Елімізде АЭС салу жөнінде біршама уақыттан бері талқы жүруде. Сәулелі элементтен үрей көріп, қауіптілігін алға тартып жүрген отандастарымыз да бар. Бірақ, олар біраз жайдың астарына үңіліп отырған жоқ. Бір АЭС салып, Қазақстан энергиялық тапшылықты толықтай еңсеріп тастамайды. Атом электр стансысымен қатар баламалы энергия өндіруді де басты мақсат етеміз. Былай айтқанда, еліміздің болашағы АЭС-пен қатар жаңартылған энергия көздері симбиозына негізделмек.
Қоршаған ортаға орасан зияны бар көмір жағу арқылы энергия өндірудің осы саладағы теңгерімі 70 пайызды құрап отыр. Әлем органикалық заттарды жағудан әлдеқашан бас тартты. Айтқанымдай, 70 пайыз қазіргі әлемдік тұрмыста үлкен шама. Мұндай шамамен табиғатқа кәдімгідей зиянымызды тигіземіз. Ал, баламалы энергия көздерін пайдаланудың үлесін де бірден арттыра алмаймыз. Қазақстанда жаңартылатын энергияны игерудің өз технологиялық ерекшеліктері бар: олар күннің циклділігі, желдің жиілігі сынды жағдайлар. Жыл мезгілдерінің де жағдайы ескерілуі керек. Көп жағдайда бұл жолмен энергия өндіру желдің соғуы мен күннің шығуы және батуына тікелей байланысты. Алпауыт елдердің өзінде толықтай баламалы энергияны 100 пайыз қолға алып отырған жоқ. Сол дамыған елдердің өзінде басты жүктеме АЭС-ке артылады. Ал оның жұмысы ештеңеге тәуелді емес. Тиімділік жағын сараптар болсақ, жаңартылатын энергия көзін пайдалану диапазоны 20-40 пайыз аралығында болса, АЭС-тің тиімділігі 90 пайыздан жоғары. Қазіргі уақытта Қазақстанды энергия тапшылығынан АЭС қана құтқарады. Айтпақшы, мұндай тиімділік тіпті көмір генерациясында да жоқ.
Мына жайды да ескергеніміз жөн, біз өркениетті елміз. Қоршаған ортаның, табиғаттың қауіпсіздігін де назарда ұстауымыз қажет. Халықтың игілігі үшін маңайымызды бүлдіру, құрту тенденциясынан алыстауымыз керек. Оның үстіне еліміз көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы келісімге қосылды. 2060 жылға қарай еліміз көмірқышқыл газын шығаратын отынды жағудан бас тартуы міндетті. Қол қойылған келісім міндеттемені орындау арқылы әлемдік қауымдастық, болашақ ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігімізді жүзеге асырамыз.
Қазақстандағы АЭС салу кезіндегі пікірталастың негізгі аспектісі – энергия қауіпсіздігі. Қарсы тарап әдетте атом электр стансыларынан бас тартып жатқан Германияның тәжірибесін алға тартады. Бұл жалғыз һәм дәйекті мысал. Бұл елде жаңартылатын энергия көзін пайдалануды 60 пайызға жеткізді де АЭС-тен бас тартты. Дейтұрғанмен, көмір жағуды назардан шығарған жоқ. Мәселен, қыс мезгілінде энергия тұтыну көлемі артқан кезде көмір жағатын стансыларын іске қосады. Сонымен қатар, қазір Германия тапшылық туындағанда көрші елдерден энергия импорттайды. Франция мен Даниядан айтарлықтай көлемде электр энергиясын сатып алады. Жалпы Германия Еуропаның орталығында орналасқан және еуропалық нарықты қалыптастырушы. Осындай жағдайдан соң қажетін сатып ала алады. Ал, Қазақстанның көршілермен ортақ нарығы жоқ. Германия секілді қажетін сатып ала алмайды. Мынаны ұмытпауымыз керек, бізде алдын ала келіссөздерсіз сатып алу жүзеге аспайды. Аса үлкен көлемде қажеттілік туындағанда жарықсыз қалу ықтималдығы жоғары.
Жалпы, атом электр стансысын салу бір күнде туындаған жоқ. Пікірталас, сонау 90-шы жылдарда басталды. Әрине, бізде бұл тақырыпқа ерекше көзқараспен қарауға негіз бар. Өйткені біздің Семей полигоны – біздің үлкен қиыншылығымыз. Бірақ, жерүсті және жерасты жарылыстар мен ғылыми бағыттарды салыстырудың қажеті жоқ. Оның дәлелдерін мамандар дәйектеп көрсетті. Қазақстанға АЭС салудың уақыты әлдеқашан жетті.
Сергей АГАФОНОВ,
Қазақстан энергия
үнемдеу ұйымдары
қауымдастығының төрағасы





