған зейнетақымыз дәрі-дәрмекке жетпейді. Біздің өтінішіміз – несиені алған адам өзі жауып берсе екен, – дейді ауыл ақсақалы Мұхамеджан Қоңқышов.
Ауыл тұрғыны Мурия Қатыш: «Өзімізге қарап жүрген медбике болған соң құжаттарымызды сеніп тапсырдық. Бұлай істейді деп мүлдем ойламадық. Алданғандардың барлығы мүмкіндігі шектеулі, денсаулығы жоқ, үйден шыға алмайтын жандар. Енді несие төлеп дәрі де ала алмай отырмыз», – дейді.
Зейнетақысы дәрі-дәрмегінен аспайтын мүгедек қарттардың ендігі жағдайы не болмақ? Қартайған шағында қарыз жауып отырған зейнеткерлердің ісі бұлай қалмайды, сот органдары көмек береді деп ойлаймыз. Ақ халатты абзал жандар алаяқтық жасаса басқалардан не күтеміз. Дәрігердің мына ісін көргенде дана халқымыздан қалған обал, сауап, ұяттың қадірі қашып, намыс та бізден алыстап бара ма деп қала- мыз…
Айдар ҚАЛИЕВ