Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас БЕКТЕНОВ Жетісу облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, аграрлық-өнеркәсіптік кешен, өңдеу өнеркәсібін және туризмді дамыту, экономикаға қосатын үлесін арттыру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Үкімет басшысына Үшарал қаласының әуежайын рекон-струкциялау нәтижесінде ірі әуе кемелерін қабылдай бастаған ұшу-қону жолағының жұмысы туралы баяндалды. Бүгінде Астана, Алматы, Талдықорған қалаларына рейстер ұйымдастырылады. Биыл әуе рейстерін субсидиялауға 653 млн. теңге бөлінді. Бұл құны 8-18 мың теңге болатын 20 мыңға жуық билетті сатуға мүмкіндік берді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Президенттің биылғы маусым айында туризмді дамыту бойынша өткен кеңесте берген шағын авиацияны дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында өткізу қабілеті сағатына 75 жолаушыны құрайтын Үш-арал қаласы әуежайының қосымша терминалы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын баяндады. Қазіргі инфрақұрылымды ескере отырып, нысандар сағатына 125 жолаушыға қызмет көрсететін болады. Жалпы, өткен жылы өңірге 2 млн. демалушы келген. 17 жаңа туризм нысаны іске қосылып, 3,5 млрд. теңге жеке инвестиция тартылған. Туризм саласын одан әрі дамыту үшін Үкімет басшысы инвестиция тарту және тиісті инфрақұрылым құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл өңірдің аграр-лық-өнеркәсіптік кешен саласын қаржыландыру көлемі ұлғайтылғанын атап өтті.
Шағын және орта бизнес несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды арттыруға 23 млрд. теңге қаражат аударылды. Осыған байланысты Ауылшаруашылығы министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, ауылшаруашылығы мен қайта өңдеу секторын дамытуға баса назар аудару тапсырылды.
Жалпы өңірлік өнім үлесі 11,2% құрайтын өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қолда бар өндірістік көрсеткіштерді кеңейту және толық қуатқа шығару жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған шаралар «Алацем», «Қайнар АКБ», «Алмаз Керамикс», «ASMA Indastrial», «SSА Feed Mills», «Майями Солар», «Суффле Қазақстан уыт зауыты», «Ақсу қант зауыты» ЖШС қамтиды. Сондай-ақ, бұған дейін тоқтап тұрған «Жетісу Мажико агрокешені» кәсіпорын іске қосу жұмыстары пысықталуда. Облыста 29 мыңнан астам адам жұмыс істейтін 554 өнеркәсіп кәсіпорны бар. Биыл 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, 58 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инвесторларды тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Экономикаға инвестиция тартудың негізгі факторы – инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданған шаралар.
Әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін жақсартудың оң динамикасы атап өтілді. Мәселен, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап күрделі жөндеу мен жаңасын салуды талап ететін әлеуметтік нысандар орта есеппен 50%-ға жаңартылды. Бұған қоса, жыл соңына дейін өңірде кемінде 349 мың м2 тұрғын үй салу жоспарда бар. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары үшін 866 пәтер сатып алуға 13,4 млрд. теңге қарастырылған.
Олжас Бектенов ҚХР шегарасындағы ауыстырып тиеу терминалдары мен кеден бекеттерінің тиімділігін арттыру жұмысын тексерді. Өңір экономикасының 7%-ын құрайтын көлік-логистика саласының дамуымен танысты. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша облыста автокөлікпен жүк тасымалдаудың жыл басындағы 55,7%-дан 6 айда 101,1%-ға дейін өсу үрдісі байқалады.
«Nur Zholy Customs Service» халықаралық көлік-логистика орталығының аумағында Үкімет басшысы Cross-Docking технологиясын қолдану арқылы көлік құралдарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесімен танысты.
Орталықтың жұмысы транзитті жеңілдету әрі жеделдету үшін жаңа технологияларды енгізу арқылы жүк айналымын арттыруға бағытталған. Бұл нысан экономиканы монополиядан арылту аясында мемлекетке қайтарылды. Биыл қаңтар айында орталық аумағында «Dostyk Customs Service» уақытша сақтау қоймасы ашылды. «Алакөл» автокөлік өткізу бекеті жүктерді тиімді әрі жылдам кедендік өңдеуге және өткізу қабілетін арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда орталықтың өткізу қабілеті тәулігіне 150-200 автокөлікті, қойманың орташа тәуліктік жүк айналымы 200-250 тоннаны құрайды. Жүк айналымының әлеуеті жылына 1,2 млн. тонна.
Достық кентінде түрлі табанды теміржолдармен жабдықталған «Dostyk TransTerminal» көпфункционалды жүктерді ауыстырып тиеу терминалы тексерілді. Үкімет басшысына 2021 жылдың 7 айында 66,2 мың жиырма футтық баламасы контейнері тиелсе, биыл осы кезеңде 101 мың контейнер қайта тиеліп, 35%-ға өскені баяндалды. Жалпы, биылғы болжам 180 мың ЖФБ контейнерін құрайды. «Dostyk TransTerminal» көпфункционалды жүктерді ауыстырып тиеу терминалының қосымша алаңын және 50 жұмыс орнын құра отырып, 3,2 млрд. теңгеге қуаттылығы жылына 160 мың ЖФБ контейнерін құрайтын мамандандырылған техника салу жобасын іске асыру жоспарланған.
Премьер-Министр «Алакөл» кеден бекетінің қызметімен, жүк көлік құралдарын тасымалдаудың қолданыстағы схемасымен және өткізу бекетін жаңғырту барысымен танысты. Жаңғырту шеңберінде жеке тұлғаларды, жүкті, тауарлар мен көлік құралдарын бақылау, сондай-ақ байланыс, деректер беру және алмасу технологиялары енгізілетін болады. Жалпы, өткізу қабілеті тәулігіне 200-250 жүк көлігінен 1000-ға дейін ұлғайтылады. Нысан биыл қыркүйек айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Өткен жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымы 30%-ға артып, $31,5 млрд.-қа жетті. Кедендік рәсімдерді жеңілдету Қазақ-станның өңірдегі негізгі транзиттік көлік дәлізі ретіндегі позициясын одан әрі нығайтуға серпін береді. Тиімділігі дәлелденген Cross-Docking сияқты заманауи цифрлық шешімдерді басқа өңірлерде де іске қосу керек екені атап өтілді.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану маңызды. Бізде Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабтарының біріне айналдыруға барлық жағдай жасалған. Біз Қазақстанның теңізге шыға алмайтынын жиі айтамыз, алайда Қытай біз үшін мұхит іспеттес. Осы бағытта күш-жігерімізді біріктіріп, тұтас транзиттік қозғалысты қамтамасыз етуіміз керек. Біз транзиттік дәлізді өте белсенді дамытып жатырмыз: Әзірбайжан, Грузиядағы әріптестерімізбен келісімдер бар. Әрі қарай да жұмыс істейміз. «Достық – Мойынты» теміржол қатынасын кеңейту дамуға жаңа серпін береді. Біз бизнесті кеңейтуге дайын екенін көріп отырмыз, әлі де қаражат салуға ниет етушілер бар. Мұның бәрі транзиттік жүк көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
* * *
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры құрылысының барысымен танысты.
«Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбырының жалпы ұзындығы 302,4 км. құрайды. Жоба аясында алты газ бұру құбыры мен автоматты газ тарату стансыларын салу көзделген. Газ құбырының өткізу мүмкіндігі жылына 385 млн. м3 газ. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов нысан «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының қолданыстағы бірыңғай жүйесінің құрамында пайдаланылатынын, құрылысты аяқтап, іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланып отырғанын баяндады.
Жаңа «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етеді. Құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан кейін облысты газдандыру деңгейі 90%-ға дейін өседі. Жалпы, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жатады. 37 елді мекен газбен қамтылып, 334 мың адам газға қол жеткізді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты газбен қамту деңгейі 60%-ды құрады.
– Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды инфрақұрылым жобаларын іске асыруға Үкімет ерекше мән береді. Экономика үшін басым жобаларды қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтерінің, ішкі капитал нарығының ресурстары мен қаражаты, тікелей шетелдік инвестициялар мен жеке капитал белсенді түрде тартылуда. «Сам-ұрық-Қазына» қаражаты есебінен 42 газбен қамту жобасын іске асыруға 10,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл жыл соңына дейін Жетісу облысындағы тағы 30 елді мекенді газбен жабдықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы жобаларды іске асыру кезінде тауарлар мен қызметтердегі қазақстандық қамтудың барынша жоғары үлесін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.
Энергетика министрлігіне және «QazaqGaz» ұлттық компаниясына, облыс әкімдігіне белгіленген мерзімдерді сақтай отырып, жобаларды сапалы іске асыру үшін барлық шараны уақытылы жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар жеке үйлерге газдың қосылуын бақылауды күшейту жүктелді.
* * *
Жетісу облысындағы жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорны – автомобиль аккумуляторларын шығаратын «Қайнар АКБ» зауытына барды.
Зауыт өнеркәсіп өндірісінің 33,6%-ын қамтамасыз ете отырып, Талдықорған қаласының экономикасында маңызды рөл атқарады. Өндірістік қуаты жылына 3,6 млн. дана. Жұмыс істейтін қызметкерлер саны – 1 мың 212 адам.
Премьер-Министрге кәсіпорында бұған дейін пайдаланылған аккумуляторларды экологиялық қауіпсіз түрде утилизациялау және батареяларды фракцияларға – металдандырылған қорғасын, паста, полипропиленге бөліп, қайта өңдеу технологияларын енгізу жөніндегі жобаны іске асыру туралы баяндалды. Бұл – құрамында қорғасын бар қосылыстардың қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілердің жұмысы мен оларды қолдаудың өңір мен ел экономикасы үшін маңызын атап өтті. Үкімет қазақстандық компанияларды қолдау, оның ішінде дайын өнімді ел ішінде және әлемдік нарықта өткізудегі кедергілерді жою жөнінде жүйелі шаралар қабылдауда. Өз кезегінде компаниялардың өздері өнім сапасын жақсартуды және технологиялық процестерді жетілдіруді жоспарлы түрде көрсетуі тиіс.
Жалпы, өңірде 554 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Оларда 29,1 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өңдеу секторының үлесі 75,8%-ды құрайды. 2022-2023 жылдар аралығында жалпы құны 62,4 млрд. теңгені құрайтын 43 салалық нысан пайдалануға берілді. Биыл тағы 16 жобаны, оның ішінде Сарқан ауданындағы ГЭС салу бойынша Baskan Power, Талдықорғанда аккумулятор батареяларын өндіретін Asma Industrial және басқа да жобаларды іске қосу жоспарланған.
* * *
Талдықорған қаласында ҚР Пре-мьер-Министрі ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуде жетістіктер көрсеткен «JLC Сүт» сүт өндіру кәсіпорнына барды. Сүт зауыты – ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын өңірдегі негізгі кәсіпорындардың бірі. «JLC Сүт» ЖШС цехының басшысы Әмина Арынбекова кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 25 мың тоннаға жететінін мәлімдеді. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 5,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Тәулігіне 80 тоннадан 90 тоннаға дейін сүт өңделіп, 62 өнім түрі шығарылады. Кәсіпорында 240 адам жұмыс істейді.
Мұнда Үкімет басшысына АӨК-тің 2024-2026 жылдарға арналған даму жоспарлары туралы баяндалды. Осы кезеңде жалпы құны 33,2 млрд. теңгені құрайтын 31 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның 13 жобасы биыл іске қосылады. Азық-түлік өнімдерінің көлемі 3,6%-ға, яғни 90 млрд. теңгеге дейін артады.
– Жетісу облысы аграрлы өңір болып саналады. Үкімет өңірдің АӨК-не қажетті қолдау көрсетіп келеді. Тек биылдың өзінде 34,9 млрд. теңге, оның ішінде 23,2 млрд. теңге субсидия бөлінді. Жалпы, «Ірі жобалар» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары аясында облысқа 9,8 млрд. теңге бөлінді. Осы бағдарламалардың іске асырылуын және мал шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу бойынша жаңа кәсіпорындар ашуды қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов. ҚР Премьер-Министрі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін ұлғайту қажет екенін атап өтті.